Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 2,4 тонна өнім өндірген

2,4 тонна өнім өндірген

Ауданда соңғы жылдары өз кәсібін бастаушылар мемлекеттік қолдаудың шапағатын көріп, олардың саны арта түсуде. Кәсіпкерлер арасында қайтарымсыз немесе жеңілдетілген нес­ие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар бар. Олар кәсіпкерлікпен айналысу арқылы табыс тауып қана қоймай, аудандағы жұмыссыздық деңгейін азайтуға да үлес қосуда. Сондай-ақ ел қазынасына салық төлеп, жыл сайын кәсіптерін кеңейтіп келеді.

Ауданға қарасты Н.Ілиясов ауылының тұрғыны Роллан Олинов – «Жания» ЖК басшысы. Ол Өңірлік инвестициялық орталығынан «Еңбек. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау» бағдарламасы арқылы 1,5 млн теңге несие алып, кәсібін бастап, бүгінде бал өндіруді жақсы меңгерді.

Қазіргі таңда Роллан Нұрланұлы омарта шаруашылығымен айналысуда. Жеке кәсіпкер жылына 2,4 тонна өнім өндіруді жолға қойды. Дайын өнімді кәсіпкер Қызылорда қаласы мен аудан тұрғындарына өткізеді. Бүгінде оның тұрақты тұтынушылары мен сатып алушылары бар.

– Кәсіппен айналысушыларға мемлекет тарапынан бағытталып жатқан қолдау көп. Тек ізденіс пен еңбек керек. Сондай-ақ жаңаны үйренуден жалықпау қажет. Сонда ғана кәсіптің берекесі болады. Менің мақсатым – алдағы уақытта омарта шаруашылығын отбасылық бизнес ретінде дамыту. Бал өндірісінен пайда бар, сұраныс көлемі де жыл санап артып келеді. Балдың денсаулыққа пайдалы екенін тұрғындар жақсы біледі. Сондықтан тұрақты тұтынушыларым да бар, – дейді жеке кәсіпкер Роллан Олинов.

Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі кәсіпкерлік саласы бойынша аудан тұрғындарына кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Кәсіппен айналысуды көздеген тұрғындарға бөлімнің есігі әркез ашық. Сала мамандары азаматтарға тегін кеңес пен бағыт-бағдар беруде.

Бибісара ЖАНӘЛІ
04 шілде 2020 ж. 562 0