Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Туған жермен тамырлас

Туған жермен тамырлас

Біздер үшін ауыр нәрсе – өзімізбен бірге ұзақ жылдар қызмет атқарып, бірлесіп қиындықтарды жеңіп, экономикалық дамуда болатын дағдарыстардан шығатын жол та­уып, тынымсыз еңбегіміздің, аудан халқының ауызбіршілігі мен шыдамдылығының ар­қа­сында бірге жеңіске жетіп жүрген әріп­тестеріміздің бірі дүниеден өткенде еске алып, өткен шақта сөйлеу, болмаса есте қалғандарды қағаз бетіне түсіру. Сонша жыл бірге жұмыс істеп, барлық сырың мен шыныңды, қуанышың мен мұңыңды бөлісіп жүрген әріптесің, замандасың туралы күйзелісіңді, қимастығыңды, көңіліңде сайрап тұрған ойларыңды, естеліктеріңді жаңғырту – қиынның қиыны. Сондай ауданға, облысқа белгілі атпал азаматтың бірі – Ғафур Зұлхарұлы Үдербаев еді. Қызметтегі бейнетті де, зейнетті кезеңдерімізді бірге өткізіп, есейген, үлкейген кезімізде әлі де талай қуаныштарымызды бірге бөлісеміз, балалардың қызығын көріп, тойларға бірге барамыз деп жүргенде Ғафурдан айырылып қалдық. Зымырап өтіп жатқан уақытты тоқтататын ешбір күш, дауа жоқ, содан бері бір жыл өте шығыпты. Енді міне, Ғафур туралы қиын болса да естелік жазуға тура келді. Мен Ғафурды 40 жылдан астам уақыт білдім, кезінде бірге қызмет атқардым.
Үдербаев Ғафур Зұлхарұлы 1948 жылы 7 қыркүйекте Тереңөзек қыстағында дүниеге келген. 1966 жылы орта мектепті бітірісімен Алматы халық шаруашылығы институтына түсіп, оны 1972 жылы экономист мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын өз мамандығы бойынша аудан орталығындағы ірі мекемелерден бастады.
Ғафурдың әкесі Үдербаев Зұлхар – Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Бір ғана мекемеде аудандық қаржы бөлімінде қызмет атқарып, соғыс салған жарақат салдарынан дүниеден өтті. Ғафур шаршамай-талмай ізденіп жүріп, 2017 жылы Тереңөзек кентінің жаңа көшелерінің біріне әкесінің аты берілді, еске алу шараларын өткізді, осы күні ойласам, әке алдындағы парызын өтеуге асыққан екен, әлде дүниеден ертерек өтетінін сезді ме екен?! Ғафурдың анасы Балабаева Ақжами апай жоғары білімді педагог еді. Бар өмірін педагогика саласына жұмсаған жан №35 мектепте ұстаз болды, кейін балабақша меңгерушісі қызметін атқарып, сол жұмыстан зейнетке шықты. «Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталған ол кісі өте ұстамды, сабырлы, бар өмірін ұстаздықпен қатар жалғыз ұлының тәрбиесіне арнаған ардақты ана еді. Ғафур да анасын өте сыйлайтын, ардақтайтын. Ғафурды мен 1971 жылы аудандық жоспарлау комиссиясының аға экономисі болып қызмет атқарып жүргенде байқадым. Ол кезде мен ауылда тұратынмын, біз бір-бірімізді қоғамдық жұмыстар арқылы танитынбыз. Аудандық комсомол комитетінің қоғамдық тапсырмалары, жиындары болатын, сонда кездесіп қалатынбыз, жалпы келешегінен үміт күттіретін азамат екен деп ой түйдім. 1972 жылы күзде мен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым, көп кешікпей аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болдым. Ғафур ол кезде автотранспорт кәсіпорнында бөлім бастығы еді, оның әрі қарай қызмет бабында өсуі біздің көз алдымызда болды.
