Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі еленді, құрметке бөленді

Еңбегі еленді, құрметке бөленді

Республикалық «Ел құрметі» қоғамдық қоры ел дамуының түрлі саласында жемісті еңбек еткен азаматтарды түрлі марапаттармен марапаттап, құрмет көрсетіп келеді. Бұл жолы қоғамдық қор тереңөзектік Нұрлан Алашбаевқа «Ерен еңбек иесі» төсбелгісін табыс­тады.

Марапаттау салтанатына қоғамдық қордың аудан­дағы өкілі Ш.Ералиева бастаған бірқатар азамат қатысты. Нұрлан Орынбасарұлының қоғамның дамуы­на, елдің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесін жоғары бағалаған азаматтар қоғамдық қордың директоры Ж.Шынарбектің қолы қойылып, мөрі басылған куәлікті табыстап, кеудесіне төсбелгі тақты.

– Бұл марапат сіздің ұзақ жылғы еңбегіңіздің жемісі. Бірқатар салада нәтижелі еңбек еттіңіз. Жеке секторда, атқарған жұмысыңыз арқылы білікті маман болып қана қоймай, ұжымда да, қоғамда да сыйлы, құрметті азамат атандыңыз. Жақсы ұрпақ тәрбиелеп, олар бүгінде ауданымыздың дамуына өз үлесін қосуда. Сондықтан «Ел құрметі» қоғамдық қорының шешімімен «Ерен еңбек иесі» төсбелгісін табыстауды жөн көрдік. Марапатыңыз құтты болсын, – деді қоғамдық қордың аудандағы өкілі.

Игі тілекті әлеуметтік қамсыздандыру саласында жұмыс істейтін ауданға белгілі азамат Сағидолла Еламанов жалғап, мамыр айындағы мерекелер қарсаңында марапатталып жатқан азаматқа тілектестігін білдірді. Өз кезегінде еңбегі еленіп, құрметке кенелген Нұрлан Алашбаев шынайы риза­шы­лығын білдірді.

– Шынымды айтсам, мұндай марапатпен марапатталамын, төсбелгіге ие боламын деп ойлаған жоқпын. Бұл мен үшін тосынсый болды. Ұзақ жылғы еңбегімді елеп, ескеріп, сыртымнан марапатқа ұсынып жатқан азаматтарға алғысымды білдіремін. Қазір біз де ардагерлік кезеңге жетіп, зейнет демалысындамыз. «Көңіл көңілден су ішеді» демекші, мамыр айындағы мерекелер аясында көңілімізді көтеріп, мерейімізді өсіріп жатқан қоғамдық қордың, оның аудандағы өкілдерінің жұмысына сәттілік тілеймін, – деді Н.Орынбасарұлы.

Айта кету керек, Н.Алашбаев 1986 жылы Шымкент қаласындағы қазақ-химия технология институтын тәмамдап, ПМК-84 (ремводстрой) мекемесіне цех бастығы ретінде жұмысқа орналасқан. Осы мекемеде еңбек еткен жылдары аудан орталығындағы тұрғын үйлердің салынуына, Іңкәрдария ауылындағы мектеп пен аудандық аурухана құрылысын жүргізуге атсалысып, құрылыс жұмыстарын ұйымдастыруға еңбек сіңірген. Мұнан бөлек Тереңөзек кентіндегі орталық бейіттің қоршау жұмыстарында да өз қолтаңбасын қалдырған. Кейінгі жылдары Қызылордадағы электр желілерімен жабдықтаумен айналысатын «Кейс» мекемесінде жұмыс істеп, абыроймен зейнет демалысына шыққан. Отбасында жары Роза Садыққызымен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, бүгінде немерелер сүйіп отыр.

А.ҚҰРМАНАЙТЕГІ
18 мамыр 2024 ж. 139 0