Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Іңкәрдариядағы білім шаңырағы

Іңкәрдариядағы білім шаңырағы

Тереңөзектен шалғайда жатқан Іңкәрдария ауылындағы №191 орта мектебі 1964 жылы құрылған. Міне, осы жылдар ішінде ауыл мектебін көптеген мектеп түлектері бітіріп, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқаруда. Оның ішінде, профессорлар, ғылым кандидаттары, мұғалімдер, дәрігерлер, журналистер, экономистер және де ауылшаруашылығында жұмыс істейтін мамандар да бар.

Ауылдағы білім ошағы 1990 жылы 624 орындық қос қабатты ғимарат болып қайта салынғанда ел-жұрттың қуанышында шек болмады. Жаңа типті оқу орнының талабы мен сұранысына сай білім ордасында оқу-тәрбие үрдісін ізгілендіру жолында игі жұмыстар атқарылып келеді.

– Мектеп – ғылым ғимараты. Сондықтан мектептегі тәртіп мүлтіксіз орындалуы тиіс. Мектептегі басты принциптердің бірі – балаларды оқуға қызықтыра отырып білім беру. Мектеп те – мешіт секілді қасиетті орын. 2023-2024 оқу жылын 185 оқушы аяқтады. 50 оқушы оқу озаты, 48 оқушы оқу екпіндісі болды. Бұл оқушылардың білім сапасының 67 пайызын көрсетті. Мектепте 16 кабинет жұмыс жасайды. 42 компьютер бар, 2 компьютер интернет желісіне қосылған. Оқушыларға 38 мұғалім дәріс береді. Оның 35-і жоғары білімді, 3-і арнаулы орта білімді. Бірқатар пән электронды оқулықпен оқытылады.

Жыл сайынғы оқушылардың білімін сарапқа салатын Ұлттық бірыңғай тестілеу Қазақстан Республикасында қолданылатын мектеп бітірушілердің білімін сынау жүйесі. ҰБТ-ның нәтижесі жалпы және орта білім ұйымдары бойынша мемлекеттік аттестацияның қорытындысы ретінде есептеледі. Жыл сайын ҰБТ-ға қатысқан оқушының барлығы да грант иегері атанып жүр.

Биылғы оқу жылында орта мектепті 8 оқушы аяқтады. Осы оқу жылында 11 сынып оқушылары Әйгерім Дайрабайқызы «Алтын белгі», Әсемай Бекет «Үздік аттестат» иеленсе, негізгі мектепті бітіруші Шұғыла Әбдіразақ, Жайна Кәдірқызы, Айтолқын Темірбай, Аяулым Іңкәрбекқызы «Үздік аттестат» иегерлері атанды. Республикалық «Дарын», «Зерде» ғылыми жобалар сайыстарына оқушыларымыз белсене атсалысып келеді. Биылғы оқу жылында 10 оқушымыз қатысып, оның үшеуі аудандық кезеңде жүлделі орындармен марапатталды. Оқушыларды іскер­лікке, еңбекке, төзімділікке үй­ре­ту мақсатында қолөнер, шахмат, волейбол, футбол, ән-хор, домбыра үйірмелері жұмыс жасайды, – дейді мектеп директорының міндетін атқару­шы Елена Сейдахметова.

Елена Сейдахметованың айтуынша, қазіргі жаңа технологияға байланысты жаңартылған білім мазмұны бойынша 33 педагог, яғни 84,6% білімдерін жетілдірген. Деңгейлік курстан барлығы 6 педагог білім жетілдірсе, олардың 2-еуі І (ілгері) деңгей, 4-еуі ІІІ (базалық) деңгей бойынша бітірді. Тілдік курстан 1 педагог өткен. Химия және биология пәнінің мұғалімі Әйгерім Жәлімбетова В2, С1 деңгейі бойынша аяқтаған. Қысқа мерзімді түрлі тақырыптағы жаңа технологияға байланысты, критериалды бағалау, инклюзивті білім беру, жекелеген пән бойынша да кезекпен жылда 20-25 педагог білім жетілдіріп отырады. Мектепте 4 жас маман бар. 2-еуі жоғары, 2-еуі арнаулы орта білімді.

2023-2024 оқу жылы бойынша «Жаңа жыл – жаңа қадам, жаңа бағыт» акциясы өтіп, әлеуметтік қолдауды қажет ететін көмекке мұқтаж және мектеп оқушыларына жаңа жылдық сыйлық беру мақсатында «Ақ­жарма және К» ЖШС төрағасы Қайрат Нұрсейітов, «Думан» сауда үйінің директоры Мей­рамбек Қонақбаев, «Ақжарма 1» ЖШС төрағасы Марат Бисенов, «Биали спорт» компаниясының директоры Асхат Шаукенбаев, ауыл кәсіпкерлері Салтанат Несіпбаева, Ақгүл Сәрсенбаева оқу құралдарымен қамтамасыз еткен.

– Мектептің 4 оқушысы үйден оқы­тылады. Оларға мектеп мұғалім­дері үйлеріне барып білім береді. «Қара­қасқа» елді мекенінен, №42 бекеттен 10 оқушы тасымалданады.

Мектеп жанынан 2009 жылы «Еркетай» шағын орталығы ашылған бола­тын. Онда 2 топта 40 бала тәрбие­ленуде. Ел ертеңі – жас ұрпақты саналы тәрбие, сапалы білім берген мектеп ұжымы тағы бір оқу жылын табысты аяқтап, жаңа оқу жылына дайындықты бастап кетті, – дейді Елена Сейдахметова.

Соңғы оқу жылдарында мектеп оқушылары саламатты өмір салтын ұстану мақсатында спорттық үйірме­лерге қатысып, түрлі сайыста жүлделі орын иеленуде.

Мәселен, «Бесасық» ұлттық ойын түрінен мектеп командасы ауданның алды болып, облыстық сайысқа қатысып, жақсы нәтижеге жетті. Шағын футболдан аудандық, облыс­тық жарыста бірінші орын иеленіп, республикалық сайысқа қатысты. Сонымен қатар волейболдан мектеп спортшылары ауданда үздік шығып, облыстық сайысқа жолдама алды. Жас спортшылардың арасында қол күрестен ауданда жоғары нәтижеге жеткен шәкірттер мектеп, ауыл мақтаныштары. Үйірме жетекшісі – Іңкәрбек Аяпов, Саят Байманов, Медет Төкенов оқушыларды спортқа баулып, жетістіктерге жетуде.

«Мектеп театры» жобасымен «Шам­шырақ» мектеп театрының мүше­­­лері сахна қойылымын шебер орындауға үйренуде. Үйір­ме мүше­лері түрлі сахналық қойы­лым­дармен бай­қау­ларға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алды. Театр жұмы­сының жандануына ата-ана­лар тарапынан қолдау көрсетілуі де үлкен жетістік екенін айту керек.

Бибісара Жанәлі
23 шілде 2024 ж. 183 0