Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жазда қайда барамыз?

Жазда қайда барамыз?

Жаз мезгілі әдетте демалыс ұғымымен қатар оралады ойымызға. Себебі жылдың әдемі мезгілінде демалыс орындары өз қызметін жандандырып, соған сай тұтынушылар сұранысы да артады. Әдемі атмосфера, жайлы орта, жаңа жер көру адам миының жаңа қыртыстарын түзіп, ой-өрісті дамытып, тың қабілеттерді арттырады.

Қалтасы көтерген көпшілік демалысты шет елде жоспарлауды жөн санайды. Өзге ел, басқа ұлт мәдениетін, руханиятын тану әрине жақсы. Десек те, өз елімізде де небір тамаша табиғат пен емдік шипажайлар жетерлік. Былайынша «өзімізде» демесек, кейбір демалыс орындарының құны шетелге шығып келуден кем түспейді. Ендеше көптен күткен демалыста қайда дем алып әрі ем алуға болады?

Сандарды сөйлетсек, 2023 жылдың басындағы дерек бойынша, ел аумағында 172 санаторлы-курорттық ұйым тіркелген. Жекелей тоқталсақ, 109 санаторий, 27 оңалту орталығы, 9 профилакторий, 7 мамандандырылған және басқа да шипажай халыққа қызметін ұсынады. Сауықтыру орталықтарының басым бөлігі жеке тұлғаларға тиесілі, мемлекеттік меншіктегі демалыс орындары да баршылық, шетелдік меншіктегісі де жоқ емес. Бір айта кетерлігі, шипажайлардың 70-ке жуығы қала аумағында орналасса, қалғаны кең дала, таза табиғат аясында – ауылдық жерде орналасқан. Сонымен қатар, курорттық ұйымдардың саны бойынша Түркістан облысы көш басынан төбе көрсететінін айта кету орынды. Одан кейін Ақмола облысы мен Алматы қаласы тізімді жалғастырса, жанға дауа сыйлар шипажайлар саны бойынша біздің Қызылорда да тізімді үлкен қалалармен қатар толықтырады.

Елдегі сауықтыру орталықтарының барлығы дерлік көпсалалы қызмет түрлерін көрсетуге қауқар­лы. Алайда кей өңірлердегі бұндай демалыс орындары арнайы бір салаға бағытталған. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, қазір­гі кезде қалпына кел­тіру мен емдеу шараларының заманауи әдістері енгізілуіне орай аталған мекемелердегі қызмет көрсету жақсара түскен. Десек те бірқатар күрделі мәселелердің бар екені жасырын емес. Мысалы, инфрақұрылымдардың кенже қалуы, кәсіби мамандардың жетіспеушілігі, сондай-ақ көршілес Қырғызстан мен Ресейдегі демалыс орындарымен салыстыр­ғанда біздегі бағаның қымбаттығы да мәселенің бір ұшында тұр.
Қазақстандық шипажайларда ем алу үшін шетелден де қонақтар келіп тұрады. ҚР Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының ресми деректеріне сенсек, бір жылда шамамен әлемнің 40 елінен 25 мың адам емделуге келеді. Олардың кейбірі жай тексерілгісі келсе, енді бірі ота жасату үшін ат басын біздің елге бұрған. Демалушылардың жартысы Ақмола облысындағы шипажайды іздеп келсе, бір бөлігі Алматы, қалғаны Шығыс Қазақстан облысы­нан шипа тілеп шетел асқан көрінеді. Медицина саласын сұрастыра келген туристерден түскен табыс көлемі жобамен жылына 950 млн теңгені құрайды.

ҚР Президенті іс басқармасының медициналық ор­та­лығына қарасты танымал төрт шипажай бар. Олар: Бурабай мен Алматыдағы «Оқжетпес», Ыстықкөл жағалауындағы және Ресей аумағындағы Ессентуки курорт-қаласында орналасқан «Қазақстан» шипажайлары. Аталған емдеу-сауықтыру орталықтары қызметкерлерінің мәлімдеуінше, орталықта прог­рессивті денсаулық сақтау бағдарламалары әзір­леніп, сол бойынша жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, физиотерапиялық процедуралар үшін қажетті барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Отандық шипажайларда емделу бағасы қазірдің өзінде сырт елдік қызмет құнынан кем түспейді. Төленуге тиіс теңге көлемі маусымға байланысты өзгеріп отырады.

Емдік шипажайлардан бөлек табиғаты көз тартып, жайлы атмосферасымен-ақ жанға дәру болатын аймақтар да жетерлік. Атап айтар болсақ, демалыстың бір бөлігін Алакөл, Балқаш, Көкшетау, Шығыс Қазақстан облысы, Баянауыл, Каспий теңізі аумағында өткізсеңіз, өкінбейтініңіз анық. Сондай-ақ, Түркістан өлкесі де қазір туристік орталыққа айналды.

«Дені саудың – жаны сау» дейді халық даналығы. Қалтаны қысқан нарық кезеңінде ірі демалыс орындарында демалып, шетелде саяхаттауды екінің бірінің қалтасы көтере бермеуі мүмкін. Десек те, жыл бойы жұмыс істеп, шаршаған тән мен жанды қалыпқа келтіру керек-ақ. Айтпақшы, арнайы шипажай мен курорттық демалыс орнына келушілердің көпшілігі – әйел адамдар екені анықталған.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото:realkz.com
08 маусым 2024 ж. 167 0