Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үйірмеден бастау алған халықтық ұжымдар

Үйірмеден бастау алған халықтық ұжымдар

«Ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтылмаса керек-ті. Қазіргі таңда ауыл өмірімен біте қайнасып келе жатқан ауыл мәдениеті жылдан-жылға сан бағытта түрленіп келеді. Қазақ өнерін жоғары деңгейде насихаттап, дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан Қалтай Мұхамеджанов атындағы ауылдық мәдениет үйі жанындағы үйірмеден бастау алған «Халықтық» өнерпаздар ұжымының тарихы әріде жатыр.

Өнердің көш басында жүрген, халық көңілін ұтымды әзілдерімен баураған «Көңілашар» халық­тық әзіл-сықақ отауы 1978 жылы құрыл­ған. Сол жылдардан бастап ауыл, аудан тұрғындарының сүйіспеншілігіне бөленіп, көрер­мен көзайымына айналып келеді. Алғашқыда сахнада өнер көрсете бастағанда баршамызға белгілі «Тамаша» ойын-сауық отауы­на елік­теп, шағын ұжым ретінде құрылса, кейін шығармашылық іздену нәтижесінде өзгелерге ұқсамайтын өзіндік қырымен ерекшелене бас­тады. Бүгінде ауылдың талантты жастары «Көңілашардың» құрамында өнер көрсетіп, шың­далып, тәрбие алып, үлкен сахнаға бағыт алды. Өнерлі өнерпаздар қазіргі таңда Қазақстанның түкпір-түкпірінде мәдениет саласында қызмет атқарып, толағай жетістіктерге жетіп жүр. Атап айтар болсақ, М.Қозбағаров – республикалық «Күлкістан» театрынның көркемдік жетекшісі, Н.Әбусағатов – әнші, Н.Нұраддинова – Алатау әуендері концерттік ұйымының «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамбілінің әншісі, З.Баймырзаева – Қызылорда облыстық филармониясында дәстүрлі әнші-термеші, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің оқытушысы. Ал Г.Алиханова Қызылорда облыс­тық филармониясының әншісі болып мәдениетке өзіндік үлес қосып келе жатыр. Бүгінгі таңда А.Шербатшаев жетекшілік ететін әзіл-сықақ отауында 15 өнерпаз өнер көрсетеді. Ұжым мүшелері жыл басынан 3 концерттік бағдарламасын халыққа ұсынды. Сонымен қатар «Әзіл-шыны ара­лас» атты концерттік бағдарламасымен Қоғалы­көл, Бесарық елді мекендерінде гастроль­дік сапарда болып, өз өнерлерін ортаға салды. Мұнан бөлек Қазалы ауданы, Бозкөл ауылында мәдениет саласының ардагері, киномеханик Мейрамбай Әлімбаевтың 85 жасқа толуына орай «Еңбегі ерен нар тұлға» атты киноүзінділер көрсетуден өткізілген облыстық байқауда ІІ орын алса, Жаңақорған ауданында өткен сатира жанрының әртісі Қазыбек Башаров атындағы әзіл-сықақ отауларының «Сатира садағы» атты облыстық байқауында Алғыс хатпен марапатталды.

2000 жылы ауыл сахнасында әуелете ән салып, құлақ құрышын қандырып, көпке үлгі болған «Ақ Дариға» халықтық әжелер ансамбілі қазақ әуендерін өскелең ұрпаққа насихаттап келеді. Сол жылдары М.Сүлейменова жетекшілік жаса­ған ансамблде Х.Айдарова, Б.Балтахожаева, Б.Синаева, Ә.Әбусағатова, Т.Қожаханова, Ұ.Ережепова, Г.Қоразова, Г.Есенхожаева, К.Боранова өнер айдынында еркін қалықтай біл­ді. Ансамбль қоржынындағы халық әні «Ай сәулем», «Құрбым-ай», Ө.Байділдаевтың «Туған ел» әндерінің шоқтығы биік. Әсіресе, жеке орындаушылар Б.Балтахожаева халық әні, «күлдіргі» әуендерді, Х.Айдарова «Бөбегім» әнін, Ә.Әбусағатова Ақан сері Қорамсаұлының әні «Ләйлім Шырақты» өз нақышында орындай білді. Алғаш құрылған жылдардан-ақ аудандық, облыстық байқауларға, іс-шараларға қатысып елдің елдігін көрсетіп, аналардың ізгі жолын жалғап, ауыл мәдениетін дамытуда орасан зор іс атқарып келді. Қазіргі таңда Г.Есенхожаева жетекшілік ететін әжелер ансамблінде 10 ақ жаулықты әже өнерімен ел-халықтың қошеметіне бөленіп келеді.

Би өнері – ғажап өнер. Мың бұрала билеп, үлкен сахнаны бағындырып, құдіретті өнерді шебер меңгерген «Шаттық» үлгілі би тобы алғаш рет 2010 жылы құрылды. Жас өнерпаздарды би өнеріне баули отырып, әдемілікке, әсемдікке тәрбиелеу мақсатында құрылған би тобында алғашында 8 биші өнер көрсетті. Олар С.Әбділдаева, Б.Орынбекова, А.Жарылқасынова, О.Әубәкірова, А.Ибрагим, Қ.Сәрсенбекова, А.Оспанова, Ж.Насраддинова биік шыңдарды бағындыруға мүмкіндік алды. Олар ең алғаш қатыс­қан «Ботақан» телевизиялық байқауында дипломант атанса, 2012 жылы облыстық «XІV Бозторғай» байқауында ІІ орын, Байқоңыр қаласында өткен «Все краски танца» би ұжымдарының байқауының лауреаты болып топ жарды. «Шаттық» үлгілі би тобының қазіргі құрамында 24 жас жеткіншек бар. Майталман маман Қ.Сәрсенбекова жетекшілік ететін бишілердің жеткен жетістіктері баршылық. Мәсе­лен, Қызылорда қаласында өткен ХХVI облыстық «Бозторғай» конкурсында хореография номинациясы бойынша І орын, «JasSTAR» ІІ рес­публикалық балалар, жасөспірімдер және жас­­тар фестиваль-конкурсында І орынды ие­ленді.

– «Өнер ұлттың жұтамас байлығы». Мә­дениет­­тің мәйегіне айналған өнер ошағы жанын­дағы ұжымдар 2016 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығымен жоғарғы орын­дау шеберлігі және көркемөнерпаздар шығар­машылығының дамуына қосқан үлесі үшін «Халықтық» өнерпаздар ұжымы атағын алған. Бұл ұжымдардың барлығы мәдениет үйінде өтетін іс-шараларға қатысып, өз өнерлерін көрсетіп, халықтың ықыласына бөленіп келеді. Жылдан-жылға ұжымдар жаңа мүшелермен толығып, репертуар жаңалап, шығармашылық ізденістер ар­қы­лы жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Дарынды өнерпаздармен толыққан сахна ғана киесін жоғалтпайды. Талантты өнерпаздарымыз еліміздің мақтанышы, мәдениетіміздің көрінісі. Ауыл­дағы мәдениеттің қарашаңырағы саналатын мәдениет ошағы өнерлілерді тәрбиелеп, өр­ге шығару орталығына айналған. Біздің білікті маман­дар ұлт мәдениетін дамытуда, өскелең ұрпақ­қа насихаттауда аянбай еңбек ете бермек,– дейді мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ғайни Құлымбетова.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
11 маусым 2024 ж. 136 0