Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаны жайсаң ана

Жаны жайсаң ана

Қатпарлы тарихтың шежірелі әр кезеңіне назар аударған тұста қаншама ғұмырнамаға тап боласыз. Қиын-қыстау күндері халықты ақпаратпен сусындатып, ауданның айнасына айналған басылымның әр жылдары атауы өзгеріп отырған. Атауы өзгерсе де, қызмет бағыты сақталған аудандық газетте анық қолтаңбасы қалған жанның бірі – аяулы ана Кеңескүл Жұмабаева.

Табан аудармастан 40 жылға жуық басылымда қызмет еткен ардақты ана хақында өткен шақта қалам тербеу біз үшін өкінішті.

Биыл 85 жылдық мерейтойын атап өтетін аудан­дық газеттің өткен ғасырда тоқтаусыз жа­рық көруіне септігін тигізген Кеңескүл Сәдуақасқызы – Шаған ауылының тумасы. Жиыр­ма жасында Тереңөзектегі үлкен әулеттің бірі Жұмабаевтар отбасына келін болып түскен Кеңескүл апаның баспасөз саласындағы алатын орны ерекше. Сонау жылдары «Еңбек майданы» деген атаумен әрбір тұрғынның қолына жеткен басылымның сапа­лы шығуына тәжірибелі маман­ның айтарлықтай еңбегі сіңді. Жазу машинасы­ның құлағында ойнап, әрбір мақаланы газет бетіне түсіретін. Тек тырс-тырс еткен жазу машинасы­ның дауысына иланып, өзіне жүктелген міндетті мүлтік­сіз орындауға тырысатын. Қай кезде де, жайдарлы мінезімен адам жанын баурап алатын мейірбан жүректі ана жөнінде әріптесі Сәуле Сұлтанқызы кеңінен тарқатып айтып берді.

– Кеңескүл апамен ең алғаш таныстығымыз осыдан 47 жыл бұрын басталды. Аядай ғана бөлмеде жазу машинасында әріп теріп отырған әріптесім мені жылы қабақ танытып қарсы алды. Үнемі биязы қалпынан таймайтын қадірлі жанға құрметім зор. Мені алғаш жұмысқа қабылдаған сол кездегі бас редактор Ізхан Досмағанбетов апай­мен үнемі тығыз қарым-қатынаста болуыма себепкер болды. Ақжарқын мінезді жанның ердің де, үлкеннің де, баланың да, қызметтің де бабын таба білетініне көз жеткізе білдік. Ол кісі әрқашан кітапханадан кітап алдыртып оқитын. Қарымды қаламгер Бекнияз Шертаев, Сұлтан Қожаниязов, Мұхтар Сақтапов сияқты ағаларымыздың жазбасын қағаз бетіне түсіріп, қатесіз газет бетіне беруге ұмтылатын. Редакцияда жүргенімізде апай корректорлық қызметке ауысып, барынша төсе­ліп алды. Аптасына 2-3 мәрте шығатын басы­лым бетін оқып, қатесіз жарық көруіне ықпал жасады. Сонымен қатар оның газет бетіне шағын автор­лық мақаласы жазылып жүрді. Айналасына жан-жақтылығымен танылған Кеңескүл апаның кісі баласына ренжімейтіні, ойын бүкпесіз айтатыны, әзіл-қалжыңға жаны құмар екендігі ең асыл қасиеті екенін жақсы білеміз, – дейді Сәуле Сұлтанқызы.

Кеңескүл Сәдуақасқызы – отбасындағы үш қыздың үлкені. Туған ауылындағы мектепте білім алып, Қызылорда қаласындағы техникумда білімін жетілдіреді. Жолдасы Әшім Жұмабаев екеуі 8 перзентті дүниеге әкелді. Қазіргі уақытта 6 ұл, 1 қызы өмірден өз орындарын тауып, сан салада қызмет етуде. Кеңескүл апаның анасы Құрманкүл ерте дүние салып, қос сіңілісіне үйдің тұңғышы бас-көз болады. Бізбен әңгімесінде сіңілісі Кенжегүл Дұрысова анасындай аялап өсір­ген әпкесінің қамқорлығын анық сезінгені жөнінде тілге тиек етті.

– Әпкеміз қашанда бізден өз қамқорлығын аяған емес. Қай кезде де барлық жағынан ақылын айтып, дұрыс жүруімізге, өмірде жақсы қыз­мет етуімізге қажыр-қайратын жұмсады. Қазір­гі уақытта екінші әпкем Жұмакүл Алматы қаласында тұрады. Үнемі анамыздың орнын жоқтат­паған аяулы жанды еске алып отырамыз. Небәрі 77 жасында бақилыққа аттанған әпкеміз жастайы­нан бар қиындықты көрді. Басылымның жұмысы оңай болып көрінгенімен, ауыртпалығы зор. Отбасындағы келіндік міндет абыройлы жұмыс жасауына кедіргі келтірмеді. Менің бауы­рым бойындағы пысықтық, қолынан кез келген іс келетіндігімен қатарластарынан даралана біл­ді десем, қателеспеймін, – дейді Кенжегүл Дұрысова.

Біреу білер, біреу білмес, қашанда коррек­торлық қызметтің жүгі ауыр, жауапкершілігі орасан. Кейіпкерім қазақ баспасөзінде есімдері қал­ған мүйізі қарағайдай атпалды азаматтардың мақаласы сапалы шығуына аянбай еңбек ете білді. «Алтын алқалы» ананың 85 жылдық тарихы бар басылымда өзіндік беделі, сүрлеу жолы қалыптасқан. Күні-түні баспахананың қыздарымен бірге газеттің жергілікті халыққа таңазаны­мен таралуына елеулі күш-жігерін жұмса­ды.

– Баспахана мен редакция ұжымының алдында бір ғана мақсат бар. Ол – аудан халқын құн­ды ақпаратпен дер кезінде тыныстату еді. Осын­дай беделі биік қызметте Кеңескүл апа жанымыздан әркез табылатын. Редакцияда жұмыс жасай жүріп, баспаханадан қол үзген емес. Оның байсалды болмысы әлі күнге көз алдымызда сақталған. Шындығында, көзкөрген жандар арамыздан сиреген сәтте өткен күнді сағына еске аламыз. Біз қызмет еткен жылдар дәл бүгінгі күндегідей ақпараттық технология дамыған заман деп айта алмаймыз. Газеттің машақатын апаймен бірге айрықша сезіндік, – дейді сала арда­гері Қазына Асықбаева.

Мәуелі бәйтеректей жайқалған Кеңескүл Жұмабаеваның перзенттері әркез анасының есі­мін елге танытып, өз деңгейінше ұлықтап келеді. Биыл 84 жасқа келетін ананың бүгінде 30 немере, 17 шөбересі бар.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
05 наурыз 2024 ж. 225 0