Ғибратты Ғафур
Ауданға, облысқа белгілі атпал азаматтың бірі Ғафур Зұлхарұлы Үдербаев еді. Қызметтегі бейнетті де зейнетті кезеңдерімізді бірге өткізіп, есейген, үлкейген кезімізде әлі де талай қуаныштарымызды бірге бөлісеміз, балалардың қызығын көріп, тойларға бірге барамыз деп жүргенде Ғафурдан айырылып қалдық.
Мен Ғафурды 40 жылдан астам уақыт білдім, кезінде бірге қызмет атқардым. Ол Тереңөзекте дүниеге келіп, 1966 жылы орта мектепті бітірісімен Алматы халық шаруашылығы институтына түсіп, оны 1972 жылы экономист мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын мамандығы бойынша аудан орталығындағы ірі мекемелерден бастады.
Ғафурдың әкесі Үдербаев Зұлхар – ІІ Дүниежүзілік соғыстың ардагері еді. Аудандық қаржы бөлімінде қызмет атқарып, соғыс салған жарақат салдарынан дүниеден өтті. Ал Ғафурдың анасы Балабаева Ақжами апай жоғары білімді педагог болатын. Бар өмірін педагогика саласына жұмсаған жан №35 мектепте ұстаз болды, кейін балабақша меңгерушісі қызметін атқарып, сол жұмыстан зейнетке шықты. «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталған ол кісі өте ұстамды, сабырлы, бар өмірін ұстаздықпен қатар жалғыз ұлының тәрбиесіне арнаған ардақты ана еді.
Ғафурды 1971 жылы аудандық жоспарлау комиссиясының аға экономисі болып қызмет атқарып жүргенде байқадым. Ол кезде мен ауылда тұратынмын, біз бір-бірімізді қоғамдық жұмыстар арқылы танитынбыз. Аудандық комсомол комитетінің қоғамдық тапсырмалары, жиындары болатын, сонда кездесіп қалатынбыз, жалпы келешегінен үміт күттіретін азамат екен деп ой түйдім. 1972 жылы күзде мен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым, көп кешікпей аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болдым. Ғафур ол кезде автотранспорт кәсіпорнында бөлім бастығы еді. Ол алдымен коммуналдық кәсіпорындар комбинатының, содан кейін жолаушылар тасымалдау автоколоннасының бастығы қызметін атқарды. Өзінің негізгі жұмысымен қоса Ғафурды қоғамдық жұмыстарға қатыстырып, білікті экономист ретінде аудан бойынша экономикалық талдауларға, аудандық партия комитетінің бюро мәжілісіне мәселе дайындауға қатыстырып отыратынбыз. Менің байқағаным, ол әр тапсырмаға жауапкершілікпен қарайтын.
Ғафур Үдербаев 1985 жылы қыркүйек айында халық депутаттары Тереңөзек поселкелік Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұл кезде мен аудандық партия комитетінің хатшысы болғандықтан жұмысымыз тығыз байланыста болды. Ардақты азамат аудан орталығының қат-қабат тірлігіне жігермен кірісіп кетті, әлеуметтік мекемелердің жылуы, суы, көшенің тазалығы, көркейту, көгалдандыру, қыстақ тұрғындарының тұрмыс жағдайы, жол жөндеу тағы басқа жұмыстармен нақты айналысып, оң нәтижелерге қол жеткізді. 1987 жылы мамыр айында Ғафур Зұлхарұлы халық депутаттары аудандық Кеңесі төрағасының орынбасары, аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметіне ауысты. 1988 жылы қыркүйек айында мен конкурстық негізде Тереңөзек аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланып, Ғафурмен бірге бір аппаратта қызмет атқардық. Аудандық атқару комитетінің төрағасының орынбасарлары болып К.Жолдыбаев, Т.Дайрабаев, Ғ.Үдербаев, А.Есмағанбетов, кейін Ә.Телғозиев жұмыс атқарды. Әр орынбасардың функционалдық міндеттері бар. Ғафурдың міндеті барлық көрсеткіштерді жоспарлау, орындалуын бақылау, экономика, қаржы, банк саласымен байланысты болды. Осындай күрделі жұмыстарды үлкен түсіністікпен, сыйластықпен атқардық.
1993 жылы 15 қарашада төл теңгеміз қолданысқа енгізілді, бұл жұмыс өте құпия жүргізілді. Телефонмен сөйлесуге болмайды, түн ортасында Ғафурды адам жіберіп алдырдым. Кабинетке кіргенде «О, «соғыс» басталып кеткен шығар деп едім, осынша мезгілсіз алдырғанда басқа ешнәрсе ойыма келмеді» дегені әлі есімнен кетпейді. Осындай күрделі кезеңнен абыроймен өтуіміз алдымен аудан халқының еңбеккештігі, шыдамдылығы, ауызбіршілігіне байланысты болса, екіншіден барлық саланы басқарған жауапты кадрлардың жанкешті еңбегінің арқасында мүмкін болды.
Қай жұмыс болса да оның аяқталатын уақыты болады. Ғафур аудан әкімінің бірінші орынбасарлығынан басқа жұмысқа ауысарда үш қызмет ұсындым. Ол соның ішінен кәсіптік-техникалық училищені таңдады. Бұл оқу орнын Ғафур 1999-2011 жылдар аралығында басқарды. Бұл аралықта кәсіптік білім берудің аты да, заты да өзгерді, алдымен лицей, кейін колледж болып аталды. Бір сөзбен айтқанда, аудан орталығындағы кәсіби маман дайындайтын жалғыз оқу орнының деңгейі мен дәрежесін көтерді.
Жоғарыда аталған абыройлы қызметтері үшін Ғафур Үдербаев «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен, облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталды. 1983-1987 жылдар аралығында поселкелік Кеңестің, 2007-2011 жылдары аудандық Кеңестің депутаты болып сайланды. 2017 жылы «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды.
Ғафур мен Нәзтайдың ұлдары Бек, Сұлтан, Жәнібек, қыздары Лаура, Ләззат жоғары білімді мамандар, әр салада қызмет атқарады. Бәрінің де өз отбасылары, балалары бар, әке мен анадан алған тәрбиелері өмірлеріне жол ашты.
Ғафур Зұлхарұлының өмірін, атқарған қызметтерін еске ала отырып, қалдырған ізі, атқарған ісі ешқашан ұмытылмайды деп есептеймін. Жас ұрпаққа үлгі, өнеге болып қала береді дей отырып, артында қалған жұбайына, балаларына, немерелеріне, жақын туыстарына, дос-жарандарына амандық, бақ-береке, ұзақ ғұмыр тілейміз.
Алмагүл БОЖАНОВА,
қоғам қайраткері