Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 18 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы екпе алды

18 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы екпе алды

Қызылша – жедел жұқпалы ауру. Оның негізгі белгілері адамның қызуы көтеріліп, қызылшаға тән теріде бөртпелер пайда болады. Тіпті адамның көзі қызарып, тыныс алу ағзалары зақымдануы мүмкін. Осыған орай бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мая Мирзанова дертпен күресудің жолдарын айтып, тұрғындарды аурудан сақтануға шақырды.

-Қызылшамен ауырған адам ең алдымен оқшауланып, қоғамдық ортада жүрмеуі керек. Аурудың жасырын кезеңі 9-11 күн, егер иммундалған жағдайда жасырын кезеңі 15-21 күнге созылуы мүмкін. Аурудың алғашқы белгілері: әлсіздік, тәбеттің болмауы, дене қызуының көтерілуі, жөтелдің пайда болуы. Одан кейін жұмсақ және қатқыл таңдайда бөртпелер пайда болады. Егер адам дәл осындай белгілерді өзінен байқаса дереу медициналық көмекке жүгінуі керек. Қызылша ауруының алдын алудың негізгі жолы – екпе алу. Осы арқылы ғана аурудың өршуін тоқтатуға мүмкіндік болады, - деді Мая Миранбайқызы.

Қызылша ауруына шалдыққандардың 80 пайызы бұрын ауруға қарсы екпе алмаған азаматтар. Бүгінгі таңда тиісті контингенттер арасында жаппай иммундау шаралары жүргізілуде. 6 қарашадан бастау алған екпе алу науқанында 18 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы вакцина қабылдады. Иммундау шарасы әлі де жалғасуда.

-Бұл ауру адамнан адамға ауа тамшылары арқылы жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде жұғады. Қызылшамен ауыратын адаммен қысқа уақытта қарым-қатынаста болған жағдайда екпе алмаған адамдардың қызылшаны жұқтыруы әбден мүмкін. Әсіресе 1-4 жас аралығындағы балалар арасында бұл ауру көп кездеседі. Сондықтан балалар арасында қызылшаға қарсы вакцинациялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталмыш ауру пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен өте қауіпті. Қызылша ауруы бастапқы кезеңде суық тию сияқты көрінуі мүмкін, сондықтан дәрігерге уақтылы барған жөн, - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Айта кетейік, жыл басынан бері қызылша ауруының 1 161 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 1017 жағдай анықталды.

@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

06 желтоқсан 2023 ж. 230 0