Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындар денсаулығы жіті бақылауда

Тұрғындар денсаулығы жіті бақылауда

Орталық алаңда «7 – сәуір дүниежүзілік денсаулық күні» аясында Сырдария аудандық ауруханасының ұйымдастыруымен «Ашық есік күні» өткізілді. Іс-шара барысында ақ халатты абзал жандар жергілікті тұрғындардың денсаулығын жіті тексеріп, анықталған диагноз бойынша кеңес берді.


«Ашық есік күні» шеңберінде 200-ге жуық аудан тұрғыны денсаулығында кінәраты бар-жоғын анықтады. Кардиолог, эндокринолог, скирининг, психолог, жастар денсаулығы орталығы дәрігерлері халықтың сырқаттық жағдайын саралап, ауруханаға жолдады. Дәрігерге дейінгі қарау бөлмесінің мамандары Экг мен флюро апаратына түсіріп, қан қысымын, көздің қысымы, бой мен салмақты өлшеді. Ағзадағы қант өлшемі жоғары болған жағдайда денсаулыққа күтім керектігі айтылды.


Cырдария аудандық ауруханасы бас дәрігердің бастапқы медициналық санитариялық көмек жөніндегі орынбасары Жанар Жұмабаева айтулы күн бойынша жүзеге асып жатқан «Ашық есік күнінің» маңыздылығына тоқталып өтті.


Жыл сайын дәстүр бойынша «7 – сәуір дүниежүзілік денсаулық күні» аудан көлемінде жоғары деңгейде аталып өтіледі. Мұндай іс-шараның жергілікті халыққа берері мол. «Басы ауырып, балтыры сыздаған» көпшілік дәрігерге тексерілуге келмей жатады. Соның салдарынан адам бойында сырқат белгілері асқынып кетуге деген қауіп жоғары болады. Сала мамандары келушілердің денсаулығына қатысты айтқан уәжін тыңдап, шағымы бойынша сан түрлі жолдама берді. Көпшілік ауырмаудың жолын іздеп, дәрігер бақылауында болуы тиіс. Айта кетейік, ертең медицина саласының ардагерлерінің денсаулығын тексеру мақсатында іс-шара аудандық емханада жалғасын табатын болады, – деді Жанар Әшімқызы.


Орталық алаңға жиналған жұртшылық арасында жастар мен ардагерлер қатары көп. «Чернобль» апатын жоюға қатысқан және «Ауған соғысы» ардагерлері дәрігер кеңесіне жүгінді. Жергілікті жұртшылық тұрғындар үшін жасалған сапалы қызмет үшін дәрігерлерге алғыс айтты.
05 сәуір 2024 ж. 210 0