Сырдариялық жеткіншектер қайырымдылық жасады
Қасиетті Рамазан айында қайырымдылық жасауға асыққан қос бауыр редакцияға келді. Ағайынды Инабат пен Дінмұхаммед Сламбек – мектеп оқушысы. Бірі 8 сыныпта, екіншісі 6 сыныпта оқиды. Олар ел аумағында орын алған қайғылы жағдай – су басқан өңірлерде зардап шеккендерге қолында бар жиғанын көмекке беруді ниет етіпті.
Әпкесі Инабат пен інісі Дінмұхаммедтің қолында кәдімгі ақша жинайтын мысықтың мүсіні бар. Оның ішінде соңғы төрт айдан бері жинаған қаржысы және бар. Инабаттың айтуынша, олар велосипед алу үшін ақша жинапты. Бірақ қазіргі елдегі жағдайға байланысты ол қаржыны аз да болса көмек ретінде зардап шеккендерге беруді ұйғарыпты.
– Ораза айында сауапты іс жасауға бел будық. Қолымызда жинап жатқан ақша бізден гөрі үйсіз қалған ағайынға керек. Сондықтан біздің аз да болса жинаған ақшамыз көмек күтушілерге жетсе екен деген тілектеміз, – дейді Инабат.
Осындай ойын жеткізген жас жеткіншектерге біз де бағыт-бағдарымызды беріп, аудандағы Жастар ресурстық орталығына бару керектігін айттық. Аудан жастарына жетекшілік ететін орталық ауыл-аймақта орын алған төтенше жағдай кезінде қамқорлықты қажет ететіндерге көмек көрсетуді қолға алған. Еріктілердің күшімен жиналған қаржы мен азық-түлік, тұрмысқа қажетті тауарлар осы орталықта жиналып, мұқтаж жандарға жөнелтіледі.
– Еліміздің аймақтарында орын алған жағдай ешкімді бей-жай қалдырмағаны анық. Әсіресе бүгін бізге келген қос жеткіншекті көріп, жүрегіміз елжіреді. Ең алдымен ата-анасына, ұстаздарына рақмет. Балаларға жақсы тәрбие беріп, адамгершілік қасиетті бойларына сіңіргені үшін. Ағайынды Инабат пен Дінмұхаммед атына сай азамат болып ер жетсін. Олардың жасаған ісі көпке үлгі, – деді орталықтың директоры Айгүл Ахметова.
Жүректері мейірімге толы балаларға жақсы тәрбие берген әжесі, алтын құрсақты ана Алтын Бекжанова, ата-анасы Асылбек Ахметов пен Ақмарал Сәндібековаға айтар алғысымыз мол. Балалардың қамқорлық, қайырымдылық деп соққан кішкентай жүректерінен айналып, бұл сауапты іс өзгелерге де үлгі болуы тиіс.
Инабат пен Дінмұхаммед – үйінің үлкендері. Олардан басқа 5 жастағы Ақжарқын мен 2 жасар Қасым-Жомарт өсіп келе жатқан отбасында береке-бірлік, адамгершілік секілді ізгі қасиет берік орнағанын аңғару қиын емес.
– Апай, біз 21705 теңге ақша жинаппыз. Бұл қаржы көмек ретінде су тасқынынан қиналған жандарға жіберіледі. Мен әлемде ешқандай жамандық атаулы болмасын және ана мен баланың көз жасы төгілмесін деп армандаймын. Алдағы уақытта әпкеммен бірге тағы да ақша жинайтын боламыз. Велосипедті сол кезде алармын, – деп күлімдеді бала Дінмұхаммед бізге.
Апта басындағы жұмыс күні осындай балалардың ізгі амалдарымен басталғанына қуандық. Әрбір күнімізді осындай сауапты іспен бастасақ, төнген қауіптің беті де қайтары сөзсіз.
Б.ТАҢАТАРҚЫЗЫ