Заманауи үлгідегі монша
Шағын және орта кәсіппен айналысу – бүгінгі қоғамның басты тіршілік көзі. Әрине, нарықтық заманда аталған бағытта жұмыс жасау қалыпты жағдай екені белгілі. Өңірімізде жыл санап кәсіпкерлер қатары көбейіп, кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Оның басты себебінің бірі – кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бөлініп жатқан мемлекеттік қайтарымсыз гранттар және бағдарламалар. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған жергілікті жеке кәсіпкердің бірі – Сәуле Есаналина. Кейіпкеріміз жуырда тұрғындар үшін заманауи үлгідегі қоғамдық монша ашып, ауданның кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтіп отыр.
Жеке кәсіппен айналысуға білек сыбана кіріскен азаматтарға мемлекет тарапынан әркез қолдау көрсетіліп, кәсібін жандандыруға игі ықпал тигізіп келеді. Жеке кәсіпкер Сәуле Жаңатайқызы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы бойынша 30 млн теңге көлемінде несие алып, монша кәсібін қолға алып отыр. Зинадин Лекеров көшесінде халық игілігі үшін ашылған «Лидер» коғамдық моншасының ашылу салтанаты осы айдың басында өтіп, пайдалануға берілген болатын. Кәсіпкердің айтуынша, жалпы моншаның құрылысына, ішіне керекті құрал-жабдықтар мен жиһаздардың барлығына 80 млн теңге қаражат жұмсалған. Бір мезеттегі сыйымдылығы 50 адамға қызмет көрсететін қоғамдық моншаның ашылғанына көп болмаса да келушілердің қарасы қалың. Көпшілік тұрғындардың айтуынша, алдын ала уақыт кестесі бойынша тапсырыс беріп жазылып қоймаса, мүлдем орын болмай қалатын көрінеді. Жаңадан ашылған қоғамдық монша ауданның 3 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Қоғамдық монша салу – біз ойлағандай оңай емес екен. Қаншама уақыт, қыруар қаражат, үлкен еңбекті қажет етеді. «Еңбек түбі – береке» демекші, еңбегіміздің арқасында моншамыз өзіміздің де көпшіліктің де ойынан шықты. Заман талабына сай моншаны барынша заманауи үлгідегі дизайнмен жасауға тырыстық. Табиғи газбен жылытылатын моншада ерлерге және әйелдерге арналған 15 адамдық 1 жуынатын бөлме, 3 жеке және 1 VIP бөлме бар. Моншада барлық жағдай қарастырылған. Себебі әр бөлмеде өзінің демалатын, киім ауыстыратын, жуынатын және бу бөлмесі бөлек-бөлек жасалынған. Одан бөлек моншаға келушілерге сүлгі мен суға түсетін аяқ-киім де беріледі. Біздің моншаның басқа моншалардан басты артықшылығы – VIP бөлмеде бассейн мен шаш кептіретін құрал орналасқан. Одан бөлек туған күн немесе қандай да бір басқосуды атап өтуге арналған үлкен жарық бөлме бар. Сонымен қоса келушілер дүкен іздеп әуре болмайды, моншаның ішінде салқын сусындардың сан түрлісі сатылымда бар. Монша аптаның 6 күнінде жұмыс істеп, келушілерге қызмет көрсететін болады. Санитариялық-гигиеналық тазалық талаптары сақталуы – біз үшін басты назарда және монша барлық санитарлық талаптарға сай. Заманауи үлгіде жасалған моншаның құнын халыққа қолжетімді бағада ұсынуды жөн санаймыз. Моншаның құнына келетін болсақ, ересектерге – 800 теңге, мектеп жасына дейін тегін, балаларға – 600 теңге, ал жеке бөлме адам басына – 1200 теңге, VIP бөлме 5 адамға дейін – 6000 теңге. Қазіргі кезде монша кәсібінің ашылғанына көп уақыт болмаса да, аяқ алысы жаман емес. Тұрғындар ақжарма алғыстарын айтып, көңілдерінен шығуда. Алдағы уақытта да осы қарқынмен ел игілігі үшін халыққа сапалы қызмет көрсететін боламыз. Халықтың ойынан шығып, ризашылығы мен алғысын алсақ, біз сияқты кәсіпкер үшін соның өзі үлкен жетістік, – дейді кәсіпкер Сәуле Есаналина.
Алтынай Қайратқызы