Сотты құрметтемеу – заңды құрметтемеу
Адамның тағдырын таразылау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал сотты құрметтемеудің көріністері сот жұмысына кері әсер етіп, адам тағдырына қатысты істердің сапалы әрі уақытылы аяқталуына кедергі келтіреді. Осы істі мемлекет атынан атқарып отырған судьяның біліміне парасаты сай болғанымен сот процестері сотқа қатысушыларға да жеке жауапкершілік жүктейді. Бұл еліміздің тиісті заңнамаларында нақтыланған.
Сотқа құрмет көрсетпеген жағдайда кінәлі Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Сот ғимаратының табалдырығын аттағаннан бастап бұл жауапкершілікті әрбір жан сезінуі керек. Тура би алаңында жалған сөйлеп, көрер көзге шындыққа жанаспайтын куәгерлік көрсету де сотты сыйламаудың бір түрі және қылмыс болып табылады. Әсіресе, сот шешіміне өз сөзінің тікелей әсер ететінін біле тұра, шақыртуға себепсіз келмегендер сотты құрметтемей тұрғандарын түсінуі керек. Негізі сотты құрметтеу – заңды құрметтеу.
Шақырту қағаздары дер кезінде жеткізіліп, тіпті SMS хабарламалардың көмегімен жеделдік артқан мына заманда сот отырысының уақытында өтуіне кедергі жасау сотты ғана емес, Қазақстан Республикасының Заңын да сыйламау болып табылады. Сотқа шақыруға келмеген немесе одан жалтарған азаматтардың кесірінен сот процесінде дәлелдемелердің зерттелуі киындауы мүмкін. Сонымен қатар орындау міндетіне кіретін сот процесін тәрбиелік мәнінен айыруы ықтимал.
Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 653-бабында көрсетілгендей, сотқа құрметтемеушілік білдіру деген процеске қатысушылардың және өзге де адамдардың қатысуынсыз соттың iстi одан әрi қарауы мүмкiн болмайтын жағдайларда, олардың шақыру қағазы, хабарлау, хабардар ету немесе шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмеуінен, сот отырысында төрағалық етушiнiң өкiмдерiне бағынбаудан, сотта белгіленген қағидаларды бұзудан көрiнген сотты құрметтемеушiлiк, сондай-ақ сотты және судьяны құрметтемеушiлiк туралы анық көрінетін өзге де әрекеттер (әрекетсiздiк) – ескерту жасауға, не жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не болмаса бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа әкеліп соғады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 119-бабында сотқа құрметтемушілік білдіргені үшін жауаптылық шаралары көрсетілген. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық шараларын сот баршаның сот алдында теңдігі Конституциялық қағидатын және сот төрелігінің міндеттерін іске асыру мақсатында қолданады. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін бұған кінәлі адамдар осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
Егер сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, осы адам қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Заңға қарсы жасалған әрекет үшін бір ғана мәжбүрлеу шарасы және бір ғана жауаптылық түрі қолданылады.
Заң сот процесіне қатысушылардан мемлекеттік сот билігі институты ретінде сотты құрметтеуін талап етеді. Бұл талапқа бағынбағандарға ауданымызда тиісті жауаптылық қарастырылуда. Сондықтан сот жұмыстарына азаматтар үлкен жауапкершілікпен қарап, қоғам мен сот алдындағы өз міндетін терең сезінуі керек.
А.Елкенов,
Сырдария аудандық сотының
бас маман-аға сот приставы