Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Зиянкестерге қарсы күрес жүргізілуде

Зиянкестерге қарсы күрес жүргізілуде

Егін науқанында оған қауіп төндіретін зиянкестер көп. Оның қатарында шегірткелер қаптап кететіні бар. Олар ауыл ша­руашылығы саласына зор шығын да келтіреді. Сондықтан шегірткемен күреске байланысты Сырдария аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Е.Асқарбекұлымен сұқбат құрған едік.

– Ербол Асқарбекұлы, өзіңізге белгілі қазіргі таңда ауыл шаруашы­лығының зиянкесі – шегірткемен күрес мәселесі өткір қойылып отыр. Бұл бойынша ауданда қандай іс-шаралар жүргізілуде?

– Біздің өңірімізде ерекше қауіпті ше­гіртке зиянкестерінің екі түрі кездеседі. Олар: азиялық шегіртке және италиялық прус. Азиялық шегіртке аймағымыздың ну қамысты жерлерінде, күріш егістіктерінде көп тарайды. Ал италиялық прус құмды, далалық шөлейт жерлерде көп кездеседі. Бұлар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен ерекше қауіпті зиянды организмдер тізіміне енгізілген. Сондықтан ауыл шаруашылығы жерлері мен мал жайылымдықтарын осы зиянкестерден қорғау шаралары (химиялық өңдеу жұмыстары, улы химикаттар, зерттеу) республикалық бюджет есебінен қарастырылған.

– Оларға қарсы қандай шаралар атқарылады?

– Зиянкестерге қарсы зерттеу жұмыс­тарын «Республикалық фитосанита­риялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Сырдария аудандық филиалы атқарады. 2023 жылы ерекше қауіпті зиянкестерге шегіртке зиянкестеріне қарсы жүргізілетін межелеу үшін 2022 жылдың жаз, күз айларында шегірткелердің шағы­лысу мен жұмыртқа салу кезеңіне зерделеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу жұмыстары барысында италиялық прусқа қарсы 99,7 мың гектар жер, азиялық шегірткеге қар­сы 118,6 мың гектар жер тексерілді. Осы жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындысы бойынша биыл италиялық прусқа қарсы 150 гектар жер және азия­лық шегірткеге қарсы 3200 гектар жер химиялық өңдеуден өткізіледі деп жоспарланып отыр. Бүгінде 2023 жылдың көктем, жаз айларында азиялық шегірткенің және италиялық прустың дернәсілдер кезеңіне қарсы зерделеу жүргізілуде. Атап айтар болсам, азиялық шегірткеге қарсы 70000 гектар, италиялық прусқа қарсы 89500 гектар жер зерттеуден өткізіледі.

– Зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын кімдер жүргізеді?

– Оны «Pest Mosq treatment» жер үсті желдеткіш бүркішпен «Дельта-ЮГ» ЖШС ұшақпен жүргізеді. Қазіргі таңда респуб­ликалық бюджет есебінен ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы қолданылатын пестицидтер (улы химикаттар) толығымен алынды. Осыған байланыс­ты аудан көлемінде ерекше қауіпті зиянды организмдер мен карантиндік нысандарға қарсы фитосанитариялық іс-шараларды уақытылы, тиімді жүргізу шараларын орындау мақсатында аудандық штаб құрылған.

– Өзіміздегі зиянкестердің екі түрі­мен күрес қандай бағытта жүр­гізіліп жатыр?

– Бұларды қатардағы жай шегірткелер қатарына жатқызуға болмайды, егін үшін ерекше қауіпті зиянкестер. Осыған байланысты қазіргі таңда италиялық прус және азиялық шегіртке дернәсілдері жаппай жер бетіне шығуда. Бұл жүйелі, қатаң бақылауға алынған. Соның нәтижесімен зиян­­кестерді улау өз нәтижесін беретін болады. Аудан көлеміндегі барлық бал ара және ауыл шаруашылық малдарын ұстай­тын жеке және заңды тұлғаларға ескерте кететін жайт, ерекше қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары кезінде бал аралары мен ауыл шаруашылық малдарын қауіпсіз жерлерге көшіруді қамтамасыз етсе деген тілек бар. Ал, кент пен ауылдық округтерде хи­миялық өңдеу шаралары жүргізілетін кезең­де қосымша хабарламалар берілетін болады.

Сұқбаттасқан
Ердос БЕРКІНБАЕВ

06 маусым 2023 ж. 399 0