Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сахна суретінің саңлағы

Сахна суретінің саңлағы

Театр – мәдениеттің қайнаған ортасы, әрбір өнерпаздарды бір отбасындай жақындастыратын шаңырақ. Кез келген қойылымның көрермен көңілінен жол табуы, сәтті шығуы біріншіден, орындаушыға, екіншіден, сахна суретшісіне байланысты екені анық. Бүгінде әрбір сахна кеңістігін қойылымның ауқымына қарай түрлендіріп, қолмен сахна макетін жасап, оның ырғағы мен мәнін арттыратын театр суретшілері. Сондай шығармашыл жанның бірі қылқаламның қуатымен театр сахнасын түрлендірген, өмір жолын өнер саласына арнаған, театр суретшісі – Бақытжан Әлтаев.

Өз ісінің шебері Бақытжан Серікбайұлы 1994 жылы аудан орталығынан шалғайда орналасқан Айдарлы ауылында дүниеге келген. Білімнің қара шаңырағы №139 орта мектептің түлегі. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінен бастап барлық іс-шараға белсене қатысып, үлгілі оқушылардың бірі болды. Бүгінде кәсіби суретші ретінде туып өскен ауылының мәдениет саласының дамуына өз үлесін қосып келе жатқан жас маман.

– Мен ең алғашқы еңбек жолымды 2017 жылдың сәуір айынан бастап Ғафурдин Жанұзақов атындағы ауылдық клуб жанынан құрылған Айдарлы халық театрының суретшісі қызметін атқарып келемін. Театр суретшісі болу үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Әр спектакльдің немесе кез келген қойылымның сәтті шығуы сахна суретшісіне де тікелей байланысты. Сахналанатын қойылыммен танысқаннан кейін сахнаның көрінісі, қай жерге нені орналастыру керек бәрі алдымен көз алдыма келеді. Сахна ашылғаннан кейін көрерменнің қошеметін есту біз үшінде зор қуаныш. Бүгінде клуб үйінің директоры Анар Қалдыбаева, театр режиссері Рахия Абдукаримова, сонымен қатар әріптестерімнің шеберліктерінің арқасында мол тәжірибе жинадым. Қойылым актер, режиссер және суретшінің ортақ жемісі екені мәлім, – дейді бәсі биік маман иесі Бақытжан Әлтаев.

«Жігітке жеті өнерде аз» демекші, майталман маман сахна төрінде түрлі образдарды сомдаған. Атап айтар болсақ балаларға арналған «Алдар көсе, Супертасбақа және Қарадәу» атты ертегіде «Есек» рөлін, Қ.Мұхамеджановтың «Өзіме де сол керек» атты комедиясында «Сардар» рөлін, Қ.Ысқақтың «Қылкөпір» трагикомедиясында «Бизнес шал» рөлін, Иран-Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?» рек­виемінде «Оразбай» образын, М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» трагедиясында «Жапал» рөлін сомда­ған.

– Әр рөлді сомдағанда кейіпкерімді сәтті алып шығуға тырысамын. Актерлық шеберлік бойынша білімім жоқ. Бірақ әркез тыңғылықты дайындалу барысында, көрерменнің ыстық ықыласының арқасында өз-өзімді одан әрі жетілдіруге еңбек етудемін. Бұл жолда Рахия Әлайдарқызының сіңірген еңбегі зор, – дейді жас маман.

Сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі аудандық, облыстық деңгейде өткізілген байқауларда өнер көрсетіп, көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеді.

«Нұрлы Астана» атты көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық іріктеу кезеңінде үздік өнер көрсетсе, «Өнер бір көшкен керуен» атты аудандық жазба ақын­­дар мүшайрасына қатысып, талабы мен талантын танытты. «Байтақ елдің батыры» атты аудандық жаз­ба ақындар мүшайрасына қатысты. «Жастар жылы» аясында өткен аудандық Жайдарман сайы­сы­ның үздік ойыншысы номинациясын иеленді. Сыр­дария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысының алғыс хатымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында марапатталды. 30 тамыз Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай «Тәуелсіздікке тарту» атты халық театр суретші-декораторлардың облыстық байқауында топ жарып, жүлделі ІІ орын алды.

«Өнегелі отбасы – ел келешегі» демекші, Бақытжан Әлтаев пен Ақмарал Бегалы ауылдағы үлгілі отбасылардың бірі. Қазіргі таңда 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған берекелі отбасы. Жас жұбайлар бір ауылдың тумалары. Бір саланың пұшпағын илеп жүрген сала мамандары. Жұбайы Ақмарал «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығының «Бисермен өру», «Кесте» үйірмелерінің жетекшісі қызметін атқарады. Қай кезде де бір-біріне қолдау білдіріп келе жатқан жас отбасының алға қойған мақсаты айқын.

Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА
27 сәуір 2024 ж. 297 0