Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөз туралы сөз

Сөз туралы сөз

Газет – тек ақпарат тарату құралы ғана емес, қоғамдық санаға сілкініс жасайтын идеологиялық маңызы бар дүние. Сондықтан басылым мазмұнын арттыру бағытында қоғам қайраткерлерінің ой-пікірін үзбей жариялап келеміз. Бірер күн бұрын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қызылорда облысының Құрметті азаматы», атақты жырау Алмас Алматов жеке парақшасына «Сөз туралы сөз» ой тұжырымдамасын жариялады. Оқырман қауымға айтары бар азаматтың мазмұнды еңбегін жариялаудамыз.

Жырға жастайымнан құмар болдым. Үлкен ағаларымның «Әдебиет хрестоматия­сы» кітаптарындағы барлық өлеңін жаттап тауыстым. Жаттағандарымды кешке әкеме айтып беремін. Ол кісі, (Нұрмахан Алматұлы 1900-1975 жж) таспиғын тартып отырып үндемей тыңдайды. Соңында «Балам, жақсы екен» дейді де, қояды. Өлеңнің мазмұны Партия, Ленин, Октябрь, Алтын заң т.б.

Қыс айы. Бір күні әкем:
– Балам, бүгін Олжекеңнің үйіне қонаққа барамыз, – деді. Ол кісі атақты жырау Олжабай Жүргенов болатын.
«Олжабай, Махан, Шәймардан,
Келелі жүйрік бәйге алған.
Шабысына шаң ермес,
Тұлғасы топта байқалған...» деп Ә.Жұматаев жырға қосқан ел аузындағы адам еді. Қуанып кеттім.

Біз келгенде ол кісі кешке қарай қорадағы малына шөп салып тұр екен. Әкемді көріп, айырын қамыс қораға қадап, қолын қарға жуып, беліндегі орамалымен құрғатып, ерекше ықыласпен сәлем берді. Қасындағы әйелі сәлем беріп, үйге кіріп кетті. Олжекең ұзын бойлы, атжақты, қияқ мұртты, қараторы кісі еді. Сол күні кешке, ауыл-үйдің ақсақалдары жиналып Олжекеңді жырлатып үлкен мәжіліс болды.

Жұрт тараған соң әкем оңаша, шәй үстінде:
– Олжеке, біздің Алмасжанның да сөз жаттауға ынтасы бар-ау..., – деді. Ол кісі, қуанғаннан:
– Ойпырмай Қожеке, жас балалардың өлең жаттағаны жақсы ғой. Жақсы ғой!, – деп, қошемет көрсете сөйледі. Одан әрі әкем:
– Олжеке, «Сауабы мол сөзден жаттаса» деген ойым бар. Сізге келген бұйымтайым да сол еді, – деп, жаттап жүрген өлеңдерімді жоққа шығармай, сыпайылап жеткізді.


Олжекең:
– Қожеке-ай, сүбелі де салмақты сөздер бар ғой. Кешегі заманда жанымыздан қорыққаннан көп дүниені өртеп жібердік. Ойымда қалғандарын қағазға түсіріп қойып едім,– деп, іргедегі қобдишаның ішінен 5-6 дәптер алып шықты. Одан соң:
– Қожеке, мен «қисақ» әріппен түсіріп едім деп, әкеме ұсынды. Әкем қолына алып, дәптерді теріс жағынан ашты. Әкеме қарап аң-таңмын. «Әкемді көп біледі деп жүрсем, дәптерді қалай ашуды білмейді». Ол үйдің қыздары да дастархан басында қарап отыр. Ұят болды. Бетім дуылдап кетті. Сәлден соң әкем:
– Олжеке, өзім амалдап берермін, – деп, дәптерді маған ұсынды. Қолыма алған дәптердің бірінші бетін ашқанымда жүрегім дүрс ете қалды. Қара қаламмен маржандай тізілген араб әріптерін бірінші көруім еді. Әкеме қарасам ол кісілер басқа әңгімеге кірісіп кеткен екен. Маған да енді ештеңе керек болмай қалды. Ойым мына жазу не деп жазылды екен? Тез үйге қайтуға асықтым. Сол алты дәптер, әкеміз екеумізге үлкен ермек болды.

Түнгі құптан намазынан кейін әкем жастықтың үстіне қойып оқып отырады. Бірінші жазған сөзім:
«Ер деме, елге зұлым еткендерді,
Бай деме, бейсахауат өткендерді.
Дана ет деп, дәрия заңлас дәріп етпеңдері,
Ізіне сөз тастамай кеткендерді» деген Тұрмағамбеттің сөзі болды. Сонымен алты дәптерді аударып та болдым, жаттап та болдым.


Содан соң барып әкеміз:
– Балам, сөз үш тапқа (тарау) бөлінеді. Олар айтуға болатын, естуге болмайтын сөз. Ол, қандай сөз? Біреуді жаның күйгеннен қарғап, балағаттап жібердің. Біреудің сыртынан өсек айтып, ғайбат сөйледің т.б. Дәл сондай сөз бен істі өзің естігің, көргің келмейді ме? Балам, онда өзге пендеге де сөз азарын беруден аулақ бол! Ол – Ібілістің ойыны. Адамды мұсылмандықтан шығаратын «әзәзіл» азғындаудың белгісі болады.

Екінші естуге болатын, айтуға болмайтын сөз. Ол қандай сөз? «Біреу, біреуді балталап өлтіріпті», «Біреу, біреудің қызын қорлапты» т.б. сөздерді естігенде, бұрынғының үлкендері «Мал құлағы саңырау», оны адам тұрмақ малдың құлағына естіртпеңдер» деп, тыйым салатын. Жамандықты жария еткенің – жаманға көмектескенің. Жаманға көмектескенің, мұсылман баласына Алла бұйыртқан жақсылықтың жолын байлағаныңмен бірдей болады, шырағым.

Үшінші айтуға да, естуге де болатын сөз. Ол – Алладан аманат етілген қасиетті Құран сөзі. Ғұламалар мен даналардың, шайырлардың үлгі-өнеге сөздері. Бұл сөздердің айтқан жанға да, тыңдаған жанға да тигізер сауабы мол болады. «Сауабы мол сөз» дейтініміздің себебі осылай, балам. Сондықтан, жақсы сөз, сыпайы мінез, ықылас, ілтипат, ізет, құрмет, ұят – иманның қабы дейміз. Олжекең, сондай сөздерді сақтаған кісі. Жаңағы қасиеттер ол кісінің бойында толығымен бар. Жақсының жанында болсаң, жамандықтан аулақ жүресің. Онда, алаңдамай сөзін қағазыңа аударып алып, уәделі күні аманатын қолына тапсыр, балам!, – деді...
Әуелі Алла. Осылайша дана кісілер біздің болашағымызға бағдар салып кетті. Бұл сонау 1969 жылғы әңгіме. Ол кісілер айтқан «Айтуға болатын, естуге болмайтын», «Естуге болатын, айтуға болмайтын» және «Айтуға да, естуге де болатын» әңгімелер бүгінгі күні ақпарат құралдарының жейтін наны, ішер сусынына айналды. Асылында адам өтірік айтпайды. Заман өтірік айтады. Адам соның тұтқыны... Сондықтан сауабы мол сөзден тәлім алайық, оқырман.

Алмас АЛМАТОВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері
30 сәуір 2024 ж. 286 0