Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құндылығын жоймаған кітап

Құндылығын жоймаған кітап

Адам өмірінде қиындық пен сәтсіздік орын алмас үшін өз-өзін жан-жақты жетілдіріп, қаржылық сауаттылығын арттырғаны абзал. Бүгінде табыс көзін еселеуге арналған әлем елдерінде құнды кітаптар жарық көруде. Қаражат көзін оңтайлы үйлестіруге бағытталған шығарма өзегінде адамға жеткілікті деңгейде ақпарат мол. Мәселен, америкалық жазушы Джордж Клейсонның «Вавилондағы ең бай адам» кітабы осыдан 3 жыл бұрын «Мазмұндама» қоғамдық қорының тапсырысы негізінде қазақ тілінде жарыққа шыққан. Аталған кітапты қаламгер З.Қыстаубаевтың өңдеп, жетілдірген нұсқасы кеңінен таралғанын айта кетейік.

«Вавилондағы ең бай адам» кітабы – 176 беттен тұратын, тілге жатық, оқуға қолайлы туынды. Бұл кітап – қаржы әлемінің талай тарланын таңғалдырған бестселлер саналады. Мұнда кез келген адам өзінің қаржылай ахуалын жақсарту үшін сауаттылығын арт­тыра білуі керектігі толықтай айты­лады. Әрине, кітапты адам­заттың алты мыңжылдық тәжіри­бесі жинақтап жазылған қаржы әліппесіне балауға болады.

«Біздің ұлт ретінде дамуымыз әр азаматтың жеке қаржылық жағдайына, яғни, әл-ауқатына байланысты. Бұл кітап аталған деңгейге қалай жетуге болатынын баяндайды. Табыс дегеніміз – өзіміздің ұмтылысымыз бен қабілетіміздің нәтижесі. Біз оны табысқа жетуге шын мәнінде да­йын болғанда еңсереміз. Бұл орайда біздің барлық әрекет­теріміздің ойлау арқылы өріле­тінін, ал олардың ойлау деңгейінен еместігін ұстанған абзал» деп жазылған кітаптың алғы сөзінде.

Өз кезегінде кітаптың мазмұ­нына тоқталатын болсақ, алғашқы әңгіме «Ол адамға алтын керек болды» деген тақырыппен берілген. Онда доңғалақты арба жасайтын вавилондық Бансир ұстаның жоқшылықтан үнемі ұнжырғасы түсетіндігі айтылады. Шындығында, ұстаның досы екеуі қанша табыс тапса да, ешқашан дәулетті бола алмауы суреттеледі. Вавилон қаласында ең беделді, байлығы бір басына жететін Аркад­тың еңбекқорлығы олардың мол табысқа жетуге деген ынтасын оятады. Аркадтың алтын қорының жеткілікті болғаны сон­шалық патшаның өзі мемлекет қаржысы түгесіліп бара жатқанда одан қарыз сұрайтын болған.

Қашанда өз елінде жомарт­тығымен, сауапты іс жасауы­мен, көпшілікке көмек қолын созып, сараңдық таныт­пайтын Аркадқа достары жолығып, қаладағы ең бай адам қатарына қосылу құпия­сын сұ­раған екен. Сонда Аркад: «Егер сендер өте шыққан жастықтан кейінгі ғұмырларыңда тек қана бейшара тірлікке лайық табыс тапсаңдар, онда сендер байлыққа бастайтын заңдар туралы ештеңе білмедіңдер немесе заң көрсеткен жолға қарай қадам жасамадыңдар» деп жа­уап қайтарады. Аркад қай кез де, бір істі бастар алдында сәттілік аса қатал әрі ешкімде тұрақтап қалмайтындығын жақсы біледі.

Шындығында, шығарма ке­йіпкері кедей сатушының ұлы болған. Үлкен отбасында өскен­діктен, әкесінен қалған мұраға көз тікпеген. Өз ойлағанына жету үшін оған уақыт пен білім керек­тігін сезген. Табысқа қол жеткізу мақсатында білім алудың 2 түрі­не қанығады. Біріншісін, мектептен алса, екіншісін өмірлік тәжірибе арқылы жетілдіре алады. Бастапқыда сазтақтадан бас алмайтын шығарма кейіпкері қала басшысының ақыл-кеңесіне жүгіне отырып, табыс табуға деген сауаттылығын арттырып отырады.

Кітапты оқырман қолына алған­да бос әмиянды толтырудың жеті жолына жан-жақты қаны­ғады. Аркад достарына ең алдымен ақша жинауға кеңес береді. Сонымен қатар шығынды қада­ғалауды үйретеді. Ақшаны еселеуге қамдану керектігі назардан тыс қалмайды. Қаржыны мақсатсыз жұмсаудан қорғау керектігі айтылады. Жиған-тер­генді тұрғын үй нарығына бағыт­тау амалы қарастырылады. Бола­шақ­тың жай-күйін барынша тара­зылап отыру бағытында ереже бекітіледі. Табысқа бастар мүм­кіндіктерді сарқа пайдалану бойын­ша тұжырым жасалады.
Кітапта алтынның бес заңы хақында мысал келтіріледі. Шын­ды­ғын­да табыстың кемінде оннан бір бөлігін өзі мен отбасының болашағына арнап жинайтын адамның қолына алтын келеді және молаяды. Өзіне табысты кәсіп тапқан ақылды адамның ынталы әрі қалтқысыз жұмыс істеуінен байлығы өрістегі мал сияқты көбе­йеді. Кітап оқу барысында Вавилондағы қарапайым отбасынан шыққан адамның еңбектене жүріп, дәулетті адамдар қатарына қосылғанына қанықтық. Сәттілік серігі болған кейіпкер қаладағы бай адамдардың жанында жүріп, білімін жетілдіріп отырады.

Кітап авторы Джордж Клейсон 1926 жылы ежелгі Вавилон аңыздар желісін пайдалана отырып, алғашқы очерк­­тер топтамасын жариялайды. Содан бастап экономикаға қатыс­­ты әдебиет­терді зерттеумен автор тұрақты түрде айналысады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
04 маусым 2024 ж. 145 0