Бөлімнен басталған баянды тағдыр
"Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар" дейді тұнық сезімнің тұңғиығына бата жырлаған ұлы ақын. Махаббат - екі адамның сана мен талғам биігінде жолығуы деп жатамыз. Ал бір салада, бір қызметте жүрген жандар бір-бірін тіпті жақсы түсінері анық.
«Қызмет табыстырған құтты шаңырақтың» бүгінгі кейіпкерлері – Бағдат пен Құндызай. Қос ғашықтың арасындағы сезім алауы өрт сөндіру бөлімінде тұтана бастап үлкен өмірге бағыттаған. Миға бағынуы қиын жүрек оты маздаса адамға ырық бермейді. Ал қызмет бабында талай қауіптің алдын алған жандардың қалай танысқанын, табысқанын әңгіме барысында сұрадық.
Бағдат та, Құндызай да – Тереңөзектің тумалары. Замандары қатарлас болса да, бір ауданда тұрса да, оған дейін бір-бірін көріп-білмеген жандарды алғаш таныстырған да, табыстырған да – өрт сөндіру бөлімі болған. Әрине, бұндайда тылсым күшті тағдырға телимыз. Тылсым демекші жас жұбайлар бір-бірін алғаш көргенде бұрыннан таныс адамдар секілді күй кешкенін айтады. Бұл да махаббат дейтін түсініксіз түсініктің құдіреті болса керек.
– Жолдасыммен 2018 жылы таныстым. Сол жылы аудан орталығындағы №12 өрт сөндіру бөліміне қызметке орналасқан едім. Оның алдында оқуға кеткен екен, ол бірнеше күннен кейін бөлімге қайтып келді. Бір қызығы, Бағдатты алғаш көргенде бұрыннан таныс адам сияқты жүзі жылы ұшырай кетті. Кейін айтсам, ол кісіде де сондай сезім болған екен. Бәлкім, бір көргеннен ғашық болу дейтін сезім шығар бұл. Адамды жұп-жұбымен жаратқан Алла жұбыңызды өзіңізге сездіріп қояды деп жатады ғой. Бірақ, жақын адам сияқты сезінгенімізбен, қазақы ұяңдық басым, біразға дейін сөйлесіп кете алмай жүрдік. Бір жылдан аса уақыт танысып, біліскеннен кейін ата-анамыздың батасын алып, бас құрадық, – дейді Құндызай Акбарова.
Өрт сөндірушілер отбасында қазіргі таңда болашақта ата-ана жолын жалғайтын Ахат пен Хаким есімді батыр ұландар өсіп, тәрбиеленіп келеді. Қазір Бағдат Қайратұлы – төтенше жағдайлар департаментіне қарасты аудандық бөлімнің «Қол сұғылмайтын қор» қоймасының меңгерушісі, ал Құндызай – радиотелефонист.
Радиотелефонист демекші, бір салада қатар жүрген жұптардың арасында әрине қызметке қатысты қызықты оқиғалар орын алады. Кейіпкерлерімізден сондай бір жағдайды еске түсіруін сұрадық.
– Мен бастапқыда өрт сөндіруші болып жұмыс жасадым. Ал Құндызай – радиотелефонист, яғни ол шақыртуларды қабылдап, өңдейді, мен сол өртті сөндіруге баратынмын. Қыз-жігіт болып сөйлесіп жүрген кезіміз. Қыз – қылығымен дегендей, бірде болмашы себеппен ол маған ренжіп қалды. Бірнеше күн сөйлеспедік. Қоңырау соқсам, телефонды алмайды. Содан менің кезекшілігімде шақырту түсіп, өрт сөндіруге аттандық. Бір уақытта рациядан Құндызайдың даусы шығып жатыр. Қуанғанымды көрсеңіз! Махаббат – ұлы күш екені рас. Мәз болып жүріп, аман-есен миссиямызды орындап, жұмысқа келдім. Күйе-күйе болған түрімді көрген Құндызай ренжігенін ұмытып, татуласып кеткенбіз. Қазір де жұмысқа бірге барып, бірге келетін кездер де болады. Немесе мен кезекшіліктен шыққанда ол кезекшілікке түсуі мүмкін. Жұмыстың қауырттығы мен маңыздылығын ата-анамыз да, балаларымыз да түсінеді. Жалпы үйдегі жағдай мен жұмыс барысын шатастырмауға тырысамыз, – дейді Бағдат.
Өрт сөндіріп, халыққа адал қызмет етіп жүріп махаббат отын тұтатқан жандар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ата-аналарына қарайласып әрі болашақ өрт сөндірушілерде тәрбиелеп келеді. Шаңырақ көтергендеріне биыл бес жыл болатын жас отбасыға аға буынның жақсы жолдарын берсін дегіміз келеді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