Мүгедек балалардың санаторий-курорттық еміне ата-аналары тегін бара алады
Елімізде мүмкіндігі шектеулі 62 мыңнан астам баланың ата-анасы санаторий-курорттық ем-домға мемлекет есебінен бірге баруы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.
Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын таныстырған депутат Елнұр Бейсенбаев осылай мәлімдеді.
«Мүгедектігі бар баланы санаторий-курорттық емдеуге алып жүретін ата-анасының, заңды өкілінің біріне мекемеге орналасу, тамақтану, жатын орыны сияқты бірінші қажеттілік болып саналатын шығыстарының құны өтеледі. Бұл бастама шалғай аудандарда әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мүгедектігі бар баласына жан-жақты санаторий-курорттық ем-дом алуға жол ашады. Ал бүгінгі күнге дейін аталған мәселені жергілік бюджет арқылы тек үш аймақта, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы, Қарағанды және Павлодар облыстарынан алып жүруші заңды өкілдерінен қаржы қарастырылған еді», деген Мәжіліс депутаты бұл аса маңызды нормалардың бірі екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол заң жобасында қарастырылған қаржының басым бөлігі осы норманы орындауға қарастырылатынын баса айтты.
«Біздің алдын ала жобалап есептеуіміз бойынша, 3 жылдың ішінде кемінде 62 мыңнан астам бала мен ата-анасы немесе олардың заңды өкілдері санаторий-курорттық ем-домға бірге баратын болады. Аталған заң жобасының аясында емханалардағы қызметті бірінші кезекте алу, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды нотариустық қызметтер жасауда ақы төлеуден босату нормасы, 50 мың балаға арналған психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар құру қағидаты, адам саудасының құрбаны болған шетелдік азаматтарға жан-жақты әлеуметтік қызмет көрсету бойынша нормалар енгізілді. Құрметті әріптестер, аталған заң жобасының аясында 3 жылдық республикалық бюджеттен 5,9 млрд теңге қаржы қарастырылған. Заң жобасының оң тұстарын ескере келе, бірінші оқылымда қолдауларыңызды сұраймын», деді Елнұр Бейсенбаев.