Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылша ауруы туралы не білеміз?

Қызылша ауруы туралы не білеміз?

Қызылша – вирусты инфекция, яғни инфекциялық жұқпалы ауру. Балалар арасында бұл дерт жиі кездеседі, әрі аса қауіпті инфекция саналады. Қызылша деп аталуының да өз мәні бар. Баланың ыстығы көтеріліп, денесін бөртпе басады. Қызамық пен қызылша аурулары балалар инфекциясы саналғанымен, оның жұғу көрсеткіші аса жоғары. Ауруға қарсы екпе алмаған адамның оны жұқтырып алуы әбден мүмкін.

Қызылшаның алғашқы белгілері аурудың катаральды кезеңінде көрінеді. Бұл кезең ұзаққа созылмайды, тек 3-5 күндей болады. Бұл кезеңде ұйқышылдық пен тез шаршау секілді аурудың алғашқы нақты белгілері пайда болады. Жөтел басталып, мұрыннан су ағуы мүмкін. Дене қызуы да аздап көтерілуі ықтимал. Бұл кезеңде көрінетін негізгі белгі – тістердің түбінде, ауыз қуысында бөртпелер пайда болады. Осы белгі ауруды ерте анықтап, баланы оқшаулауға көмектеседі. Бөртпе кезеңінде баланың денесінде қызылша бөртпесі көрінеді. Бірінші құлақтың артында, шаш өсетін бас терісінде пайда болады. Содан соң бетке, мойынға және кеудеге таралады. Екінші күні бөртпе иықтың, қолдың, арқаның, іштің терісінде көріне бастайды. Үшінші күні саусаққа шығады. Бөртпе кезеңі қызылшаның шегі деп есептеледі. Бұл кезеңде қызба айқын бола түседі, интоксикация мен катаральды белгілер күшейеді. Науқасты тексеру кезінде артериялық гипотензия, тахикардия, бронхит немесе трахеобронхит белгілері анықталады. Бөртпе пайда болғаннан бастап 3-4 күн ішінде науқастың жағдайы жақсарады. Дене қызуы түседі, бөртпе жоғалады. Бөртпенің пигментациясы қалғанымен, уақыт өте келе ол да жоқ боп кетеді. Адам толық жазылғанша ұйқысы келіп, ашу қысып, шаршап жүруі мүмкін. Қызылша вирусы асқынғанда пневмония, энцефалит, серозный менингит ауруларына шалдығу қаупі бар. Сол үшін дер кезінде дәрігерге қаралу қажет. Көбінесе қызылшамен 5 жасқа дейінгі балалар немесе 20 жастан асқандар ауырады. Оларда құлақ қуысы, мойын тұсы ауырады.

Вирус таралмас үшін бөлмені жиі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жасап тұру қажет. Қызылша жұқтырған адамның үйіне, ауру өршіп тұрғанда адам көп жерлерге бармаған жөн. Ауа тамшылары арқылы жұғатындықтан халық көп шоғырланған орындарда маска киіп жүрген дұрыс.

Қызылшаға қарсы негізгі алдын алу шарасы - вакциналау болып табылады. Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес алдын алу екпесі жоспарлы түрде 12-15 айда және қайта егуі (ревакцинация) 6 жаста жүргізіледі.

Екпе тегін жүргізіледі, сондықтан әрбір ата-ана баланың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, қызылшаға қарсы екпе алуға кеңес береміз!


Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы
Фото: ашық дереккөзден
25 сәуір 2024 ж. 179 0