Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тауқыметке толы тағдыр

Тауқыметке толы тағдыр

Аманкелді ауылының тұрғыны Кенжегүл Күнтуарова – аудандық газеттің әр нөмірін үзбей оқитын тұрақты оқырман. Ол қаттаулы тарих қойнауында жатқан шежірелі сырды ақтарып, қиын-қыстау кезеңнің ауыртпашылығын терең сезінген қайын атасы Смат Тәшенов туралы көп ізденіп жүр. Бұған дейін облыстық «Сыр бойы» газетінде мақала жарияланған-ды. Енді араға бірнеше жыл салып, аудандық газетке тағы да мақаласын ұсынды.

Жасыратыны жоқ, іздеушісі жоқ талай жанның тағдыры ашылмастан, зерттелместен, сағым жылдардың ен­ші­­­сін­­де ешкімге елеусіз күйде қалды. Егер келіні Кенжегүл Күнтуарова шындық іздеп, шырылдап жүгірмегенде 1907 жылы туған Смат Тәшенов те сол көптің бірі болып қала берер ме еді, кім білсін? Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ екенін байыппен бағамдар болсақ, бұлай ізденуіміздің екі сыры бар. Бірін­шісі, тұрақты оқырманның ұсыны­сын жүзеге асыру болса, екіншісі дәйекті дәлелдерді негізге ала отырып, тарихқа көз жүгірту, сол арқылы көпке ой салу.

Негізі Смат Тәшенов бұрынғы Оңтүс­тік Қазақстан облысының Қы­зыл­орда ауданына қарасты №15 ауыл­дың Зіңкетер атты аймағында дүниеге келген. Кедей отбасынан шық­­қан ол жастайынан білімге құш­тар болыпты. Бұл сөзімізге 1930 жылдан бастап ВКП(б) мүшесі болғаны, 1932 жылы Қармақшы аудандық «Культ­промның» бөлім меңгерушісі қыз­метін атқарғаны дәлел бола алады. Қысқасы, кейіпкеріміз ел ісіне ерте араласқан. Жоғарыда аталған қыз­мет­терде жүрген кезінде «Кеңес үкі­метіне қарсы үгіт-насихат жұмысын жүргізді, контрреволюциялық іс-әре­кеттерін басқарды» деген желеу­мен РСФСР ҚК-нің 58-7, 58-11 баптарымен айыпталады. Содан 1933 жылдың 25 тамызында қазақстандық «үштіктің» отырысының шешімімен он жылға бас бостандығынан айырылып кете барады. Істі болған жылдары аумалы-төкпелі кезеңге сәйкес келген Сматтың өмірі тар қапаста өтті десе де болады. Ол орыстың ну ормандары арасында жүріп, ағаш дайын­дады, зауытта жұмыс істеді, тіпті шошқа да бақты. Оның ақталуға тиіс уақыты Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарына тура келеді. Өз мер­зі­мінен төрт жыл кешігіп барып ақталған Смат өзінің одан кейінгі он жеті жылын Ресейдің Преморск облысы Денисов селосында өткізеді. Әйелi татар қызы Фархания екеуі ерте көк­темде алған 100-ге тарта ірі қара малын бордақылап, қара күзде етке өткізетін болыпты.


«Өзге елде сұлтан болғанша өз еліңде ұлтан бол» дегендей, Смат Тәшенов туған жер топырағын сағынатын-ды. Жағдайы қаншама жақ­сы болғанымен де, орыстанып бара жатқан балаларын өз еліне қосуды көздейді. Сөйтіп өт­кен ғасырдың алпысыншы жылдары елге оралады. Орысша оқып, өзге ұлт тәрбиесінде болған ересек бала­ларының таза қазақ жеріне сіңісіп кетуі қиынға соғатын болғандықтан ұлы Рахметтолла мен қызы Раушанды облыс орталығындағы Гагарин атын­дағы мектеп-интернатқа береді. Онда сабақ орыс тілінде жүретін-ді. Жазғы каникул күндері ауылға келген ұлы мен қызы алғашқыда көп қиналды. Оларға ауыл мектебінде оқыған Райхан, Рабиға мен Амантай көмектеседі. Сөйтіп жүріп қазақша тіл сындырған ұлы мен қызы келе-келе мақалдатып сөйлеуді меңгереді.

