Отан отбасынан басталады
«Отансыз адам – ормансыз бұлбұл» деп бекер айтылмаса керек-ті. Әрбір отбасы – бір Отан. Менің де шағын мемлекетім бар. Біз отбасымызда үлкендердің ақ батасын алып, қашанда дәстүр сабақтастығын жалғастырып келеміз.
Отбасының бала тәрбиесінде алар орны ерекше екенін айта кетейін. Баланың дұрыс қалыптасуы ананың сүтінен, әженің әлдиінен бастау алады. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дегендей, отбасындағы сәби тәрбиесі де осы тал бесіктен басталатыны белгілі. Бізді де ата-анамыз жақсылыққа бағыттап, тәрбиелеп келеді. Өтірік сөйлемеу, кісінің ала жібін аттамау секілді тәрбиені әкемізден алсақ, анамыз мейірімділікті, бауырмалдылықты, имандылықты бойымызға сіңіріп өсіруде.
Аяулы анам – ұстаз. Халық баласын оқытуда табандылық танытып жүр. Әкем мұнай саласында жұмыс істейді. Екі ағам өмірден өз жолдарын тауып еліне қызмет етіп жүрсе, тәтем екеуіміздің де алға қойған мақсатымыз бар. Ата-әженің тағылымын алып өскен біздің алтын ұямыздан үлкен өмірге қадам басатынымыз анық. Баршамыздың да осы ұядан ұшып шығатынымыз шындық.
Отбасымдағы барлық жанға сый-құрметім шексіз. Рухани құндылықтарға бай, берекелі жанұяның мүшесі болғаныма қуанамын. Себебін айтсам, отбасы мүшелерінің бір-бірі үшін шығар жаны бөлек. Бойымдағы барлық қасиет отбасымнан дарыған. Білім алмас бұрын мықты тәрбиені қалыптастыру керек деп ойлаймын. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп әл-Фараби атамыз айтып кеткен. Әрбір өскелең ұрпақ жақсы қасиеттердің бәрін бойына сіңіріп, болашақты дұрыс болжай алса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ұлттың сақталуы – отбасының бірлігіне, салт-дәстүрдің жылдар бойы қалыптасуына қатысты.
Атамнан басталар,
Әжеммен қосталар,
Отбасым мыналар:
Ең жақын адамдар –
Әкем мен анам бар,
Бір туған ағам бар,
Бір туған апам бар...
Бәрін жақсы көремін,
Еркелеймін, ізінен еремін.
Мағжан БАУЫРЖАНҰЛЫ,
№135 орта мектептің
3 сынып оқушысы
Фото: r-factor.kz