Өнер ордасында табысқан жарасымды жұп
Жарасымды жұп Нұрбол мен Әлия өнерде де, өмірде де бірге. Құстың қос қанатындай өнерде де, өмірде де жұптарын жазбай жүретін жандар қазіргі кезде кемде-кем. Өнер айдынында қол ұстасып, қанат жайып келе жатқан ерлі-зайыпты сахнада жұбы жарасқан, көпке үлгі болардай өнерлі отбасы. Қос өнер иесін табыстырған – киелі өнер.
Қос ғашық аудандық мәдениет үйінде жұмыс істеп жүрген кездерінде танысқан. Алғашында дос болып араласып, кейіннен махаббатқа ұласып, бүгінде сүп-сүйкімді Айқаракөз және Зере есімді екі қыз тәрбиелеп, бар мейірімі мен махаббатын төгіп отыр. Өмірін өнерімен өрнектеген Нұрбол мен Әлия ауданның мәдениет саласының дамуына айтулы үлесін қосып келеді. Өнер әлемінде өзіндік орнын қалыптастырды десек қателеспейміз. Нұрбол – Түркістан облысы, Кентау елді мекенінің тумасы. Ол осы ауданның тумасы болмаса да, бойына туа біткен талантымен, кісілік қасиетімен, ерекше дарынымен, адамгершілігімен біршама жетістіктерге жетіп, ауданның мәдениет саласына тез сіңісіп, еңбегімен елге сыйлы болып жүрген азамат. Өмірлік серігі Әлия өнерлі де өнегелі, көпке үлгі талантты отбасыдан шыққан өнерпаз. Негізгі мамандығы – күйші. Қиын да қызық өнер жолында абыроймен еңбек етіп келе жатқан қос өнер иесінің бір салада қызмет етудегі қызықшылықтары мен артықшылықтары және отбасылық өмірі туралы өздерінен сұрадық.
– Мен 2013 жылдан бастап аудандық мәдениет үйінде жұмыс істедім. Ал Әлия 2015 жылы оқуын аяқтап, жас маман болып бізге жұмысқа тұрды. Әлия келген уақытта Астана күніне орай іс-шара болып жатқан еді. Сол кезде екеумізді бірден дуэт қылып бірге ән айтқызды. Талай концерттерде бірге жиі ән айтатынбыз. Осылайша біздің таныстық бірге ән айтудан басталды. Уақыт өте келе достығымыз махаббатқа ұласып, 2020 жылы шаңырақ көтердік. Қазіргі таңда Нағи Ілиясов ауылдық мәдениет үйінің директоры қызметін атқарамын. Бөлек кеткенімізбен, бірақ саламыз бір. Мерекелік іс-шара болсын, концерт болсын әрдайым бірге жүреміз, – дейді Нұрбол Тұранов.
Қай кезде де мәдениеттің мәйегі – мәдениет үйі екені хақ. Мәдениет – өмір айнасы, өнер қоймасы. Нұрбол мен Әлияның мәдениет саласындағы еңбектері аудан жұртшылығына етене таныс. Қиын да қызық салада өнері мен өмірін бір арнаға тоғыстырып жүру оңай шаруа емес.
– Басқа отбасыларға қарағанда біздің отбасының артықшылығы – екеуміз де өнер адамы болған соң бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Оның артықшылығынан бөлек қиын тұстары да болатыны өтірік емес. Бұл саланың қиыншылығы мен артықшылығы бізге жақсы таныс болғандықтан, бір-бірімізге түсіністікпен, сыйластықпен қараймыз. Мен гастрольдерге, концерттерге, тойларға жиі кетемін. Әлия қай кезде де түсіністік танытады, – дейді Нұрбол Мұхтарұлы.
Әйел қашанда отбасының берекесі. Әрқашан ерінің тілеуін тілеп, отбасының ұйытқысы болып жүретін әйел қауымы әркез құрметке лайық. «Ерін сыйлаған әйелді ел сыйлайды» демекші, Әлияның өмірлік жарына деген ыстық махаббаты, сыйластығы және отбасы құндылығы туралы айтқан ерекше лебізіне тәнті болдық.
– Ең бірінші ұстанатын қағидам – жарыма деген адалдығым, сенім мен сезімнің тазалығы. Осы қасиетімді Нұрекем әлі күнге дейін бағалайды. Мені әрдайым еркелетіп, мені қолдап, алақанына салып отырады. Өзі сондай сабырлы жан, жолдасыма қарап көп нәрсені үйрендім. Ата-анамның берген қазақы тәрбиесі менің бақытты өмір сүруіме септігін тигізуде. Жарымның алдында таза, адал болуға баулыды. Өнер адамдары үшін бұл қасиет өте қажет дер едім. Әйел адам төзімді, сабырлы бола білуі керек. «Әйел еркелесе – жеңеді, ашуланса – жеңіледі» деген сөз бар. Осы қағиданы ұстаса, отбасы берекеге толы болады. Нұрекем екеуміз махаббаттарын мәңгілік сақтап, бала-шағасын бірге тәрбиелеп өсіре білетін керемет үлгілі отбасы болуды армандадық. Нағыз бақыт − өсіріп отырған қыздарымыз, Алла берсе, ұлдарымыз. Бастысы, қандай қиындық болса да қол ұстасып, шешімін бірге табуға тырысамыз. Біз бір-бірімізді көзімізбен ұғамыз. Махаббатымыздың өзгелерге үлгі болатыны қуантады. Мен Нұрболсыз, Нұрбол менсіз өмір сүре алмайды. Біз құдды бір-біріміз үшін жаралғандаймыз, – дейді Әлия Алматқызы.
Нұрболдай өнерлі ер азамат пен Әлиядай талантты, шығармашыл жанның өмірлік жолы бір арнаға тоғысқаны бекер емес. «Өнегелі отбасы – ел келешегі» демекші, өнегелі де өнерлі шаңырақтың ұйытқысы болып отырған қос өнерпазға әркез шығармашылық табыс тілей отыра, сәні мен салтанаты жарасқан берекелі отбасы болып жүре беріңіздер деген тілегіміз бар. Осындай үлгілі отбасылар қатары көбейсе, еліміздің болашағы өркендейтіні сөзсіз.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