Ұстазы – талантты, шәкірті – талапты
Кім білімді, 21 ғасыр – соның заманы. Неге десеңіз, қазіргі таңда білімді, талапты оқушыларға көп мүмкіндік қарастырылған. Тіпті мектепте оқып жүріп-ақ жоғарғы оқу орнына грант жеңіп алуға болады. Талабың жетсе, мектеп бітіре салып, шет елден бір-ақ шығу да қиын емес. Бірақ бұның бәрі білімді, қабілетті талап етеді.
Осындай озық ойлы жасөспірімдер білімнің қара шаңырағы атанған №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектепте баршылық. Қабілетті, дарынды оқушылар ұстаздан алған тәлімді қосымша біліммен жетілдіріп, биік шыңдарды бағындырып жүр. 11 сыныптың үздік оқушысы Дәулет те биыл беделді жоғарғы оқу орындарының біріне мемлекеттік грант жеңіп алған. Атап айтқанда, жас түлек мектеп бітірген соң халықаралық Яссауи университетінде білімін жалғастыруына болады. Білімді оқушыны университеттің өзі таңдайды. Биыл алғаш рет ауыл мектептері арасында республикалық олимпиада өтті. Білім сайысына №210 мектеп оқушылары да атсалысты. Өз кезегінде Дәулет Асылбеков тарих пәні бойынша бақ сынап, ІІ орынды иеленген. Ауданның ғана емес, облыстың намысын қорғаған оқушыны білім бәйгесіне қосқан жетекшісі – Айгүл Әбдісұлтанқызы.
– Республикалық олимпиадада Дәулет ІІ орын алды. Десек те бұл бірінші орын есебінде еді. Белгіленген шкала бойынша осылай бекітілді. Бірақ біздің Дәулеттен оза шауып, алдына түскен қарсылас болмады. Дәулеттің пәнге деген қызығушылығын байқап, олимпиадаларға, жарыстара қатыстыра бастадық. Талабы таудай оқушылардың бірі. Жаңаны білгісі келіп, әркез алға ұмтылып тұрады. Көзінде от, жанарында жалын бар, нағыз ел ертеңіне айналар ұрпақ болып өсетініне сенім кәміл, – дейді Дәулеттің ұстазы А.Тәжібаева.
Оспан Әбілпаттаев атын иеленген мектептің бетке ұстары Дәулет Асылбековтің математика мен информатика пәндеріне қызығушылығы басым. Болашақта қазіргі заманда үлкен сұранысқа ие ІТ саласын меңгеріп, білікті маман болуды армандайды.
Мектептің биылғы үздік түлектерінің бірі – Гүлбану. Ол білімділігімен, табандылығымен, өзінің шығармашылық қабілетімен көптен ерекшеленеді. Ұйымдастырушылық, көшбасшылық қабілеті де бар. Гүлбану мектеп қабырғасында жүріп-ақ бірнеше тілді қатар меңгерген. Соның арқасында ағылшын тілі бойынша өтетін сайыстардан еш қиналмайды. Бұған дейін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың аудандық, облыстық кезеңдерінде жүлдегер атанған. Сондай-ақ түрлі ғылыми жобалардан жеткен жетістіктері де өз алдына.
– Гүлбану алға қойған мақсаты жолында еш аянбайды. Соның есесіне жауапкершілігі өте жоғары. Мақсат қойды ма, талпынып, талаптанып, өз бетінше ізденіп те жүреді. Бір айта кетерлігі – орыс және ағылшын тілдерінде ана тіліндегідей еркін сөйлейді. Ол дипломат болуды армандайды. Бала күнінен арманы шет елдерді аралап, сол салада жұмыс істеу. Арманына адал, мақсаты айқын оқушы қазіргі таңда француз тілін де меңгеріп жүр. Бұл мектеп оқушысы үшін айтарлықтай жетістік. Дүниежүзінің тарихын, әлем елдерінің тілін меңгергісі келеді. Осы жолда еңбектеніп, талаптанып жүр, – дейді Гүлбанудың анасы әрі ұстазы Гүлнәра Өмірзақова.
Айта кетейік, Г.Келдібай халықаралық IELTS тест емтиханын тапсырып, ҰБТ-дағы таңдау пәні бойынша ағылшын тілінен шекті балын автоматты түрде алуға мүмкіндік алған. Былайынша IELTS алу екінің біріне бұйыра бермейтінін ескерсек, бұл талабы таудай оқушының үлкен жетістіктерінің бірі деуге негіз бар.
Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де алғыр жастардың қолында екені қашаннан белгілі. Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстыруы орынды. Халқымыздың болашағы – бүгінгі ұрпағы. Ал ұрпақ тәрбиесінде ата-ана мен ұстаздың рөлі басым. Дәулеттей алғыр, Гүлбанудай білімді оқушы мен ұстазының жетістігін көргенде «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», «Ұстаздан шәкірт озар» сынды мәтел сөздер ойға оралып тұрады.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