Ісмерлік – ерекше өнер

Он саусағынан өнер тамған Жәмила Пірмаханова ауылдық мәдениет үйі жанындағы үйірмені 3 жылдан бері жүргізу үстінде. Қазіргі уақытта 20 оқушыға тәлім беріп, күрделі жанрдың қыр-сырын үйретуде. Саусағын біріктіріп, инесін іліктіре білген жекелеген қолөнер шеберінің керемет туынды жасап шығаруға талпынысы жоғары. Ерекше үйлесім тапқан моншақ тасты өрнектеуге асқан ыждағаттылық қажет. Себебі, шебер біткен моншақты мұқият, тәртіппен орналастырады. Сондықтан бұл жанр өте күрделі саналады.
– Біз үйірмеге баланы 2 сыныптан бастап қабылдаймыз. Үйірме аптасына 2 мәрте жүргізіледі. Сабақ барысында оқушыларыма үйлесімді, адам көркін ашатын туынды жасауды үйретемін. Әрине, баламен жұмыс жасауда қауіпсіздікке көңіл бөлеміз. Қыз баласы әсемдікті жақсы көреді. Олар өздерінің қиялына ерік беріп, керемет, мән-мағынасы зор бұйым өрнектеуге барын салады, – дейді үйірме жетекшісі.
Білікті маман Жәмила Пірмаханова осыдан 44 жыл бұрын Аманкелді кеншарында дүниеге келген. Осы күні өзі оқыған білімнің қарашаңырағында оқушыға сабақ береді. Ол – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Кәсіптік білім бағдар» мамандығын меңгереді. Шын мәнінде, аяулы ұстаз 22 жылдық еңбек өтілінде №42 Қуаныш Баймағамбетов атындағы мектеп-лицейде абыройлы қызмет етуде. Отбасында арқасүйер азаматы мен 5 перзентінің бабын табуда.
– Қашанда халық баласын өнерге баулу, кез келген талантқа бағыт-бағдар беру – тікелей міндетіміз. Бүгінде Жәмила Жамбылбайқызы ауылдағы өскелең ұрпақтың қабілетін жоғары деңгейде шыңдауда. Қөлөнер шеберінің шығармашылық байқауында топ жара білген барлық өнерпазбен мақтанамыз. Алдағы уақытта ісмер, қолөнерге майталмандары ауылымыздан шығатынына сенеміз. Әріптесімнің жұмысына жоғары табыс тілеймін, – деді Аманкелді ауылдық мәндеиет үйінің директоры Гүлайна Нартайқызы.
Балтабай ОРДАБЕКОВ