Саламатты өмір – денсаулық кепілі
1948 жылы 7 сәуір күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрылды. Сол күннен бастап атаулы күнді дүниежүзінің осы ұйымға мүше елдері денсаулық күні ретінде атап өтеді.
Жыл сайын денсаулық күнін өткізу 1950 жылдан бастап дәстүрге айналды. Жалпы әрбір адам үнемі денсаулықты жақсартуға мән беріп, оның маңызы, аурудың алдын алу туралы білуі тиіс. Халық даналығындағы «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген сөздің мағынасы адам өміріндегі денсаулықтың қаншалықты маңызды екенін меңзесе керек.
Шын мәнінде адамның денсаулығы медицинаға байланысты емес екені дәлелденген. Нақтырақ айтқанда, денсаулық сақтау деңгейінің 8-10 пайызы ғана медициналық қызмет көрсетуіне қатысты екені анықталған. Яғни адамның денсаулығы саламатты өмір салтын ұстанумен, дұрыс тамақтану, әлеуметтік жағдайы және тұқым қуалаушылықтан қалыптасады.
– Елімізде денсаулық сақтау саласы күн сайын дамып келеді. Аудандық аурухана мен емхананың мүмкіндігі де артуда. Қажетті медициналық құрылғылармен қамтамасыз етуге, жеткілікті деңгейде дәрі-дәрмектің болуы мемлекет тарапынан үлкен мән берілуде. Тұрғындарды уақытылы медициналық тексеруден өткізуге мамандар ғана жауапты деген қате түсінік болмауы керек. Әрбір адам жылына бір рет флюорографиялық тексеруден өтіп, учаскелік дәрігердің қабылдауында болуға міндетті. Саламатты өмір салтын насихаттау, ана мен бала денсаулығы мемлекеттік деңгейде жүргізіледі. Дегенмен қазіргі уақытта халық арасында спорттың денсаулыққа әсері туралы көп айтылуда. Тұрақты түрде спортпен айналысу, дұрыс тамақтану пайдалы әрі ұзақ өмір сүрудің кепілі екенін маман ретінде айтқым келеді. Ойыңыз сергек, деніңіз сау болуы өмір салтыңызға, зиянды әдеттерден бойыңызды аулақ ұстауымен тығыз байланысты, – дейді аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Ж.Жұмабаева.
Соңғы жылдары әлемді дендеген пандемия салдары көп елді әбігерге салды. Қаншама адам аурудың құрбаны болды. Денсаулық сақтау саласының әлеуеті пандемиямен күресте қаншалықты екенін көрсетті. Жұқпалы індетпен күресте вакцинаның тиімділігі дәлелденді. Жаппай вакциналаудың арқасында дертті жеңуге мүмкін болды. Дегенмен медицина мамандары саламатты өмір салтын насихаттаумен қатар жергілікті емханаға келіп, тексеріліп тұрудың қаншалықты маңызды екенін айтады.
– Уақытылы жүргізілетін тексеру аса ауыр ауруды ерте кезде анықтауға және емдеуге көмектеседі. Мәселен, елімізде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жыл сайын профилактикалық тексеруге қаржы бөледі. Скринингтік тексеруді уақытында өту – белгілі бір жастағы адамдардың ауруын ерте сатыда анықтауға мүмкіндік беретін медициналық тексеру. Арнайы тексеру әдісімен емханада жүргізілетін скрининг әсіресе, қатерлі ісікті және тағы басқа аурудың болуын алдын алып, дерттің пайда болу ықтималдығын анықтайды. МӘМС бойынша көрсетілетін қарап-тексеру учаскелік дәрігердің қабылдауына барумен іске асады, – дейді учаскелік дәрігер А.Қозбағарова.
Дүниежүзілік денсаулық күні ақ халатты абзал жандар саламатты өмір салтын насихаттап, бұқара халықты спортпен шұғылдануға, уақытылы медициналық тексеруден өтуге шақырады.
Бибісара ЖАНӘЛІ