Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік қызметшілер бақ сынады

Мемлекеттік қызметшілер бақ сынады

Аудандық мәдениет үйінде Сырдария ауданы әкімдігі және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бірлесе ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметшілер арасында «Дәстүрден тағылым» атты байқау өтті.

Байқауға Қазақстан Рес­публикасы мем­ле­кеттік қызмет істері агент­тігі Қызылорда облысы бойын­ша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлеген Мендалиев, Сырдария ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұржан Ешниязов, аудандық мәслихат депутаты, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы және аудандық мәдениет және тілдер­ді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева қатысып, төрелік етті.

Ауданға ат басын тіреген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөнін­дегі кеңес төрағасы Е.Мендалиев ең алдымен аудан тұрғындарымен жеке қабылдау өткізген болатын. Қабылдау барысында азаматтардың мемлекеттік қызмет, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау бағыты бойын­ша сауалдарына тиісті жауаптар беріліп, консультациялық көмектер көрсетілді.

Байқау мемлекеттік қызмет­шілердің кәсібилігін, адамгершілігін және қоғамдық жауапкершілігін нығайту, олардың қоғам алдындағы тиім­ділігі мен беделін арттыру, отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттау, мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастыру мақсатында ұйым­дастырылды. Аталған байқауға Сырдария ауданы әкімі аппаратының бас маманы Думан Бекмағанбетов, Айдарлы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ережеп Есенкелді, Аманкелді ауылдық округі әкімі аппа­ра­тының жетекші маманы Мейрхан Ишанбек және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Мейрхан Бахытжанұлы қатысып, төрт кезең бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Талапкерлер бірінші кезең бойынша өздерін таныстырса, екінші «Қазақ халқының дәстүрлері» кезеңінде жалпы ұзақтығы 5 минуттан аспайтын ұлттық салт-дәстүрлерден көрініс көрсетті. Үшінші «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» кезеңі бойынша қатысушы талапкерлер көмекшісінің айтуы бойынша арнайы суреттер арқылы жасырылған рубик текшелерден берілген сурет­терді құрастырып, шапшаңдық арқы­лы сынға түсті. Конкурстың соңғы «Өнер – өшпес өнеге» кезеңі бойынша талапкерлер өз өнерлерін көрсетті. Дәстүр құндылықтарын жаңғырту және мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптасыруға бағытталған байқау өте тартысты әрі қызықты өтті. Әр қатысушы өз өнерлерімен, ерекше дайындығымен дараланды. Тағылымы мол кеш аудандық мәде­ниет үйі өнерпаздарының арнайы әншашуымен жалғасты.

Қазылар алқасының шешімімен байқау нәтижесі бойынша Айдарлы ауылынан қатысқан Ережеп Есенкелді байқаудың жеңімпазы атанып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Тереңөзек кентінен қатысқан Думан Бекмағанбетов «Үздік киім үлгісі», Аманкелді ауылынан Мейрхан Ишанбек «Өнерлі мемлекеттік қызметші» және Тереңөзек кентінен Мейірхан Бахытжанұлы «Ұлт жанашыры» номинацияларымен марапатталып, барлық талапкерге арнайы диплом және бағалы сыйлықтар табысталды.

Алтынай ЖҮНІСОВА
13 шілде 2024 ж. 132 0