Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірнеше грант жеңіп алған талапкер

Бірнеше грант жеңіп алған талапкер

Биыл 11 сыныпта оқитын Асылжан еліміздегі қос бірдей еңселі жоғарғы оқу орнының грантын жеңіп алған. Оның бірі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 50 пайыздық гранты болса, екіншісі – Астанадағы ІТ университетінің толық гранты.

Мектепте оқып жүріп жоғарғы оқу орнының грантын жеңіп алу үшін оқушыдан жан-жақты дарын, талап, терең ой талап етіледі. Асылжан да сондай оқушылардың бірі. Ол жас та болса бірнеше жобада жұмыс жасап, қатарластарынан оза шауып келеді. Бұндай озат оқушылар университетті емес, керісінше, жоғарғы оқу орны осындай дарынды оқушыларды таңдайды. Бұл екінің біріне бұйыра бермейтін жетістік.

Асылжан Абдуллаев кішкентай күнінен тіл үйренуге, жаңаша дүниелер ойлап табуға әуес. Білімін №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы мектепте жетілдіріп жүрген ол – биылғы жас түлек. Асылжан мектеп бағдарламасымен шектеліп қалмайды. Түрлі бағытта ізденіп, соның арқасында бүгінде талай шыңды бағындырып үлгерген. Нақтылай айтсақ, Асылжан – «Kyzylorda Hub» алғашқы Қызылордалық бизнес инкубатор, Қызылорда өңірінің стартап жобалар мен инновациялық технологияларды дамытушы орталығының резиденті. Ол өзінің «Тарихнама» жобасымен көпшілік арасында танылып үлгерген.

– Бұл жобаның мақсаты – Сыр жастарына ғана емес, республика, әлем деңгейінде тарихты насихаттау. Жобада тек Қазақстан тарихы ғана емес, әлем тарихы қамтылады. Себебі, аудиторияның сұранысына орай барлығын қамтуға тырыстық. Қазіргі таңда медиа саласы өте танымал. Адамдар кітап оқуға уақыт таппаса да, ұялы телефон арқылы ақпараттануға әуес. «Заманына қарай адамы» дегендей, «кітап оқылмайды» деп қарап отыруға болмайды. Заман адамы үшін не сұраныста, сол нәрсені жандандыру керек. «Тарихнама» – медиа алаң. Біз жоба аясында әлеуметтік желілерде арнайы парақшалар жүргізіп, халық арасында тарихымызды насихаттаймыз, – дейді дарынды оқушы.

Асылжанның жұмысымен танысу барысында біз де әлеуметтік парақ­шаларға тіркелдік. Расында, жобаның тиімділігін аталған парақшаларға тіркелушілер санынан-ақ аңғаруға болады. Кейіпкеріміздің айтуынша, ТікТок желісіндегі аккаунтқа бір жылдың ішінде екі жүз мыңға жуық тіркелуші тіркеліп, 50 миллионға жуық қаралым жиналған. Бір айта кетерлігі, жоба тек Қазақстанда емес, Орталық Азия, Еуропа, Батыс Еуропа мемлекеттерін қызықтырып, сұраныс артуда. Тіпті Түркия елінен бірлесіп жұмыс жасауға ұсыныс та түскен екен. «Алдағы уақытта халықаралық деңгейде бейнеконтент жасау ойда бар» дейді жас талапкер. Жобаның негізгі мақсаты – қысқа дерек пен фото, видео арқылы көп мағлұмат беру. Ал негізгі дереккөз – тарихи кітаптар мен еңбектер.

Асылжанның бұл бір ғана қыры. «Жігітке жеті өнер де аз» дегенді талапты өренге қарап айтуға негіз бар. Мектеп өмірінен бөлек, қоғамдық іс-шаралар мен түрлі сайыстарда бақ сынап жүрген ол қай бағытта жұмыс жасаса да үлкен жетістікке жетіп келеді. Ол ең алдымен Асылжанның мұқияттылығы мен қай іске де үлкен ынтамен, жауапкершілікпен, тиянақтылықпен кірісетіндігінен. Асылжан Абдуллаев тарих пәнінен түрлі деңгейдегі ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді. Сондай-ақ «Қазақстан балалары – шексіз әлемде» балалар киносы бойынша республикалық фестивалінің облыстық кезең жеңімпазы. Осы тұста айта кету керек. Асылжан «Orda studio» студиясымен бірлесе жұмыс жасап, әлемдік деңгейдегі мультфильмдерді қазақшаға аударады.

Мектептің ғана емес, аудан, облыстың мақтанышына айналып үлгерген дарынды оқушы инновациялық идеялар фестивалінің «Контент және медиа» секциясы бойынша жоба қорғап 300 000 теңге жеңіп алса, «Digital Almaty – 2023» халықаралық цифрлық форумында өзінің «Тарихнама» жобасын таныс­тырып, «Тик Токтың» Батыс Европа «Head of Global Business Solutions» директоры Анастасия Панинамен кездесу мәртебесіне ие болған. Сондай-ақ «Enactus Kazakhstan» студенттер мен оқушылар арасындағы халықаралық жарысында жүлделі II орынды жеңіп алғаны және бар. «ЖасStar» халықаралық фестиваліне қатысып, «Маралсай» демалыс орнына бес күндік демалысқа жолдама ұтып алған жан-жақты талапкер облыстық «Тәуелсіздік ұрпақтары» байқауында «Media» бағыты бойынша жеңімпаз атанып, үш жүз мың теңге сыйақы алған. Жас түлек «Іnnofest Qyzylorda» облыстық инновациялық жобалар фестивалінде де жүлделі орын мен қомақты қаржылай сыйақыға ие болған. Айта кетейік, Асылжан Абдуллаев биыл аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығының ІТ саласы бойынша жеңімпазы атанды. Бұл да үлкен жетістік.

Жан-жақты дарынды жаспен білім ордасы мен ата-анасы ғана емес, түгел аудан, тіпті облыс мақтанады. «Бүгінгі өскелең ұрпақ нағыз білімді, жан-жақты дамыған, бірнеше тілді меңгерген, өз елін сүйетін, ұлтжанды азамат болуы керек». Иә, солай болуы шартты да. Білімді жас, болашаққа қадам бас!


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
23 желтоқсан 2023 ж. 289 0