Сотқа құрметтемеушілік жауапкершілікке әкеліп соғады
Сотты құрметтемеудің көріністері сот жұмысында келеңсіз салдарды туғызып отырады. Адамның тағдырын таразылау үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал осы істі мемлекет атынан атқарып отырған судьяның біліміне парасаты сай болғаны абзал. Елдегі әділеттің айнасы, тура төрелік айтудың кепілі болған судьялар бұл жоғары міндетті атқару үшін үлкен сыннан өтеді. Сондықтан халық сенетін, әділдікті шешеді деп үміт артатын сотты құрметтеу – ел азаматтарының парызы.
Сотқа құрметтемеу көрсеткен жағдайда кінәлі Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Сот ғимаратының табалдырығын аттағаннан бастап бұл жауапкершілікті әрбір жан сезінуі керек. Тура би алаңында жалған сөйлеп, көрер көзге шындыққа жанаспайтын куәгерлік көрсету де сотты сыйламаудың бір түрі. Әсіресе, сот шешіміне өз сөзінің тікелей әсер ететінін біле тұра, шақыртуға себепсіз келмегендер сотты құрметтемей тұрғандарын түсінуі керек.
Шақырту қағаздары дер кезінде жеткізіліп, тіпті SMS хабарламалардың көмегімен жеделдік артқан мына заманда сот отырысының уақытында өтуіне кедергі жасау сотты ғана емес, Қазақстан Республикасының Заңын да сыйламау болып табылады. Сотқа шақыруға келмеген немесе одан жалтарған азаматтардың кесірінен сот процесінде дәлелдемелердің зерттелуі киындауы мүмкін, сонымен қатар орындау міндетіне кіретін сот процесін тәрбиелік мәнінен айыруы ықтимал.
Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 653-бабында көрсетілгендей, сотқа құрметтемеушілік білдіру деген процеске қатысушылардың және өзге де адамдардың қатысуынсыз соттың iстi одан әрi қарауы мүмкiн болмайтын жағдайларда, олардың шақыру қағазы, хабарлау, хабардар ету немесе шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмеуінен, сот отырысында төрағалық етушiнiң өкiмдерiне бағынбаудан, сотта белгіленген қағидаларды бұзудан көрiнген сотты құрметтемеушiлiк, сондай-ақ сотты және судьяны құрметтемеушiлiк туралы анық көрінетін өзге де әрекеттер (әрекетсiздiк) – ескерту жасауға, не жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 119-бабында сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық шаралары көрсетілген.
Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық шараларын сот баршаның сот алдында теңдігі Конституциялық қағидатын және сот төрелігінің міндеттерін іске асыру мақсатында қолданады.
Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін бұған кінәлі адамдар осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартылады.
Егер сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, осы адам қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
Заңға қарсы жасалған әрекет үшін бір ғана мәжбүрлеу шарасы және бір ғана жауаптылық түрі қолданылады. Заң сот процесіне қатысушылардан мемлекеттік сот билігі институты ретінде сотты құрметтеуін талап етеді.
А.Елкенов,
аудандық соттың бас
маман-аға сот приставы