Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Адал қызметімен абыройға кенелген

Адал қызметімен абыройға кенелген

Маралкүл Қожақ – ауданның денсаулық сақтау саласында 42 жылдан бері қызмет етіп, антына адалдық танытқан медбике. Денсаулық сақшысы ұзақ жыл саланың ауыр жүгін арқалап, бүгінде зейнет демалысына абыроймен жетіп отыр. Тәжірибелі медбике осы­нау жылдар аралығында міндеттелген жұмысына жауап­кершілікпен қарап, абыройға кенелді.

Адам жанының арашашысы, денсаулық сақтау ісіне төзімділік танытқан медбике Маралкүл Өмірзаққызы Арал ауданы Мергенжай ауылының тумасы. Ауыл мектебін бітірген соң Қызылорда қаласындағы медициналық колледжге оқуға түсіп, медбике мамандығын алған соң, 1982 жылы Сырдария ауданындағы ауруханада еңбек жолын бастады. Тіркеу орынында медбике болып, әрбір құжаттың дұрыс толтырылуына жауапкершілікпен қарады.

– Алғашқы еңбек жолым басталғанда медбике қызметіне деген жауапкершілікті сезіндім. Былайынша сырт көзге қиын жұмыс екені білінбейді. Бірақ медбике науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтінін түсіндім. Медбикелер дәрігер тағайындаған ем-шараны жасайды, дәрісін уақытылы береді, күні-түні бақылауда ұстап, сауығуына жәрдемдеседі. Осындай жауапты жұмысты медбике бар ынтасымен атқарғанда ғана абыройға, алғысқа кенеледі, – дейді кейіпкеріміз.

Өмірін денсаулық сақтау саласына арнаған медбике кенттегі №1 балабақшада он жыл қыз­мет етті. Сонан соң тәжірибесі толысқан медбике ең күрделі де, жауапты жұмыс аймақтық бала­лар мейірбикесі қызметін де абыроймен атқарды.

Бүгінде медбике белгіленген учаскесіндегі жаңа туған сәбиден бастап, жас жеткін­шек­тердің аты-жөн­дерін жақсы білсе, тұрғындарда өз медбикесімен тығыз байланыста болады. Қалып­тасқан дағ­дымен бала­ларды уақытылы егу нау­қанына шақыруды тыңғылықты атқарып, балалар арасындағы аурудың алдын алу бойынша үй аралауға жауапкершілікпен қарады. Білікті маман осы күні емханада тіркеу орнының медбикесі қызметінен зейнеткерлікке шығып отыр. Емханаға келген әрбір науқастың дәрігерге көрінуіне және сауығып кетуіне атсалысқанын айту керек.

– Халықпен жұмыс істеу қызық, әрі қиын. Бұрын жаппай екпе алуға шақырғанда аналар емханаға ағылатын. Қа­зір жас ата-аналар ба­ласына ек­пе сал­­ғы­зуға асық­­пайды. Сон­­дық­­тан біз­дер ек­пенің қа­жет екенін айтып, үй-үйді аралап түсіндіреміз. Бұл жауап­кершілігі жоғары жұмыс. Өзім таңдап, жүрек қалауыммен келген қыз­метіме адалдық танытып, абыройға, алғысқа кенелдім. Мед­бикенің жұмысының арғы жағында тұрғындардың денсаулығы, тағыдыры, өмірі тұр. Сондықтан бей-қамдық танытуға болмайды. Мамандыққа деген адалдық бірінші орында. Ұзақ жылдан бері денсаулық сақтау саласында еңбек етіп, зейнетке жеткеніме қуаныштымын. Әріптестеріме алғыс айтамын, жас мамандарға да біздің жолымызды беріп, халық денсаулығын сақтауға үлесін қоса беруіне тілекшімін, – дейді абыроймен зейнет демалысына шыққан Маралкүл Өмірзаққызы.

Еңбегінен қуаныш пен бақыт таба білген мейірімді медбике Маралкүл апа жұбайы Ғабдуллинмен бірге Фархад пен Феруза есімді ұл-қыз өсірді. 3 немеренің ата-әжесі атанды. Феруза анасының жолын жалғастырып, Қызылорда қаласындағы №4 емханада аймақтық медбике болып қызмет атқарады.

Ауырып келген науқас жанды риясыз көңілмен, мейірімді жүрекпен қарсы алып, алғаусыз алғыс алған ақ халатты абзал жан осылайша құрмет төріне шығып, биікке жетті.

Б.ЖАНӘЛІ
11 мамыр 2024 ж. 124 0