Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мүмкіндігіңіз болса, донор болыңыз!

Мүмкіндігіңіз болса, донор болыңыз!

Өмірде адам түрлі жағдайға тап болады. Тіпті, аяқасты денсаулығы сыр беруі мүмкін немесе сыртқы факторлардың салдары адам өміріне қауіп тудырады. Міне, сондай жағдайларда жа­рақат алған адам көп қан жоғалтып, өмірімен күреседі. Осы шақта науқас адамға қан беріп, донор болу оған екінші өмірді сыйлайды. Десе де мұндай қадамға көбі бара бермейді.

Иә, донор болу үлкен жүректі, мейірбан көңілді қажет етеді. Өзгенің өмірі үшін күресу ісі – барлық ізгіліктің басында тұрған жақсы қасиет. Осындай ізгі қасиеттің арқасында бір адам екінші бір жанның өмір сүруіне септігін тигізіп жүр. Осы тұста, елімізде қан құю саласында 470-тен астам медициналық ұйым бар екенін айта кеткен жөн. Әр жыл сайын респуб­ликада 80 мыңға тарта науқасқа қан құйылады десек, оларға шамамен 400 мың қан құю жүргізіледі. Дегенмен кей уақытта түрлі жағдайларға тап болған науқасқа қан табу үлкен мәселеге айналып жататын кез кездеседі. Бұл жерде қан тобына байланысты мәселе де жоқ емес. Кей топтағы қанды табу мүмкіндігі болмай жататын сәттер де бар.

Негізінен, мамандар қан құю көбіне акушерлік тәжірибеде, онкогематологияда, хирургияда, травматологияда қолданылады дейді. Бұл саладағы ең ауыр жұмыстардың қатарына жатады. Сондықтан осыған айрықша мән беріліп, 2005 жылдан бастап 14 маусымда әлемнің барлық елдерінде «Дүниежүзілік донор күні» аталып өтіледі. Ондағы мақсат – медициналық ұйымдарды донорлық қанмен қамтамасыз ету мәселесіне қоғам назарын аудару, сондай-ақ қан донорларын құттықтау. Осы орайда, науқастарға демеу болу үшін күн сайын мыңдаған ерікті қан орталықтарында қан тапсыратынын айта кеткен жөн.

Жалпы, қан орталықтарында қан тапсыратын адам толық тексеруден өтеді. Донордың қанына зертханалық тексеру жүргізіледі. Басты талап донордың ауыр созылмалы аурулары болмауы керек және салмағы кемінде 50 келі болуға тиіс. Негізінде, кәмелеттік жастағы кез келген Қазақстан азаматы ерікті түрде қан тапсырып, көмек көрсете алады.

Ертең – әлем бойынша донор күні. Осы күні өзгелер үшін жанашырлық танытатын жандар қан орталықтарына арнайы барып, қан тапсырады. Осы игі істері арқылы мыңдаған науқастың ауруынан айығуына көмектеседі. Тиісінше, осы күні донорларға көпшілік алғыс айтып, ризашылықтарын білдіреді. Сондықтан мүмкіндігіңіз болса, донор болыңыз!

Ердос БЕРКІНБАЕВ
13 маусым 2023 ж. 166 0