Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ тілін неге таңдамайсыз?

Қазақ тілін неге таңдамайсыз?

Біздің ауданда зейнеткерлердің зейнетақысы әр ай­дың 15-інен кейін түседі. Ардагерлердің басым көпшілігі «Халық банкі» акционерлік қоғамының аудандық филиалына барып, айлық зейнетақысын алуға дағдыланған. Біз де үйдегі қос ардагердің зейнетақысын бұрын банкоматқа барып алатынбыз. Ақпараттық жүйелердің қолжетімділігі артқаннан кейін есепшоттағы қаражатты телефонмен-ақ жұмсауды үйрендік.

Өткен аптада жақын араласатын бір досым анасының зейнет­ақысын алу үшін банк филиалына бірге барып келейік деп өтінді. Әрі қолым бос, әрі жұмыстан кейінгі кез еді. Сөйтіп екеуміз банкке қарай жаяу тарта жөнелдік. Біз банкке барған уақытта кезек­те тұрған адам көп емес екен. Біз де өз кезегімізді алдық. «Журналист байқампаз, қырағы болуы қажет» деп ұстаздарымыз үйреткеннен кейін оң-солымыздағы іс-әрекеттер мен оқиғаларды байқап, бағамдап тұру әдетімізге айналған. Байқа­у­ым­ша, зей­нетақысын алушы­лардың бәрі қазақ тілді азаматтар болғанымен, банкоматта көбі орыс тілін таңдап жатыр. Әрине, бәрі бірдей емес. Бірер минуттан кейін кезек досыма да келді. Ол да бірден орыс тілін таңдап, банко­матты басқара жөнелді және әп сәтте анасының зейнетақысын төс қалтасына «сүңгітіп» жіберді.

Сыртқа шыққан бойда досыма қарата:
– Неге қазақ тілін таң­да­майсың?, – дедім сұраулы жүзбен.
– Түсінбедім, – деді ол.

– Банкоматта неге қазақ тілін таңда­майсың деймін, – дедім мен сәл ашуланып. Мырс етіп күлген досым:
– Қазақ тілі күрделілеу, орыс тілі оңайлау, – деп қысқа қайырды.

– Сонда қалай? Сен өзі қа­зақсың. Қазақтың же­рінде тұрасың, «Қазақпын» деп кеу­де керіп мақтанасың, бірақ қазақ тілін ұнатпайсың. Осы адам­гер­шілікке, азамат­тыққа, Отан­сүйгіштікке жата ма?, – дедім.

Ол ойланып қалды. Әрі қарай ақтала жөнелді. Тіл төңірегіндегі талас-тартысымыз біразға дейін жалғасып, досым келесіде қазақ тілін таңдайтынын айтып, уәде берді. Екеуміздің әңгімеміз осымен аяқталды.

...Бір айдан кейін досым екеуміз банкоматқа тағы да бірге бардық. Мен әдеттегідей оның қай тілді таңдайтынын сырттай байқап, бірақ білдірмей тұрдым. Кезегіміз жақындап алдымызда бір кісі қалғанда досым әлдекімге «Қазақ тілін таңдау керек!» деді. Қарасам, ортақ танысымыз екен. Ол да келесі жол таңдаймын деп уәдесін беріп кетті. Ал досым бұл жолы қазақ тілін таңдады. Сөзім далаға кетпепті, ескерусіз қалмапты. Әрі қуандым, әрі шүкіршілік еттім. До­сым­ды бұ­рынғыдан бетер жақсы көріп, оған деген құрметім арта түсті.

Мемлекет әлеуметтік жа­ғынан аз қамтамасыз етіл­ген отбасыларға көп көмек көрсетуде. Халықтың осал тобына арналған түрлі бағдарламалар бар. Кәсіпке ынталы азаматтар үшін қайтарымсыз грант та тағайындалады. Қайтарымсыз грант тағайындау жөніндегі аудандық комиссияның бірнеше жылдан бері тұрақты мүшесімін. Жұмыссыз азаматтар түрлі бизнес жоспарларын комиссияға келіп қорғайды.

Былтыр қазақылықтың қай­мағы бұзылған бір ауылдан орыс тілінде екі ауыз сөз білмейтін бір азамат комиссияға келді. Бизнес жоспарын орыс тілінде дайындапты. Комиссия мүшелерінің қатысушыға сұрақ қоюға құқы бар. Ә дегеннен-ақ өз жоспарын қазақ тілінде баяндай жөнелген азаматқа:
– Неге қазақша айтып жатырсыз? Жоспарды орысша жазғансыз. Орысша қорғаңыз, қазір қағаз сөйлейтін заман, – дедім.
Қызара бөртіп, кібіртіктеп қалған ол:
– Мен орысша білмеймін, – деді.

