Жақсы мен жайсаң түлеп ұшқан
Тарихы тым әріден бастау алатын бұл білімнің қара шаңырағы сонау «Хан мектебінен» басталады. Ол кезде «Хан мектебі» төрт болыстан бірігіп ашылған көрінеді. Мектептің жанынан он екі балалық интернат та ашылған. Мектептегі оқушылар саны жиырмаға жуық болған. Ал, 1911 жылы шіркейлі өзенінің сол жағалауынан «Құлке» төбесінің жанынан он бөлмелі мектеп үйі интернатымен салынып, пайдалануға берілген.
Қаншама жақсы мен жайсаңды тәрбиелеген үш қабатты мектеп ғимаратының құрылысы 1970 жылы ауыл орталығынан салынып, 1971 жылы пайдалануға берілген. Ол кезде мектеп №132 Э.Тельман атында болатын. 2003 жылы 3 қазанда мектепке балалардың білімін жетілдіруге саналы ғұмырын арнаған ұлағатты ұстаздың есімі берілді. Ғұмырының 42 жылында аянбай қызмет еткен, оның 26 жылында мектеп директоры болған ардагер ұстаз, Қазақ КСР-і Халық ағарту ісінің үздігі, «Ғасыр мұғалімі» Түймебай Айтбаевтың аты қазір мектепте жаңғырып тұр.
Қазір мектеп қабырғасында 522 оқушы білім алуда. Мектеп негізінен 640 орындық. Карантин жағдайына байланысты даярлық сыныптары мен бесінші сынып аралығында жиырма төрт кезекші сынып карантин талаптарын қатаң сақтап, білім алуда. Мектеп әрбір баланы алдағы өмірге тәрбиелейтін құтты мекен болса, ал ұстаз сол баладан тұлға қалыптастырар ұлағатты жан екені баршамызға мәлім. Тағылымды білім ордасында 78 ұстаз жұмыс атқаруда. Оның педагог-зерттеушісі – 11, педагог-сарапшысы – 37, педагог-модератор – 22. Мектеп басшысы ауылдың тумасы, осы мектептің түлегі – Ілияс Анафияев.
– Ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты қысқарту мақсатында «Назарбаев зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымы ауыл мектептерін әдістемелік қолдау, шығармашылық дамыту бағытында кешенді шараларды жүзеге асыруды қамтитын «Ауыл мектебі» жобасын дайындаған болатын. Жобаға Қызылорда, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан 9 пилоттық мектеп енгізілген. Аталған 9 мектеп қатарына Қызылорда облысынан 3 мектеп еніп, оның ішінде №132 мектеп те бар. «Ауыл мектебі» жобасы аясында мұғалімдердің шығармашылық әлеуетінің артуы, мектептердің материалдық-техникалық базасының жақсаруы және соның нәтижесінде оқу-тәрбие үдерісінің сапасы жоғарылайды деп күтілуде, – дейді мектеп директоры.
Қазіргі уақытта, мектеп «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ұйымымен бірлескен жоспар бекітіп, атқарылатын жұмыстардың мазмұны мен бағытын айқындап қойған. Жоспарда оқыту мен тәрбие беруде әдістемелік қолдау, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған курстар мен семинарлар ұйымдастыру, психологиялық қолдау орталығын қалыптастыру, тәрбие жұмыстарының ең үздік жобалары мен тәжірибесін бөлісу секілді мақсат-міндеттерді белгілеп, жүзеге асыруда.
Білім ордасында Кеңес Одағының Батыры Нағи Ілиясов, Қазақстанның Еңбек Ері, Мәжіліс депутаты Абзал Ералиев, ауданның көркеюі жолында талай жыл табанды еңбек еткен Алмаүл Божанова мен Балшекер Өтегенова сынды апаларымыз білім алған. Ауылдың өсіп-өнуіне атсалысып жүрген «Мағжан және К» ЖШС директоры Дархан Ералиев және көптеген саланың мамандарына білім нәрін берген, ғасырдан аса тағлымды тарихы бар білім ұясынан әлі де сан алуан саланың майталмандары түлеп ұшатынына сенім мол.
Айдана ҚАЛИЕВА