Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірін өнерімен өрнектеген

Өмірін өнерімен өрнектеген

«Мәдениет – мәңгілік, өнер – өміршең» деп бекер айтылмаса керек. Себебі мәдениет пен өнердің ел дамуы мен өсіп-өркендеуіне қосар үлесі шексіз. Қызығымен қоса қиындығы қатар жүретін бұл егіз ұғым – сан ғасырлар бойы мұра болып үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, байлығы, асыл қазынасы. «Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады» деген есті сөз бар.

Ұлттық сананың кемелденуі, ел мәдениеті мен өнерін өркендету жолында мәдениет саласы мамандарының, нақтырақ айтқанда мәдениет үйінің, ауылдық клуб және шығармашылық орталық қызметкерлерінің орны ерекше. Жүгі ауыр, жауапкершілігі мол салада қажырлы еңбек етіп, ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткізу жолында игілікті іс атқарып жүрген қызметкерлер қаншама. Ауданымыздың мәдениет саласы жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, өркендеп келеді деп айтуға толық негіз бар. Еліміздің мәдени мұрасы мен ұлт руханиятының даму жолында, аудан игілігі үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген жанның бірі – мәдениет саласының білікті маманы Гүлзира Райымбекова.
Өмірін өнерімен өрнектеген Гүлзира Жақыпбекқызы – Шаған ауылында дүниеге келген. Білікті маман өзі туып өскен Шағандағы №37 орта мектепте білім алып, 1989 жылы ойдағыдай тәмәмдайды. Өнер әлемінің өр тұлғасы бала кезінен-ақ өнерге бір табан жақын болған. Бес жасынан бастап ауыл сахнасында өнер көрсетіп, би билеген өнер иесі ауыл көркем өнерпаздарының «Жаңаша» ойын-сауық отауының барлық концерттерінде түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық биін билеп, сол кезден-ақ өнерімен көпшіліктің көзіне түсе білген. Ауданның мәдениет саласында жастардың шығармашылығын шыңдап жүрген ардақты ұстаз бүгінде ұл мен қыз тәрбиелеп отырған бақытты ана.

– Мектепті ойдағыдай бітірген соң облыстық «Алло, мы ищем талантов» атты өнер байқауына қатысып, сол байқаудан Шымкент қаласындағы қазіргі М.Әуезов атындағы универ­ситеттің хореография бөліміне қабыл­данып, оқуға түстім. Алайда ата-анам қарсы болған соң ауылға қайтып оралып, алғашқы еңбек жолымды 1989 жылы Шаған ауылдық ауруханасында медрегистратор болып бастаған болатынмын. Бала күнгі арманыма жетелеп 1990-1994 жылдары Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы Мемлекеттік университетінің музыка факультетінің жыраулар кафедрасында білім алдым. 1994 жылы №37 орта мектепте бастауыш сыныбында, одан бөлек Қызылорда қаласындағы №173 орта мектепте ән-күй сабағы­нан ұстаздық еттім. Қызығы мен шыжығы бірге жүретін жауапкершілігі мол салада қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеу – мен үшін үлкен мәртебе. Шәкірттерімнің жеткен жетістігі – жылдар бойы тынымсыз еңбегімнің нәтижесі деп білемін, – дейді кейіпкеріміз.

