Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Есті ән естіп жүрміз бе?

Есті ән естіп жүрміз бе?

Музыка саласы талай жылдан бері қарқынын тоқтатпай, қанатын жайып келеді. Қазақ ән өнері дегенде ең алдымен есімізге «Ва­льс королі» атанған Шәмші Қалдаяқов, Францияны аузына қаратқан Әміре Қашаубаев, дархан даланың сырын әнімен шерткен Құрманғазы, Жаяу-Мұса, Ақансері сияқты әнші-жыршыларымыз түседі емес пе?! Осынша талантты топырағынан түлеткен қазақ ән өнерінің қазіргі күйі сын көтермеуінің себебі неде?

Бай әуен мен астарлы, мағыналы сөз үйлессе, құлақтан кіріп бойды алады. «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деп жазады орыс ғалымы Потанин. Қазақ әнінің өзінің тиісті мәртебесі бар. Ән қасиетін ұға білген дұрыс. «Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен, Өмір сәуле көрсетер судай тұнық» деп Абай атамыз айтқандай, қазақ сахнасын табиғатымызға жат әндер емес, алтындай саф әндер тербеуі қандай жарасымды.

Бүгінде ауқымды мәселеге айналған тақырып турасын ортаға салып, ойланып көрдік пе? Әрине, елімізде бетке ұстар, әні мен сәні жарасқан әншілер жоқ емес. Әлемге әйгілі Димаш пен жастар арасында аса танымалдыққа ие болған көптеген бәйгенің жүлдегері Данэлия Тулешова бұған айқын дәлел. Дегенмен, бұл өнерпаздар көбіне өзіндік репертуармен емес, дайын әнге ковер жасап талайды таңдандырып жүр. Ал менің талқыламақ тақырыбым креативті идеяның жетіс­пеушілігі мен таланттардың бағаланбауы, әнші сымақтардың көбеюі жөнінде.

Қазіргі қазақ музыкасы дегенде
ауыз толтырып айтатын әншілер санаулы. Сахнаны сән алаңына айналдырып, арзан атақ қуалап жүргендер де бар екені жасырын емес. Ортаңғы буын үшін позитивті той әндері ауқымды болса, жасөспірім буын үшін көбіне батыстық әншілердің немесе кәріс топтарының туындылары қызығырақ. Әрине, зайырлы мемлекетте өмір сүріп, қандай да бір ән тыңдауға қарсылық көрсету қате болар. Алайда, ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді де ұмыт қалдыруға болмайды.

Біздегі көп әншінің композиция­сы ақша табу мақсатында жазылған той әндеріне толы. Бұл өз кезегінде саны бар, сапасы жоқ деген сөзді айтқызып, статистиканы төмен тартып тұратыны және бар. Сіз бен бізге мәлім, бүгінгінің жастары үшін музыка индустрияда мәтінге аса назар аударылады. Құр даңғаза, мәні мен мағынасы жоқ әндер де көп. Жастар жасөспірімдік сәттегі стресс пен бойдағы негативті эмоцияны жеңу үшін мейлінше лоу-фай, хип-хоп, инди секілді жанрларды тыңдағанды жөн көреді. Заманның ағымына қарай талпынғанның айыбы жоқ. Сондықтан «батыстың провокациясы ұлтымызға жат қылық» деп тырнақ астынан кір іздеу де орынсыз. Біздіңше, батыстың алып келген бағытын жөнді пайдалана отырып, мемлекеттік культ жасау қажет. Қазіргі таңда қазақы нақыштағы ұлттық киімдер, тұрмыстық заттар жаңа заман талабына сай өңделіп, қайта қолданысқа енуде. Осы ретте сырттан келген дүниеге бас ұрмай, оны өз менталитетімізге лайықтап қолданған жөн болар.

Әннің жаманы жоқ. Бірақ, естісі мен есері бары рас. Әркім өз талғамына сай ұнаған әнін тыңдауға құқылы. Дегенмен, өнер – үлкен мәдениет, келешектің нышаны. Бүтіндей ұлтты тәрбиелеудегі киелі музыканың алар орны ерекше. Сондықтан жаңашылдыққа үрке қараудың реті жоқ. «Елу жылда ел жаңа» деген. Бірақ жо­ғарыда айтқанымыздай жаңаны да жанымызға лайықтап алсақ, жөні сол. Әйтпесе, құр даңғаза рухани азық болмасы анық.

Назым ӘБІЛХАЙ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
журналистика факультетінің
1-курс студенті

06 маусым 2023 ж. 415 0