– Білмесеңіз неге орыс тілінде жазғансыз? Өз ана тіліңізде жазуыңызға кім немесе не кедергі болды?, – дедім.

– Шынымды айтсам, өзім жазған жоқпын. Ақыға дайындатып алдым, – деп бар кінәсін мойындады әлгі азамат.

– Ертең бұл кәсіпті жүргізетін өзіңіз, сұрауы да сізден болады. Мемлекеттің қаржысын мақсатсыз жұмсап, қаншама адам қаржыны кері қайтаруда. Сондықтан оңай олжаға батамын деп ойлап, орысша жаза салуға болмайды. Жоспардағы әр тиын мен теңгені есептеп, оны неге жұмсайтыныңызды көрсетуіңіз керек. Сондықтан өзіңіз зерттеп, зерделеп, түсініп, түйсініп барып жоспар құрыңыз. Өзіңіз орысша мүлдем білмеймін деп тұрсыз. Яғни қолыңыздағы қағаздағы есептеулерді түсініп тұрған жоқсыз. Келесі жолы қазақ тілінде жазып, қайтадан келіңіз, – дедік.

Ол терең күрсініп, комиссия мүше­лерінен кешірім сұрап, шығып кетті. Қазақтың ортасында тұрып, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдан шығып, өз ана тілін өгейсіткеніне өкінгені іс-әрекетінен анық көрініп тұрды. Ал комиссияға кірген келесі үміткердің ұлты орыс болса да өз жос­парын қазақ тілінде сауатты қорғады. Халқымыздың еңбексүйгіштік туралы даналық сөздерін тебірене айтқанын естіп, кәсіппен айналысуға деген ынтасына шын сүйсіндік. Сөйтіп бірауыздан қолдап, қайтарымсыз грантты беру жөнінде шешімді мақұлдадық...
***

Қоғам мүшелері «Қазақ тілін қолдаймыз, қолдау керек, ана тілімізді ардақтаймыз» деп жиі айтады. Бірақ көп адамның сөзі мен ісі үйлеспейді. Біздің ауданда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық филиалы жұмыс істейді. Төрағасы – Шаһарбек Нұрсейіт. Бұрын ол кісі Нұрсейітов болатын. Тіл жанашыры былтырдан бастап тегіндегі «ов» жалғауын алып тастады. Бұл тіл тазалығына қосқан үлесі. Осы ретте мына бір оқиға еске түседі.

Бірде көрнекті қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза жиналыс өткізіпті. Ұлтын сүйген тұлға жиналысқа қатысушыларға «Біз мынау орыстың «овы» мен «евінен» қашан құтыламыз?» деп сұрақты төтесінен қойыпты. Қайратты қаламгердің бұл пікірі редакция қызметкерлеріне терең ой салып, сол күнен бастап бәрі бір ­ауыздан «ов» пен «евті» алып тастапты. Нұртөре Жүсіптің айтуынша, бұл шешімге тосырқай қарағандар да, «ұлтшылдар» деп үрке қарағандар да болған екен.

– Осы күнге дейін «ов» пен «евке» жабысып жүргендер жетерлік. Олар «осыған үйреніп қалдық қой» дегенді алға тартады. Құлдық сана олай-былай ойлануға, еркін шешім қабылдауға жібермей тұрған соң не сұрайсыз? Шер-Ағаңның шешімталдығындай бір еркек мінез жетпей тұр-ау, жетпей тұр, – дейді сенатор Нұртөре Байтілесұлы.

Биыл тәуелсіз ел болғанымызға – 33 жыл. Ал Республика күнінің тарихынан тін тартатын болсақ, 1990 жылы Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл аз уақыт емес. Десек те әлі сол «ов» пен «евтен» айырылмай, аты-жөнін қазақы қалыпқа келтіре алмай жүрген отандастарымыз қаншама? Мұндайда елдік мүдде жолында тіл тазалығын сақтауды ту еткен Шерхандай дара тұлғалардың қайраткерлік шешімі әлі де керек секілді...

Фото: BAQ.KZ

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
04 мамыр 2024 ж. 174 0