Ауыл мәдениетінің дамуы мен өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосып жүрген білікті маман 2002 жылы Шаған ауылында «Шаған-жер» агрофирмасына биші-хореограф болып орналасып, ең алғаш рет би үйірмесін ашып жеткіншектерге сабақ берген. Одан бөлек ауылдық мәдениет үйінде көркемдік жетекші маманы қызметін атқара жүріп, мәдениет үйі жанынан «Сыр гүлі» би үйірмесін ашып, шәкірт тәрбиелеген. Сол «Сыр гүлі» би үйірмесіндегі оқушылардың бойындағы би өнеріне деген құш­тарлығын, қызы­ғушы­лығын арттырып, үйірме оқушыларын жетелеп түрлі аудан­дық, облыстық, рес­публикалық, халық­ара­лық бай­қауларға апарған ұстаз, түрлі би түрлерін үйрете жүріп жан-жақты өнерге деген қызығушылығын арт­тырған. Өлке өне­рінде өзіндік өрнегі бар, жылдар бойғы еңбегімен аудан мәдениетінің мәйегіне айналған Гүл­бану Жақыпбек­қызының жеткен жеті­с­тік­тері жетерлік. Атап айт­қанда 2016 жылы ҚР Мә­дениет және спорт министр­лігінің бұй­­рығымен «Ха­лық­тық» және «Үл­гілі» атағы­ аяулы жан же­текшілік ете­тін іргелі ұжымға берілді. 2011 жы­лы ау­дан­дық мәдениет үйінің директоры Н.Көшер­баев­тың «Үздік көр­кемдік же­текші» дип­ломымен, ал 2015 жылы Ас­тана қаласында өткен халық­аралық «Ақ көгершін» байқауында жоғары нәтиже көрсетіп, «Үздік оқытушы» номинациясымен марапат­талған. Одан бөлек облыстық «Үздік үйірме жетекшісі-2016» атты үйірме жетекшілерінің кәсіби байқауынан жүлделі ІІ орынды және «Үздік би үйірмесі жетекшісі» номинациясын иеленген. Шәкірт тәрбиелеп, жылдар бойы тынымсыз қызмет еткен білікті маманның еңбегі бағаланып, 2022 жылы республикалық «Жеті Өнер» балалар шығармашылығы мен жасөспірімдер өнер орталығының Құрмет грамотасымен, «Үздік көш­басшы хореограф» төсбелгісімен марапат­талған. Бұл аталған жетіс­тіктер Гүлбану Райымбекованың жеткен жетістіктерінің тек бір бөлігі ғана десек болады.

– Осы уақытқа дейін Шаған ауылдық мәдениет үйінде көркемдік жетекші қызметін атқарып, ауыл ішіндегі барлық мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, оның сценарийін жазып, жүргізіп, ән айтып, халқымның ақ батасын алып келемін. Ауылымның халқының алдында басымды иемін, ризашылығым шексіз. Жаңаша ой, жаңа жаңалықтар іздеп, дәл солай болмаса да соған жақындау етіп түрлі форматта, түрлі аудиториямен заманауи үлгіде жұмыс жасағанды, сонымен қоса ең бірінші баламен, көпшілікпен жұмыс жасағанды жөн санаймын. Өмір бір уақытты ұстап тұра бермейді, адам болған соң алға талпыну керек, жақсы өмір сүруге, адал еңбектің нанын жеуге тырысу керек. Өмір болған соң түрлі сынақ, түрлі қиындықтар болатыны сөзсіз. Осындай бір келеңсіз кезеңдерді бастан кешірген кезде қасымнан табылып өз ақылын айтып, үлкен жол көрсетіп келген мәдениет саласының ардагері Күләш апайыма үлкен алғысымды білдіремін. Қазіргі уақытта осы үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап Қызылорда қаласындағы жақында аймақ басшының қолдауымен ашыл­ған облыстық филармониясының «Жыр елі Жыраулар үйінде» әдіскер болып қызмет атқарып келемін. Жаңа орта, жаңа қызметке ауыстым. Келгеніме аз ғана уақыт болса да, жаңа ортаға тез үйренісіп, жұмыс жасаудамын. Жаңа қызметтегі басшыларыма алғысым шексіз және осы уақытқа дейін 22 жыл бірге жұмыс жасаған Шаған ауылдық мәдениет үйінің басшысы Ербол Медет пен ұжымыма үлкен алғысымды айтамын, – дейді білікті маман.

Ұлттық сананың кемелденуі жолында мәдениет саласының маман­дарының қосатын үлесі орасан. Мұның барлығы – өнер адамдарының еселі еңбегі, жүйелі жұмысы. Өмір айнасы өнер болған соң, ол жарыққа шықпай тұра алмайтыны анық. Олай деуге себеп, мәдени шаралардың өзі – өмірдің бір бөлшегі және ұрпаққа берер тәрбие. Еліміздің бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан азаматтардың еңбегі әркез бағалы. Өңірлердегі мəдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі ұмытылмақ емес.

Алтынай Қайратқызы
04 мамыр 2024 ж. 110 0