Көпшілік көңілінен шыққан кеш
Өткен аптада Тереңөзек кентіне қарасты «Майжарма» су арнасының бойында керемет кеш өтті. Анығын айтқанда, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің негіз болуымен «6 шілде – Қазақстан Республикасының Астана күні» және «Ұлттық домбыра күні» мерекесі аясында «Өлке болып оқимыз» жобасы аясында ақын Әбіраш Жәмішовтің шығармашылығына арналған «Сөз теңізден маржан сүйген» атты позия кеші ұйымдастырылды.
Тағылымы мол кеш барысында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева көпшілікті қос мерекемен құттықтады.
– Құрметті аудан тұрғындары, ардақты ардагерлер, кітапхана оқырмандары Сіздерді «6 шілде – Қазақстан Республикасының Астана күні» және «Ұлттық домбыра күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Біздің елордамызға биыл – жиырма алты жыл. Тарих толқынына көз жүгіртсек, жиырма алты жылдың арғы жағында талай тарих жатыр. Сарыарқа төсінде қарқынды құрылыс дүмпуімен бой көтерген жас шаһар халықаралық озық қалалардың үлгісімен үздіксіз дамып келеді. Қазақтың жаны мен рухы ортақ сабақтасқан домбыраның құлақтан үні кетпестей. Қашанда қазақтың ұлттық аспабына сый-құрмет бәсеңдемесі анық. Ғасырлар бойы ұлт мәдениетінің дәстүрлі музыкасын дамыта түскен қос ішекті домбыраның қадір-қасиетін ерекше сезінген дұрыс. Сол себепті, жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде ұлттық домбыра күні аталып өтіледі. Мән-мағынасы терең мерекеде музыкалық аспаптың мәртебесін жоғарылату күн тәртібінен түспейді.
Қос мереке аясында «Өлке болып оқимыз» жобасы негізінде ақын Әбіраш Жәмішовтің шығармашылығына арналған «Сөз теңізден маржан сүйген» атты позия кешіне жиналып отырмыз. Қашанда оқырман жүрегінен жол тапқан Әбіраш Жәмішовтің шығармашылығын көпшілікке кеңінен насихаттай береміз. Бірлігі бекем, тірлігі көркем Шіркейлі ауылынан түлеп ұшқан ақын, публицист, аудармашы Әбіраш Жәмішов барша Сыр жұртшылығына ортақ тұлға деп білемін, – деді Анар Сраждинқызы.
Өз кезегінде аудан тұрғындары жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалап, кітап көрмесіне қанықты. Сонымен қатар ақын Әбірәш Жәмішовтің шығармашылығын аудандық кітапханалар жүйесі мен балалар кітапханасының ұжымы кеңінен насихаттады. Бұл ретте, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, мәдениет саласының майталманы Жантемір Айсин кеш жөнінде пікір білдірді.
Ерекше мазмұнға ие кеште аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Қаламы жүйрік қаламгерлер» сұхбат сағаты жобасы негізінде кітапхана оқырмандары, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Шаһарбек Нұрсейіт пен аудармашы, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Бақтияр Мырзашпен емен-жарқын әңгіме өрбіді. Кітапхана қызметкерлері жиналған жұртшылықа театрландырылған қойылым ұсынды. Балалар жырдан шашу шашты. Әдеби лото кезінде кітап оқырмандары сұрақтарға жауап беріп, сыйлық ұтып алды.
Бірнеше жергілікті кәсіпкер өз өнімін көпшілікке жарнамаласа, қолөнер шеберлері ерекше туындыларын таныстырды. Ал жастар мен жасамысқа керемет көңіл сыйлаған поэзия кеші караокеде ән шырқаумен аяқталды.
«Тт» ақпарат