«Ел құрметі» медалі табысталды
Аудан әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев республикалық «Ел құрметі» қоғамдық қорының медалін бірқатар сала ардагері мен қызметкерге табыс етті.
– Соңғы 3-4 жылдан бері республикалық «Ел құрметі» қоғамдық қорымен әріптестік байланыс орнатып, ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтарды марапаттап келеміз. Бүгін де балабақша, кітапхана, телекоммуникация қызметінде адал еңбек атқарып, ел құрметтісі атанған ардагерлер мен қызметкерлер марапатталады, – деді аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев.
Марапат төрінен көрінгендердің қатарында №2 «Балдәурен» балабақшасының ардагері Айткүл Ахмедова, телекоммуникция саласының ардагері Мария Ержанова қордың арнайы сертификатымен және «Ел құрметі» медалімен марапатталды. Сонымен қатар бала тәрбиесіне қосқан сүбелі үлесі мен еңбегі үшін қор директоры Ж.Шынарбектің алғыс хатымен және «Еңбек даңқы» медалімен №2 «Балдәурен» балабақшасының меңгерушісі Ақанай Шоханова, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің маманы Жанар Байдосова «Үздік қызметкер» медалімен, «Қарлығаш» жеке балабақшасының меңгерушісі Эльвира Збайрова «Ұстаз мәртебесі» медалімен марапатталды.
Марапаттау рәсімінде қоғамдық қордың аудандағы ұйымдастырушысы Шолпан Ералиева туған елге қызмет етіп, абырой биігіндегі азаматтарға лайықты құрмет көрсетуге аудан әкімдігі қолдау білдіргеніне алғысын айтып, арнайы медальді ең лайықтылар ғана иеленетінін жеткізді.
Жиында еселі еңбекке лайықты құрмет көрсетіп, арнайы марапаттаған аудан әкімдігі мен республикалық «Ел құрметі» қоғамдық қорына сала ардагерлері А.Шоханова, М.Ержанова, Э.Збайрова алғыстарын білдірді.
Айта кету керек, ауданда осы күнге дейін қоғамдық қордың медалімен 150-ге жуық азамат марапатталған.
Б.ЖАНӘЛІ