Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көшірілмеген не қалды?

Көшірілмеген не қалды?

Әркімнің-ақ ешкімде қайталанбас өзіндік тағдыры, өзіндік жолы болады. Сол сияқты өнер өлкесіндегі әр таланттың дара жолы болғаны жақсы. Десек те қазақ эстрадасында көшірме әндер жетерлік.

Бүгінгі таңда бұл тақырып күрделі мәселеге айналып тұр. Себебі қазіргі қазақ эстрадасының жай-күйі осы. Әдетте түрік, өзбек ұлттарының әні мен әуенін айна-қатесіз көшіріп алып, хит қылған әншілер бар. Оған басты себептің бірі делебені қоздыратын, той-жиында үлкен сұранысқа ие әуендердің болуы. Күнделікті естіп, санаңызда жатталып қалған әуендердің түпкі тамырын түгендей бастасаңыз, басым көпшілігі шетелдік әуен болып шыға келеді.

«Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдарманның құлағын кесері бар» демекші, бұл мәселе мәдениетімізді ақсатпаса игі. Онсыз да дәстүрлі әуендердің тыңдарманы азайған шақта көшірме өлеңдер руханиятымызға жасалған ауыр соққы болуда. Көбіне өзбек, румын, қырғыз, түрік, тәжік әндерінің әуені тойға икемді, әншілердің осы елдерден жаппай ән ұрлауының да себебі сол. Той бизнесі қарқын алып тұрған кезеңде жұлдыздардың көпшілік сұранысына ие әндерді шетелден тартуы да түсінікті.

Десек те көркем аударма деген болады. Аударма ән, аударма әуен бұрыннан да бар. Бірақ аударманы мұрнына өлеңнің иісі баратын, қара сөздің қаймағын қалқып ішетін жанашыр жандар жасаса игі. Сонда ерекше, тың дүние өмірге келер еді. Және шетелдің әуенін сол күйі көшірмей, қазақы нақышқа, дәстүрлі музыкаға икемдеген де орынды. Сонда ғана ән жаңаша кейіп алып, дәстүрлі өнерге де сатқындық жасалмаған болар еді. Қай елдің әні қай тілге аударылмасын, сол тілдің ұлттық ерекшеліктерін ескеріле аударылуы ләзім. Сөзі де, сазы да ұлттық менталитетке сәйкестендірілуі керек. Сол жағы ескерілмегендіктен, талғам төмендеп барады. Ал өнер – ұлттың руханияты, ғасырдан ғасырға мұра болар қазынасы болғандықтан, бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды.

Бұрын есті әндер көп еді, қазір еліктеушілік көп. Көпшіліктің сұранысы да осы болып барады. Себебі қазір ойланғысы келмейтін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Адамдар жеңіл-желпі нәрсеге құмар. Селкілдеген, сөзі мәнсіз әуен де адам ойына ауырлық келтірмейді, тек бір сәт сергітуі мүмкін. Ал әншінің мақсаты – танымал болу, табыс табу. Аудармада да талғам әлсіреп, биік талап төмендеді. Абайдың Пушкин мен Лермонтовты аударғаны есіңізде ме? Қандай иә?! Түпнұсқадан артық болмаса, кем емес. Секіріп билеуге, құр даңғазаға толы әндер халықтың жанын, руханиятын улауда. Бұл – өте қауіпті.

Бір қарағанда қарапайым әрі үйреншікті жағдай сияқты, дегенмен қозғалған тақырыптың қасірет жағы да жоқ емес. Бұл ән ұрлап, атақ алған әншілер ғана емес, көпті тәнті етерлік әуен жазбаған қазіргі композиторларға да сын. Көшірме ән, құр даңғазаның мән-мағынасына, деңгейіне, ұлт руханиятына зиянына назар қойып жатқандар жоқтың қасы.

«Өнер ұлтқа бөлінбейді» деуіңіз мүмкін. Десек те кейбір мәнсіз, мағынасыз даңғазаға қарап, ұлтқа бейімдеген құп-ау дерсіз. Кейбір әнсымақты өнер туындысы деуге аузың бармайды. Есесіне, ондай әнді әншісымақ орындауға, халық қошеметтеуге ұялмайды. Шынтуайтына келгенде, көпшілік сұранысына ие эстрада жанры ұрпақ тәрбиесіне қатты әсер етеді. Ән – ұлттың рухын көтеретін күш болғандықтан, бұл мәселеге немқұрайлы қарау жөн емес.

Сонымен қатар, фонограммамен ән айту да – үлкен мәселе. Жанды дауыс жан жадыратады десек, алдын ала жазылып, өңделген дауыстағы ән халықтың шөлін қандыра алмайды. «Қисық арба жол бұзады» дейді халық даналығы. Халықтың сонау ғасырлардан мәдени мұрасына айналған өнер саф алтындай таза болуы керек. «Әу демейтін қазақ жоқ» дейді, ал біздіңше нағыз өнер ол шынайы болуы керек. «Ән көңілдің ажары». Әнмен бірге сәніңнің жарасары сөзсіз. Тек нағыз жанды дауыстағы, ұлттық нақыштағы ән шөліркеген көңілді сусындатып, көңілдің құрыс-тырысын жазатындай.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

27 шілде 2024 ж. 118 0