Құрметті зейнет демалысына шығарып салды
Жақында аудандық оқушылар үйінде білім саласында қажырлы еңбек ете білген Шолпан Ералиеваны зейнеттік демалысқа шығарып салуға арналған салтанатты жиын өткізілді. Тағылымды іс-шараға аудандық оқушылар үйінің директоры Мұрат Төлегенов пен іргелі ұжымның мамандары қатысты.
Жылдар бойы сан салада қызметімен дараланған Шолпан Ералиева аудандық оқушылар үйінде соңғы 11 жылда директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Үнемі табандылығы мен іскерлігінің арқасында сала маманы өзіне жүктелген жұмысты ұтымды үйлестіре білді. Кеш барысында аудандық оқушылар үйінің директоры Мұрат Төлегенов әріптесін мерейлі жасымен құттықтап, білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков пен білім саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Алмас Есназардың «Құрмет грамотасын» табыстады.
– Елеулі қызметімен ұжымда өзіндік орнын қалыптастыра алған ардақты жанды бүгінгі мерейлі сәтімен құттықтаймын. Негізінен, шаруашылық меңгерушісінің жұмысы қашанда қауырт келеді. Есеп-қисапқа негізделген барлық күрделі қызметке жауапкершілік таныта білген Сізге ерекше алғыс айтамыз! Зейнеттік демалыста осыған дейінгі қажыр-қайратыңызды арнаған ауыртпалыққа толы күндерді еске алып, ізіңізден ерген әрбір жасқа тағылым-тәрбие береді деп сенеміз, – деді Мұрат Төлегенов.
Айта кетейік, Шолпан Ералиеваның еңбек жолы 1980 жылы тұрмыстық қажетті өтеу комбинатында тігінші болып бастаған. Сонымен қатар бухгалтер-экономист мамандығында білім алған ардақты ана аудандағы тұтынушылар одағында абыройлы қызметімен көпшілікке танылады. Ал зейнетақы төлеу орталығында жұмыс жасаған уақытта жергілікті халықтың ыстық ықыласына бөленеді.
– Адам өзі қалаған мамандықтан ерекше тебіреніс алатыны жасырын емес. Өмірде таңдаған қызметтің жемісін көруден артық бақыт жоқ. Әрбір жұмысқа жауапкершілікпен қарау – өте маңызды. Еңбек жолымда оқушылар үйінің алатын орны ерекше. Ертеректе бірнеше мекемеде жүріп, абырой биігінен көріне білген едім. Ал 2019 жылдан бастап, «Ел құрметі» қорының Сырдария ауданы бойынша өкілі атансам, кейіннен Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облысына жауапты болып бекідім. Осы аралықта 500-ден аса адамға жоғарғы дейгейдегі марапат үйлестірдік. Оның ішінде, нақты 380-ні Сыр өңіріне тиесілі, – деді құрмет төріндегі жан.
Бұл ретте, аяулы ана «Ел құрметі» қорының «Еңбек даңқы» мелалімен, «Сырдария ауданының 95 жылдығы мерекемлік медалімен марапатталған.
Өз кезегінде кеш кейіпкері аудан әкімдігімен бірлесе отырып, білікті басшы Мұрат Төлегеновке «Ел құрметі» қорының атынан арнайы медаль табыстаған еді. Сонымен қатар тәжірибелі ұстаз Шолпан Өмірзақованы «Құрметті педагог», №36 Әбділда Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің шаруашылық меңгерушісі Мақсат Мәліковті «Үздік қызметкер» номинациясы бойынша марапаттады.
– Әркез кісімен тез тіл табыса алатын қасиетімен ерекшелене алатын Шолпанның керемет болмысын айрықша бағалаймын. Оның қоғамдық негіздегі жұмысқа етене араласып, белсенділік танытқаны қуантады. Аудандағы әйелдер кеңесінің бір мүшесі болып, ойы ұшқыр, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары екенін таныта алды. Жолдасы Дабыл екеуі 2 ұл, 1 қызды тәрбиелеп, үлкен өмірге қанат қақтырды. Расында аяулы жанды зейнеттік демалысқа шығып жатқан зор қуанышымен құттықтаймын, – деді аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева.
Балтабай ОРДАБЕКОВ