Сүйікті ісі мен жұмысын бір арнаға тоғыстырған қолөнер шебері
Ұлттық қолөнер – ата-бабамыздан мирас болып қалған мәдени мұраның ең құнды байлығы, халық қазынасы, ұлттық құндылығы, салт-дәстүрімен біте қайнасқан байырғы дәстүрлі өнері. Қоғалыкөл ауылының тұрғыны Ләззат Ержанқызы дәстүрлі өнерді жанына серік еткен, он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері. Ісмердің өзінің негізгі мамандығы мен жұмысы да осы қолөнермен тығыз байланысты.
Кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – мұғалім. 2009 жылдан бері Қоғалыкөл ауылының №44 орта мектебінде технология пәні мұғалімі болып жұмыс істеп, шәкірт тәрбиелеп келеді. Ол – көпбалалы отбасынан шыққан, Бесарық ауылының тумасы. Қазіргі таңда өзі де көпбалалы ана атанып отырған күміс алқа иесі. Ләззатқа қолөнер ата-анасынан берілген дарын. Себебі ата-анасы мен бірге өскен бауырлары да тігін өнерінен алыс емес. Бүгінде оқушыларына дәстүрлі қолөнердің қыр-сырын үйретіп жүрген аяулы ұстаз.
Ата-анам кішкентайымыздан қолөнерге баулып өсірді. Жоқтан бар жасап, бір-бірімізге көмектесуге үйретті. Отбасымызда 9 қыз, 1 ұл. Барлығымыз да тігін өнерін жақсы көреміз. Арамыздағы жалғыз ұл – інім де тігінші. Інім тіпті өзінің автокөлігінің орындығына, рульдеріне дейін өзі қалағанындай етіп матадан, былғарыдан қап тігіп алады. 2000 жылы Қоғалыкөл ауылына келін болдым. Алғашында келін болып түскен кезде бос уақытымда енемнің аяқ машинасымен кішкентай құрақ көрпешелер құрап жүрдім. Үйдегі әр бөлмеге булық тіктім. Көршілеріміз үйге келгенде көріп ұнатып, сатуымды өтініп, булық тігіп сатқанмын. Сонымен қоса үйдегі газ баллон таза әрі әдемі болып тұрсын деп әдемі жапқыш тігіп алдым. Оны да көргендер ұнатып, тапсырыс беріп, баллон жапқыш тігіп саттым. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» демекші, анамыз қасымызда әрқашан батасын беріп, тілеуімізді тілеп, жұмысымызды қолдап отырады, – дейді Ләззат Ержанқызы.
Ісмер өзін кәсіпкер санамайды. Хобби ретінде өзіне керегін арнайы тігіп алатын көрінеді. Сосын көпшілік ұнатып, дәл осындай болсын деп тапсырып береді екен. Өзінің жұмысына байланысты көп тапсырыс ала бермейді.
Кәсіпкер емеспін дейтінім, маған тапсырыс келсе, бірден қабылдай алмаймын. Себебі жұмысыма аса жауапкершілікпен қарайтындықтан, жұмысыммен қатар алып жүруге дайын емеспін. Ал кәсіпкер болу үшін тапсырыс берушінің берген кез келген тапсырысынан бас тартпау керек. Ең үлкен себебі де осы, – дейді кейіпкеріміз.
Қолөнер шебері өзінің әлеуметтік парақшаларына жасаған жұмыстарын әрдайым жүктеп бөлісіп отырады. Жасаған жұмыстарын көрсеңіз барлығы да көздің жауын алатындай өте әдемі. Ол неше түрлі заманауи үлгідегі қазақша қамзол, қазақы ою-өрнекпен әсемделген кәжекей, бесік жасауы, қыз жасауы, құрақ көрпешелер, тіпті балалар добын да тігеді екен.
Құрақ құрау – ықылым заманнан бері келе жатқан қазақтың сәндік қолданбалы қолөнерінің бірі. Ол көп еңбек пен уақытты талап етеді. Сондықтан құрақ құрау – қазақ қолөнерінің арасынан ойып тұрып орын алатын ұлттық өнер. Ал Ләззаттың жасаған жұмыстарын ұнатып қыз жасауына арнайы құрақ көрпешелер тапсырыс беретіндер көп. Өзінің жиі тапсырыс беретін тұрақты тұтынушылары да бар. Ол құрақ құраудың қыр-сырын өте жақсы меңгерген. Жасаған жұмыстары бірінен бірі өтетіндей өте ерекше. Сонымен қоса оқушыларына да сабақ барысында өте әдемі дүниелерді тігіп үйретеді. Семинар сабақтарында тіккен этно кәжекейлері өте ерекше әрі әдемі шыққан.
– Ұстаздық жұмысым өзіме қатты ұнайды. Жұмыстың қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Көбінесе тәжірибеге мән беремін. Себебі оқушылар еңбек сабағында теория жағына емес, көбіне практикалық жағынан жұмыстар жасағысы келеді. Қолөнерге барлығы қызығады. Барлығында қажет құралдары болса барлығының қолынан келетініне сенімдімін. Қыз баланың қолөнерге жақын, құштар болғанын қалаймын. Себебі әр қыздың болашағына өте қажет болады. Үнемі оқушыларды көрме, байқауларға қатыстырып, қажеттерін түгендеп бірге жүремін. Байқауға оқушыларды үйден дайындаймын. Шәкірттеріме тігін өнерін үйретуде, болашақта өз қажеттерін әдемілеп тігіп алатындай және тағы да басқа қажеттіліктеріне жарап, пайдам тисе, сол менің жетістігім деп ойлаймын, – дейді аяулы ұстаз.
Қазіргі таңда шебер жұмысынан тыс уақытында тұрақты тұтынушыларынан тапсырыс алып, сүйікті ісін кәсіп көзіне айналдырып отыр. «Қолөнер – сырлы өнер» демекші, осы ұлттық өнердің қыр-сырын жас ұрпаққа дәріптеп, үйретіп жүрген аяулы ұстаз еңбегі өлшеусіз, әркез бағалы.
Алтынай Қайратықызы