Ол алдымен коммуналдық кәсіпорындар комбинатының, содан кейін жолаушылар тасымалдау автоколоннасының бастығы қызметін атқарды. Өзінің негізгі жұмысымен қоса Ғафурды қоғамдық жұмыстарға қатыс­тырып, білікті экономист ретінде аудан бо­йынша экономикалық талдауларға, аудандық партия комитетінің бюро мәжілісіне мәселе дайындауға қатыстырып отыратынбыз. Менің байқағаным, ол осындай тапсырмаларға ба­рын­ша мән беріп, жауапкершілікпен қарай­тын.
Ғафур Үдербаев 1985 жылы қыркүйек айында халық депутаттары Тереңөзек посел­келік Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұл кезде мен аудандық партия комитетінің хатшысы болғандықтан жұмысымыз тығыз байланыс­та болды. Ғафур аудан орталығының қат-қабат тірлігіне ­жігермен кірісіп кетті, әлеуметтік ме­кеме­лердің жылуы, суы, көшенің таза­лығы, көр­кейту, көгалдандыру, қыстақ тұрғын­дары­ның тұрмыс жағдайы, жол жөндеу тағы бас­­қа жұмыстармен нақты айналысып, оң нәти­желерге қол жеткізді.
1987 жылы мамыр айында Ғафур Зұлхар­ұлы халық депутаттары аудандық Кеңесі төрағасының орынбасары, аудандық жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметіне ауыс­­ты. Бұл қызмет өте жауапты болатын. Аудан шаруашылықтарының егіс көлеміне, мал басына тағы басқа көрсеткіштеріне қарай өндірілетін өнім, алынатын төл, мемлекетке сатылатын ет, сүт, жүн көлемдері, сонымен қатар өндіріс, құрылыс, сауда, тұтыну өнімдері есептелініп, талданып, облыс беріп отырған көрсеткіштермен салыс­тырылып, аудандық Кеңестің сессиясына ұсынылатын. Депутаттар талқысына түсетін. Бұл жұмыстардың да атқарылуына Ғафур үлкен ыждағаттылықпен еңбек етті, үнемі ізденіс үстінде болды.
1988 жылы қыркүйек айында мен кон­курс­тық негізде Тереңөзек аудандық ат­қа­ру комитетінің төрағасы болып сайланып, Ғафурмен бірге бір аппаратта қызмет атқардық. Аудандық атқару комитетінің тө­ра­ғасының орынбасарлары болып К.Жол­ды­баев, Т.Дайрабаев, Ғ.Үдербаев, А.Есма­ғанбетов, кейін Ә.Телғозиев жұмыс атқарды. Әр орынбасардың функционалдық міндеттері бар. Ғафурдың міндеті барлық көрсеткіштерді жоспарлау, орындалуын бақылау, экономика, қаржы, банк саласымен байланысты болды. Ауданның барлық халық шаруашылығы саласының қалыпты жұмыс істеуі, облыс­тық, республикалық жоғарғы органдармен байланыс, аудан тұрғындарының тұр­мыс жағдайы, бәрі-бәрі аудандық атқару коми­тетінің жұмысына байланысты еді. Осындай күрделі жұмыстарды үлкен түсіністікпен, сыйластықпен атқардық.
Адамның мінезі, қасиеттері туған жеріне тартады деп жатады ғой. Ғафурдың мінезі де, адамгершілік қасиеттері де туған Тереңөзегіне ұқсайтын еді. Сабырлы болатын, аз сөйлеп, көп іс тындыратын. Сырт бейнесі де көркем, үнемі жинақы, сәнді жүретін. Ғафурдың мен байқаған тағы бір қасиеті – үнемі шынын айтушы еді. Жұмыс болған соң оның орындалмай қалатын жерлері, кемшіліктер жіберіп алатын кездері болады. Сондайда ол өзінің жіберіп алған қателіктерін толық мойындап, шын себебін ашық айтатын еді. Түрлі сылтаулар айту, орындалмаған нәрсені біреуге жаба салу, түрлі жолдармен өзін ақтап алу деген оған жат болатын. Кейде өз қателіктері мен кемшіліктері болса да, тек шынын айтып, бәрін өз мойнына алатын, қорытынды шығаруға тырысатын. Біздің тереңөзектіктер өте ұстамды келеді, айқай-шуға бой алдырмайды, өсек-аяңға үйір емес, егер біреуді ұнатпаса, оған қарсы шаппайды, жай ғана үн-түнсіз қабылдамай қояды. Ғафур да сондай еді, біреуге ретсіз дауыс көтеріп, ашу шақырғанын көрген емеспін.