Туған жерге келген алғашқы жылдары Смат Тәшеновтің өзі де көп қиналады. Қиналғаны шетте жүріп, ұмытыңқырап қалған ана тілінен емес еді. Оны қинағаны, кей жерлестерінің өзіне деген өзгеше көзқарасы болатын. Сол кездегі партия саясаты, қоғамдағы істі болғандарға деген қалыптасқан көзқарасы үшін көп­шілікті кінәлау да дұрыс емес еді. Әрине жұрттың бәрі теріс айнал­ған жоқ. Алғаш көшіп келгенде С.Тәшенов ауылдың шет жағындағы ағайынның босаған үйінде тұрады. Жиен інісі болып саналатын Шайқы алдына сауын сиыр салып береді, тағы бір ағайындары екі-үш ұсақ мал береді. Алайда, шаруашылық бас­шылары Смат Тәшеновті тұрақты жұмыс­қа алуға жүрексінеді. Содан жекенің малын бағады, жағдайы келген­дерге бұл аймақ үшін әлі таң­сық көмір жағатын пеш соғады. Көктем­де көкөніс, қауын-қарбыз егіп, одан мол өнім алған жылдары да болады. Ал қыста ауыл моншасын жағып, халыққа қызмет көрсетеді. Бұл туралы Смат Тәшеновтің өмірін зерделе­ген Жұмакүл Балабайқызы өз мақаласында кеңінен жазады. Ал С.Тәшеновтің қызы Раушанның айтуын­ша, ол кісі сырт көзге сұсты көрін­генімен, ешкімге қиянаты жоқ жан болыпты.

– Бір үзім нанды түсіріп алсақ, бізге кәдімгідей өкпелейтін. Сол нан­ның қандай еңбекпен келетінін, өзінің сонау орыс ормандары арасында жүргенінде бір үзім нан­ға зар болғанын, апталап нан көрмей­тіндерін айтатын. Шала­ұйқылы шақ­тарын, бел жазбай еңбек еткен сәт­терін жиі еске алатын. Әкем өзінің белгіленген мерзімнен төрт жыл кешігіп шыққанын, ал кей жандардың 7-8 жылға дейін ұмыт қалғанын қамы­ға айтатын, – деп жазады қызы Раушан өз естелігінде.

Кеңес үкіметінің алғашқы кезеңін­де «айрықша кеңестер», «екілік», «үштік» секілді сот қызметін жүзеге асыратын басқа да органдардың шешімдері бойынша революцияға және кеңеске қарсы үгіт пен насихат жүргізген деген айыптар мен талай жанның кінәсіз сотталып кеткені, жазықсыз жапа шеккені өзекті өртей­ді. Қолдан келері, олардың атын бүгінгі ұрпақ жадында жаңғырту, олар­ға лайықты құрмет көрсету ғана. Аманкелділік саяси қуғын-сүргін құр­баны болған Смат Тәшенов те қан­дай құрметке де лайық жан. Келіні Кенжегүл Күнтуарова «өзім үзбей оқитын аудандық газетке қайын атам туралы мақала жазылса, тауқыметке толы тағдыр иесінің рухына жасалған құрмет болар еді» деген еді. Соған сәйкес «Ешкім де, ештеңе де ұмы­тылмайды» деген тәмсілді қайта жаң­ғыртып, қолда бар мәліметтерді хал-қадірімізше зерделедік. Бір ақиқаты, Смат Тәшенов – қиын-қыстау кезеңнің ауыртпашылығын терең сезінген азамат­тардың бірі де бірегейі. Мұндай тұлғалар еш ұмытылмайды...

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
18 маусым 2024 ж. 216 0