Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Табиғаттың өзі емші

Табиғаттың өзі емші

Ежелден қазақ халқы өсімдіктердің емдік қасиетін біліп, олардың тамырынан, жемісінен түрлі ауруға шипа боларлық ем тапқан. Қазіргі заманғы медицина емдік шөптердің қандай да бір түрін дертке дауа болатынын зерттеген. Әсіресе аурудың алдын алуда, қан тоқтатуда пайдаланатын дәрілік өсімдіктердің сан алуан түрін халық медицинасында емшілер көп қолданған. Мәселен, қарапайым жусан мен адыраспанның емдік қасиетін білмейтін жан кемде кем. Оларды дәріханаларда дәрі дайындауда пайдалану кең етек алған.

Жалбыз туралы айтсақ, оның хош иісі ерекше. Жалбыздың жапырағында кәдімгі ментол бар болғандықтан антисептикалық зат түрінде сұйық дәрілерге, тіс тазалайтын ұнтақтардың құрамына қосады. Жалбызды әдетте емшілер жүрек және өт жолдарын емдуге қолданады.

Жусанның емдік қасиеті тіпті керемет. Оның иісі көңіліңізді сергітеді, ұйқысыздыққа ұшырасаңыз жастығыңыздың астына қойсаңыз тез ұықтауға көмегі зор. Сонымен қатар жүйкеңізді тыныштандырып, бөлме ауасын тазартады. Соңғы жылдары отандық дәрігерлер өт, асқазан және тері ауруларына ем екенін дәлелдеген. Қасиетті өсімдік мал үшін де құнарлы азық, дәруменге бай өсімдік.

Ерте көктемде гүлдейтін бақбақ гүлін «сарғалдақ» деп те атайды. Оны күшті дәрі ретінде қант диабетіне қарсы қолдануға болады. Бақбақтың тамырын күнделікті шайдың орнына демдеп ішу арқылы аталған дерттен айығуға пайдасы зор. Сонымен қатар бұл өсімдік қатерлі ісіктен де жазылуға көмектеседі. Әрине ол үшін бақбақтың жапырағына басқа да емдік шөптерді қосып әзірлейді. Бақбақтың тамырын көктем-жаз айларында жинап қойып, оны дұрыс пайдалансаңыз бүйректің созылмалы дертінен және жүрек ауруынан айығуға көмегі мол. Косметологияда да бет терісін ағартуға таптырмас өсімдік. Ал диетологтар бақбақ жапырағын бұқтырып қойып, аздаған жұтыммен ішу арқылы салмақ тастауға болатынын айтады. Бұл өсімдіктен шығатын сүтті секпілге, сүйелге қарсы қолданып, улы жәндіктер шаққанда көмектесетін емдік қасиеті бар екенін біліп жүргеніңіз артық етпейді.

Қасиетті адыраспанды халқымыз әдетте үйдің ішін залалсыздандыруға пайдаланады. Оның бұл қасиеті, яғни түтіні бас ауруын емдеуге пайдалы. Қайнатылған тұнбасы суық тигенде, тер шығаруға, несепті жүргізуге, жүйке жүйесі және ұстамасы бар науқастарға ем болып саналады. Зығырмен қосылған адыраспан демікпеге шалдыққандарға таптырмас ем болса, бұрышпен араластырып қолданса, қотырды жазатын қасиеті де бар. Асқазан ауруынан мыңжапырақпен, киікотымен, шөпшай гүлімен қосып қайнатып ішсе, айығуға болады.

Б.ЖАНӘЛІ
20 шілде 2024 ж. 135 0