Көкжөтел асқынса басқа да ауруларға әкелуі мүмкін
Көкжөтел – циклді ағым ұстамасымен білінетін спазмды жөтел, қоздырғышы таяқша тектес бактерия, ауа-тамшылы және байланыс арқылы берілетін инфекциялық ауру.
Инфекцияның көзі – науқас немесе бактерия тасымалдаушы. Бактерия қоршаған ортада төзімсіз. Бактериялар науқастың тыныс алу жолында өсіп-өнеді. Инкубациялық кезеңнің соңы мен спазмды жөтелде ауру қоздырғышты ауаға демі және жөтелгенде түкірік тамшысымен бөлгеннен айналасындағыларға жұқтыруымен қауіпті болады.
Бір рет ауырған қайталап ауырмайды, ағзада өмірлік иммунитет қалыптасады.
Науқаста көкжөтелдің клиникасы 4 кезеңмен өтеді: инкубациялық, катаралды, спазмды жөтел және шешілу кезеңі. Класификациясы бойынша типті және атипті. Өз кезегінде атипті түрі абортивті, жасырын, симптомсыз, транзиторлы бактерия тасымалдаушы болып бөлінеді.
Инкубациялық (аурудың білінбейтін) кезеңі 4-6 (көбінесе 5-8) күннен 3 аптаға дейін созылады. Ауырған адаммен қарым-қатынаста болғаннан кейін бір немесе екі аптадан кейін аурудың клиникасы басталады. Алғашқы кезде суықтаған белгілермен бала жөтеледі, мұрны бітіп ұйқысы қашады, дене қызуы 38,5-39°С-қа дейін көтеріліп, тамаққа тәбеті тартпайды. Бірте-бірте жөтелі күшейеді (әсіресе, түнге қарай), 2-3 аптада жөтел жиі ұстағанда бала булығып қысылады, қызарып-көгеріп, көзінен жас ағып, тілі аузына симай, құсады, кейде кіші дәретін де ұстай алмайды. Жөтел қақырық түскеннен кейін басылады. Бұл кезең 2 аптадан кейде 2 айға созылады, кейде 3 ай немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Көкжөтел, әсіресе, бір жасқа дейінгі емшектегі балалар үшін қауіпті, сондықтан көкжөтелге қарсы екпені мүмкіндігінше ерте жасаған дұрыс. Жөтел ұстамаған аралықта баланың дені сау болып көрінеді. Содан кейін дерттің беті қайтып, тұншықпалы жөтел азая бастайды, бала 2-3 апта жай жөтеліп жүреді де, бірте-бірте аурудан айығады.
ҚР Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балаларға емханаларда 2, 3, 4, 18 айлығында және 6 жаста мезгіл-мезгіл дені сау кезінде көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге қарсы біріктірілген вакцина тегін салынады.
Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы
Фото: gemotest.ru