Бронх-өкпе патологиясы барлар қай санаторийге бара алады
Денсаулық сақтау министрлігі санаторий мен курортқа кімдер тегін бара алатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Санаторий-курорттық емдеу – бұл медициналық оңалтудың үшінші кезеңінде ұсынылатын сауықтыру түрі. Медициналық оңалтудың үшінші кезеңі сауықтыруды қажет ететін жағдайларда ескерілген. Бұл ретте, Медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарында, күндізгі стационарларда, оңалту орталықтарында, санаторий-курорттық ұйымдарда Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында, оның ішінде қашықтан медициналық қызмет көрсету арқылы ұсынылады», - делінген Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінде.
Аталған ведомство қарамағында Курортология және медициналық оңалтудың ғылыми зерттеу институты (Бурабайда) бар, онда бронх-өкпе патологиясы бар пациенттер медициналық оңалтудан өтеді.
«Көбіне санаторий-курорттық ұйымдар жеке мекеме ретінде құрылған. Елімізде 170-ке жуық ұйым бар. Жолдама алу үшін пациент емханадағы учаскелік дәрігерде немесе тіркелген жері бойынша жалпы практика дәрігерінде бронх-өкпе жүйесінің аурулары бойынша динамикалық бақылауда болуы тиіс. Осыдан кейін адамдар Бурабайдағы Курортология және медициналық оңалту ҒЗИ-ға жіберіледі», - деп аталып өткен министрлік жауабында.