1992 жылы басқарудың жаңа әкімдік жүйесі ендірілді де мен 21 ақпан күні аудан әкімі болып тағайындалдым. Бұл кезде бүкіл қоғам өзгеріп, нарықтық экономикаға бетбұрыс жасалып, барлық салада жаңа реформалар қабылданып, өтпелі, күрделі кезеңді бастан өткізіп жаттық. Өндірістік қатынастар өзгеріп, қалыптасқан экономикалық байланыстар үзіл­ді. Осындай күрделі кезеңде әлеуметтік салалар қызметкерлері мен жұмысшылар айлық ала ал­­май, жәрдемақы мен жалақы тоқтап, дүкен сөре­­лерінде халық тұтынатын тауарлар жоқ болып қалды.
Біздің алдымызда аудан тұрғындарын осын­дай күрделі жағдайдан аман алып шығу мін­деті тұрды. Нарыққа бейім, жаңаша жұмыс ұйымдастыра алатын кадрларды әкімдік жұмысына тарту қажеттілігі туды. Солардың алғашқысы болып Ғафур Үдербаев 1992 жылдың 3 наурызда аудан әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Осыдан бастап Ғафурдың осыған дейін атқарған жұмыстарының бәрінен де жауапты, күрделі қызметі басталып кетті. Ол кезде біз демалыс, мейрам дегенді білмедік, түніміз күнге, күніміз түнге ауысып кетті.
Ғафур өзінің бір жазбасында былай деп жазған екен: «Аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметі маған жүктеліп, қаржы, салық, банк, жалпы экономика саласы, құқық қорғау органдарының жұмысы, сыртқы байланыс мәселелері жүктелді. Бұл негізгі міндеттерден бөлек, жыл сайын көктем, күзгі уақытта Сырдария өзенінде өткел болмай қалған жағдайда, мұзды ойып, оның үстінен понтон көпірді түсіру үшін жедел топ құрылып, дереу өткел жасауға 3 күн ғана мерзім берілетін еді, осы жұмысты ұйымдастырып, басында жүруші едік».
1993 жылы 15 қарашада төл теңгеміз енгізілді, бұл жұмыс өте құпия жүргізілді. Телефонмен сөйлесуге болмайды, түн ортасында Ғафурды адам жіберіп алдырдым. Кабинетке кіргенде «О, «соғыс» басталып кеткен шығар деп едім, осынша мезгілсіз алдырғанда басқа ешнәрсе ойыма келмеді» дегені әлі есімнен кетпейді. Осындай күрделі кезеңнен абыроймен өтуіміз алдымен аудан халқының еңбеккештігі, шыдамдылығы, ауызбіршілігіне байланысты болса, екіншіден барлық саланы басқарған жауапты кадрлардың жанкешті еңбегінің арқасында мүмкін болды.
Басшыға қандай қасиеттер керек деп сұрақ қойылса, әрине керек қасиеттер өте көп, оның бәрін атамай-ақ, екі қасиетті атар едім. Ол сенімділік пен жанашырлық. Басшы өз ісінің дұрыстығына, айналасындағы жауапты қызметкерлердің жұмысына сенімді болса, жанашырлықты сезсе, жұмыс нәтижелі болады.
Аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болғанымда орынбасар, әкімдік қызметте бірінші орынбасар болған Ғафур­мен екеуміздің арамызда түсіністік, шынайы сыйластық, ең бастысы сенім мен жанашырлық болды. Бір-бірімізге сендік, бір-бірімізге және айналамызға, аудан халқына деген жанашырлық болды. Осындай күрделі жұмысты Ғафур 7 жыл атқарды. Қай жұмыс болса да оның аяқталатын уақы­ты болады. Ғафур аудан әкімінің бірінші орынбасарлығынан басқа жұмысқа ауысарда 3 түрлі қызмет ұсындым. Ол соның ішінен кәсіптік-техникалық училищені таңдады. Қиын жұмысты, өзекті мәселелері көп оқу орнын басқаруға тәуекел етті. Бұл оқу орнын Ғафур 1999-2011 жылдар аралығында басқарды. Бұл аралықта кәсіптік білім берудің аты да, заты да өзгерді, алдымен лицей, кейін колледж болып аталды. Оқу тәрбие жұмысының мазмұны да, мақсаты да заман талабына сай өзгертілді. Ғафур бұл жұмыста да үлкен жауапкершілік танытты, оқу орны күрделі жөндеуден өтті. Жылу орталығы жаңартылды, материалдық база нығайды, оқу мен өндірістік практика ұштастырылды, мамандар сұранысқа қарай дайындалды. Өндіріспен байланыс нығайтылды, тәжірибе жасау, қосымша шаруа­шылық жүргізу үшін жер кеңейтілді. Жыл са­йын оқушылар қабылдау жоспарға сай жүргізіліп отырды. Бітірушілердің жұмысқа орналасып ке­туіне араласты, бір сөзбен айтқанда, аудан орталығындағы кәсіби маман дайындайтын жалғыз оқу орнының деңгейі мен дәрежесін кө­терді.
Жоғарыда аталған абыройлы қызметтері үшін Ғафур Үдербаев «Қазақстан Респуб­ликасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен, облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен марапатталды. 1983-1987 жылдар аралығында поселкелік Кеңестің, 2007-2011 жылдары аудандық Кеңестің депутаты болып сайланды. 2017 жылы «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атанды.
Біздің қызмет бабындағы сыйластығымыз отбасылық достыққа ұласып, қуанышымызды да, қиыншылығымызды да бірге бөлістік. Қыз­метіміз ауысып, бөлек кетсек те сыйластық қарым-қатынасымыз жалғаса берді. Қазір Ғафурдың өзі жоқ болса да, отбасымен араласып тұрамыз. Ғафурдың отбасы, тұрмыс жағдайына алаңдамай абыройлы қызмет ат­қаруына жұбайы Нәзтайдың көмегі зор болды. Ғафурдың мезгілсіз, демалыссыз жұмыста көп уақытын өткізуіне Нәзтай түсіністікпен қарап, барлық жағдайды жасады. Олар 1967 жылы шаңырақ көтеріп, 3 ұл, 2 қыз өсіріп, 9 немерелі, 2 шөберелі болды. Нәзтайдың өзі де 1979 жылдан бері 40 жыл бір ғана құрылыс мекемесінде бас есепші болып қызмет атқарып келеді.
Ғафур мен Нәзтайдың ұлдары Бек, Сұлтан, Жәнібек, қыздары Лаура, Ләззат бәрі де жоғары білімді мамандар, әр салада қызмет атқарады. Бәрінің де өз отбасылары, балалары бар, әке мен анадан алған тәрбиелері өмірлеріне жол ашты.
Ғафурдың басты ұстанымы абыроймен еңбек ету, ұл-қыздарын қатарынан кем қылмай оқыту, тәрбиелеу, ата-ана атына кір келтірмеу болатын.
Ғафур Зұлхарұлының өмірін, атқарған қыз­меттерін еске ала отырып, қалдырған ізі, ат­қарған ісі ешқашан ұмытылмайды. Жас ұр­паққа үлгі, өнеге болып қала береді дей оты­­рып, артында қалған жұбайына, балаларына, немерелеріне, жақын туыстарына, дос-жарандарына амандық, бақ-береке, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Алмагүл Божанова,
Сырдария ауданының
Құрметті азаматы,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
10 желтоқсан 2019 ж. 545 0