Кәсіптің көзін тапқан табысқа жетеді
Кез келген дағдарыстан шығудың басты жолы – кәсіпкерлік. Бұл сала дамыса, экономиканың да қарқын алары сөзсіз. Бүгінде осы бағытта мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар жүзеге асырылып, өз ісімен айналысамын деушілерге демеу көп. Осындай мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп отырған кәсіпкерлер жұмысын насихаттау үшін аудандық ішкі саясат бөлімі аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімімен біріге отырып, журналистерге пресс-тур ұйымдастырды.
Алдымен, БАҚ өкілдері аудан орталығындағы ірі сауда орталығы «Серікбол» сауда үйіне барды. Кәсіпкер, іскер әйел Мадина Омарова егемендік жылдарынан сауда-саттықпен айналысып, бұл кәсібін кеңейтіп келеді. Жақында ғана аудан орталығындағы үлкен ғимаратқа көшіп, жаңа сауда үйі тұрғындарға есігін айқара ашты. «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасымен екінші деңгейлі банк арқылы 20 млн теңге несие алып, сол арқылы сауда жұмысын жандандыруда. Қазіргі таңда сауда орталығында 15 адам жұмыспен қамтылып, сапалы қызмет көрсетілуде.
Мұнан соң журналистер Ердос Бахторазовтың құс шаруашылығы кәсібімен танысты. Бүгінде жас кәсіпкерді аудан жұртшылығы жақсы таниды. Алдымен, Тереңөзек кентінен көпшілікке арнап заманауи үлгідегі монша ашты. Мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп, сол арқылы өз кәсібін жүзеге асырды. Жас кәсіпкер онымен тоқтап қалған жоқ. Өткен жылы «Құс шаруашылығы» жобасы бойынша «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасымен 2 млн теңге грант ұтып алып, ет бағытындағы тауықтарды асырауда.
– Өткен жылдан бастап құс шаруашылығымен айналысып жатырмыз. Мемлекеттік грантты жеңіп алып, жұмыртқадан балапан шығаратын 2 аппарат алдық. Бұл аппаратқа 1000 жұмыртқа саламыз. Жұмыртқаларды онлайн тапсырыс арқылы Грузия, Чехия мемлекеттерінен алдырдық. «Волжанин» жұмыртқаларының өзіндік ерекшеліктері бар. Одан шыққан балапандар тез жетіліп, жылдың 365 күнінде жұмыртқа береді. Ал аппараттан шыққан балапандарды сұранысқа қарай сатып жатырмыз. Бүгінге дейін 7000-нан аса балапан сатып, пайда таптық, – дейді Ердос Мейрамбекұлы.
Жас кәсіпкер биыл тағы да басқа кәсіпке бет бұруда. Жаз құрылыс мезгілі саналғандықтан, құрылыс материалдарын сатуды да қолға алған. Сөйтіп, мемлекеттік қолдаудың негізінде Е.Бахторазов жан-жақты кәсіпті дамытып отыр.
Пресс-тур барысында журналистер С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов ауылындағы жас кәсіпкерлер жұмысын да көрді. С.Сейфуллин ауылынан Абылай пен А.Тоқмағамбетов ауылынан Алмас Жахан «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы мал шаруашылығымен айналысуға 583,4 мың теңге грант ұтқан. Сол арқылы жылқы, ірі қара малдарын сатып алып, кәсіппен айналысуда.
БАҚ өкілдері Н.Ілиясов елді мекеніне де барды. Мұнда өткен жылдан омартамен айналысып жатқан Роллан Олинов кәсібімен танысты. Кәсіпкер «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасымен 2 млн теңге несие алып, бал өндіру жұмыстарымен айналысуда.
Жалпы, пресс-турда кәсібін енді бастап жатқан кәсіпкерлер жұмысына мән берілді. Сол арқылы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде барлық мүмкіндікті пайдалануға болатыны көрсетілді. Кәсіпкерлер тек кәсіптің көзін тауып, нақты жоспарлар құру арқылы табысқа жетуге болатынын айтады.
Ердос БЕРКІНБАЕВ