Кезекті сессиядағы келелі мәселелер
Аудандық мәслихаттың кезекті ХХІ сессиясы өтті. Сессияға депутаттардан бөлек аудан әкімі Берік Сәрменбаев, облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері мен мекеме, бөлім басшылары қатысты.
Сессияда Ержан Әжікенов жылдың бірінші жартыжылдығы қорытындыланғанын айтып, ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету ортақ міндет екенін жеткізді. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімі Б.Сәрменбаев аудандық мәслихат депутаттары алдында өзіне жүктелген міндеттері жөнінде есеп берді.
– Мемлекеттік бағдарламалар аясында ауданымызда жоспарланған ауқымды жұмыстар жүзеге асып, әлеуметтік-экономикалық даму бағытында тұрақты өсім сақталды. Жыл басында аудан бюджеті 11 млрд теңгеге бекітілсе, 6 айдың қорытындысымен 15,4 млрд теңгені құрады. Биыл есепті кезеңде аудан экономикасына тікелей ықпал ететін өнеркәсіп саласында оң динамика қалыптасып, өнеркәсіп өндірісі 51,5 пайызға ұлғайса, өңдеу өнеркәсібі 8,5 пайызға өсті. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында негізгі капиталға 37,9 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 66,5 пайызды құраса, 9500 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынып, құрылыс жұмыстарының көлемі 65,7 пайызға ұлғайды, – деп бастады аудан басшысы.
Б.Сәрменбаев ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту салалары бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.
– Негізінен, аудан аумағында жалпы ұзындығы 263,3 шақырымды құрайтын автомобиль жолдары бар. Есепті кезеңде аудан бойынша жол саласына қатысты 4 жобаға 888,6 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілді.
Атап айтқанда, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен республикалық бюджеттен бөлінген 641,6 млн теңгеге Қоғалыкөл ауылында 6 көше, С.Сейфуллин ауылында 6 көше және Қалжан ахун елді мекенінде 1 көше жөндеуден өтті. Ал жергілікті бюджеттен бөлінген 247 млн теңгеге Тереңөзек кентіндегі 7 көшенің алтауы аяқталып, 1 көше бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ауданда тозығы жеткен электр желілерін жаңарту жұмыстары да жүргізілуде. Шаған ауылын электр желілерімен жабдықтау жұмыстары аяқталып, қазіргі таңда тұрғын үйлерге электр желілерін қосу жұмыстары атқарылуда. Құны 485,9 млн теңгені құрайтын Қалжан ахун елді мекенін электрмен жабдықтау жобасы басталды. 2024 жылға құрылыс жұмыстарын бастауға республикалық бюджеттен 57,3 млн теңге бөлініп, жылдың 1 шілдесіне 18,3 млн теңгесі игерілді. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту күн тәртібінен түскен емес. Аудан тұрғындары орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Дегенмен, ауыз су жүйелерінің тозығы жетуіне байланысты қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Тереңөзек кентіндегі 10 көшенің және Шаған ауылындағы 3 көшенің су құбырлары жаңартылды. Аманкелді ауылындағы 3 көшенің су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Аманкелді, Қоғалыкөл, Шіркейлі және Н.Ілиясов елді мекендеріне 4 су мұнарасы жаңадан орнатылуда, – деген аудан әкімі ауданды табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 35 пайызды құрайтынын, Шаған ауылын газдандыру жұмыстары биыл басталатынын айтты.
Депутаттарға әлеуметтік сала, білім, мәдениет, спорт салаларында атқарылған жұмыстар да баяндалды. Аудан басшысы бірлесе атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде жоспарлы жұмыстар сапалы орындалып жатқанын айтып, алдағы уақытта да нақты жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Өз кезегінде аудандық мәслихат депутаттары Д.Ералиев пен М.Бисенов сөз сөйлеп, аудан әкімінің жұмысын оң бағалады.
Сессияның күн тәртібінде 2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджетке өзгерістер енгізу бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Е.Ахетов, аудандық мәслихаттың 2023 жылғы 4 қыркүйектегі №4 шешіміне өзгерістер енгізу жөнінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы М.Қаратаев баяндама жасады. Сондай-ақ ауданның 2024-2028 жылдарға арналған коммуналдық қалдықтарын басқару жөніндегі бағдарламасын аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Н.Омаров таныстырды. Депутаттардың ұсыныс-пікірі ескеріле отырып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша шешім қабылданды.
А.ИБРАГИМҰЛЫ