Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 газет

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жауынгерлік міндетін 100 күн өтеген

Жауынгерлік міндетін 100 күн өтеген

Қалжан ахун ауылының тумасы Рүстем Тасқынбаев Чернобы­льдегі апаттан кейін оны залал­сыз­дан­дыруға қатыс­қан­­­дар­дың бірі. Осыдан 38 жыл бұрын дүниежүзін дүр сілкіндірген апат жайында қан­­шама ақпарат болса, соның әр­қайсысынан тың дерек­ті анық­тау­ға болады. Мә­селен, осы уақыт ара­лығында тарихи оқиғаға қан­ша қазақ­стандық қатысқаны туралы нақты деректің жоқ екені айтылды.

Бірақ ҚР Қарулы күштері Әскери-тарихи музейінде Чернобыль апатына арналған «Чер­нобыльдің тірі қалқаны» атты көрмені ашқан Чер­нобыль ардагері, «Өлі қаланың тірі куәгерлері» атты кітаптың авторы Марат Жүніс-Бек: «Апатты залалсыздандыруға қатысқан қазақстандықтардың ұзын саны 40 мыңға жетуі мүмкін», – дейді. Бұл дерек жайында медицина қызметінің полковнигі, зейнеткер Жақсымбет Көпбаев былай дейді: «Ресей ақпарат құралдарында жазылғандай, апатты залалсыздандыруға 1986-1992 жылдарда қатысқан адамдардың саны 600 мыңнан асқан екен. Олардың ішінде ресми тізімде 31743 қазақстандық тіркелген». Осынша қазақстандықтың арасында Сыр елінен аттанғандардың қатарында тереңөзектіктер де бар. Олардың арасында әскери борышын өтеп келгендер мен енді ғана әскерге алынғандар да болған.

Сырдариялық Чернобыль ардагері Рүстем Сүйеубайұлы 1987 жылы Тереңөзек аудандық әскери комиссариат арқылы Қызылорда қаласынан Украина еліне 75 азаматтың бір күнде аттанғанын айтады.

–Биыл 61 жастамын. Қалжан ахун ауылында туып-өсіп, еңбек еттім. Сегізінші сыныптан соң техникум­да теміржолшының оқуын оқығаныммен, мамандығым бойын­ша жұмыс істемедім. 18 жасымда Отан алдындағы борышымды өтеуге Балқашқа, Приозерскіге құрылыс батальонына аттандым. Әскери міндетімді өтеу кезінде кәсіби мамандық алуыма мүмкіндік алдым. Электрик болдым. Ауылға оралған соң отбасылы болдым, екі балам дүниеге келді. 1987 жылы әскери комиссариаттың шақыртуымен Украина жерінде орын алған апат орнын залалсыздандыруға аттандық. Әлі есімде 1987 жылы 2 тамыз күні пойызбен 4-5 күн жүріп, Украинаның Иванково облысы Хачева селосына келіп түстік. Қызылордадан бірге аттанған жерлестерімнің барлығын бөліп жан-жаққа жіберді, – дейді байырғы жауын­гер Рүстем Тасқынбаев.

Арнаулы іссапар кезінде апат зар­дабын жоюға қатысқан жауынгерлер түрлі міндеттерін атқарған. Кейіпкеріміз атом электр станциясы жарылған Чернобыль қаласынан 12 шақы­рым жерде орналасқан бетон зауытында вахталық әдіспен жұмыс істеген. Электрик мамандығы бойынша 100 күнде 3 вахтаға барып, әскери борышын өтеген. Ірі өндіріс орны зауыт­та кезекші элек­трик болып қыз­мет атқарған азамат «сол кезде­гі жағдайды көз­бен көрудің өзі қорқынышты» дей­ді.

«Радиация көз­ге көрін­бейді, иісі сезіл­­мейді, оның зардабы адам­ның ағ­засына түс­кенде білінеді. Дәрі­гер­лер әрбір вахта сайын радиация мөлшерін тексеріп тұрды. Радиацияның қан­ша­лық­ты зиянды екенін оқушы кезімізден білетінбіз. Радиоактивтік сәуле адамның ағзасына ауа арқылы ешқандай кедергісіз кіре береді. Одан қорғану мен ағзаны тазалаудың ешқандай амалы жоқ. Ең өкініштісі, адам өзінің сәулеленгенін сезбейтінінде. Сәуленің артық мөл­­ше­рі ең алдымен тыныс алу, тері, көз т.б. ауруларға әкеледі. Сон­дықтан жауынгерлерді апат зардабын жою жұмыстарына ұзақ уақыт қалдырмайтын. Бір­қатар қазақ­стан­дық жауынгерлер 1987 жылы 12 қа­ра­шада Қорғаныс Министірінің бұйры­ғымен елге қайтарылды. Бұй­рықта 25 жасқа толмаған және үйленбеген жауынгерлердің қайта­рылуы туралы айтылған еді. Мен де сол тізіммен елге қайтуға мүмкіндік алдым» дейді бүгінде алпысты алқым­даған ел ағасы.

100 күн бойы жауынгерлік міндетін ат­қарған Рүстем Сүйеубайұлы туған елге оралған соң шаруашылықта, әр жылдары мұнай компанияларында еңбек етті. 2000 жылдан бері 3-топ мүгедегі ретінде мемлекеттен жәрдемақы алады. Жыл сайын еліміздегі емдеу орындарына барып, емделеді.

– Әкем Ұлы Отан соғысының арда­гері болды. Анам Файруза – татардың қызы. Куйбышевта авиация зауытында тылда еңбек еткен. Әкеммен жарасымды өмір сүріп, он баланы дүниеге әкелді. Соңымнан ерген қарындасым бар. Әкем 75 жасында 1990 жылы дүние салды. 2001 жылы анам өмірден өтті. Әкемнің берген тәрбиесімен бауырмал, еңбек­қор болдық. Ұл-қыздарымызды өсір­дік. Жұбайым Гүлсіммен екі қыз, бір ұл сүйдік. Немерелеріміз бар. Соңғы екі жыл көлемінде жұмысты қойдым. Есік адындағы бақшаға күтім жасаймын. Азын аулақ малға қараймын. Бізді соғыс ардагерлеріне теңес­тір­ді. Мемлекеттен берілетін түрлі жеңіл­діктер бар. Емделуге жыл са­йын шипажайға жолдама береді. Чернобыльде болған апат ешқашан қайталанбасын. 38 жыл өтсе де, апат орын алған жер әлі жабулы тұр. Жас­тарымыз бейбіт аспан астында өмір сүрсін. Әлемде орын алып жатқан нәубет­тің бетін әрмен қылсын, – дейді ардақты азамат.

Бибісара ЖАНӘЛІ
23 сәуір 2024 ж. 186 0