Сотты құрметтемеу жауапкершілікке әкеледі
Сотты құрметтемеудің көріністері сот жұмысында келеңсіз салдарды туғызып отырады. Адамның тағдырын таразылау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал осы істі мемлекет атынан атқарып отырған судьяның біліміне парасаты сай болғаны абзал. Елдегі әділеттің айнасы, тура төрелік айтудың кепілі болған судьялар бұл жоғары міндетті атқару үшін үлкен сыннан өтеді.
Сондықтан халық сенетін, әділдікті шешеді деп үміт артатын сотты құрметтеу – ел азаматтарының парызы.
Сот ғимаратының табалдырығын аттағаннан бастап бұл жауапкершілікті әрбір жан сезінуі керек. Тура би алаңында жалған сөйлеп, көрер көзге шындыққа жанаспайтын куәгерлік көрсету де сотты сыйламаудың бір түрі. Әсіресе, сот шешіміне өз сөзінің тікелей әсер ететінін біле тұра, шақыртуға себепсіз келмегендер сотты құрметтемей тұрғанын түсінуі керек.
Шақырту қағаздары дер кезінде жеткізіліп, тіпті SMS хабарламалардың көмегімен жеделдік артқан мына заманда сот отырысының уақытында өтуіне кедергі жасау сотты ғана емес, Қазақстан Республикасының Заңын да сыйламау болып табылады. Сотқа шақыруға келмеген немесе одан жалтарған азаматтардың кесірінен сот процесінде дәлелдемелердің зерттелуі киындауы мүмкін, сонымен қатар орындау міндетіне кіретін сот процесін тәрбиелік мәнінен айыруы ықтимал.
ҚР ӘҚБтК-нің 653-бабында көрсетілгендей, сотқа құрметтемеушілік білдіру деген процеске қатысушылардың және өзге де адамдардың қатысуынсыз соттың істі одан әрі қарауы мүмкін болмайтын жағдайларда, олардың шақыру қағазы, хабарлау, хабардар ету немесе шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмеуінен жалтаруынан, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбаудан, сотта белгіленген қағидаларды бұзудан, сондай-ақ сотты және судьяны құрметтемеушілік туралы анық көрінетін өзге де әрекеттер ескерту жасауға, не жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа әкеп соғады.
Аталған бап бойынша Б. есімді лауазымды тұлға Сырдария аудандық сотында талап қоюшы С.-дан жауапкер Т.-ға өз бетінше иеленіп алынған жер учаскесін қайтару туралы азаматтық іс бойынша талап қоюшының өкілі ретінде іске қатысып, оған сот отырысының уақыты мен орны тиісті түрде хабарланғандығына қарамастан, 24 жылғы 12 маусым сағат 09.40-қа тағайындалған сот отырысына дәлелді себептерсіз қатыспай, істің қаралуын кейінге қалдыруға, ал 2024 жылғы 14 маусым сағат 09.30-ға тағайындалған сот отырысына кешігіп келіп, іске үзіліс жариялауға мәжбүр етіп, сотқа құрметтемеушілік танытқаны үшін, Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 653-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған осы баппен ескерту берілді.
Заң сот процесіне қатысушылардан мемлекеттік сот билігі институты ретінде сотты құрметтеуін талап етеді.
О.ДҮЙСЕНОВ,
Сырдария аудандық соты әкімшісінің бас маманы,
аға сот приставы
Фото: Н.НҰРЖАУБАЙ