«Ұлттық құндылық-ұлт болмысы»
Сырдария ауданы бойынша білім бөлімі әдістемелік кабинетінің жоспарына сәйкес №147 орта мектебінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыру және өзара іс тәжірибемен алмасу мақсатында «Ұлттық құндылық-ұлт болмысы» тақырыбында аудандық семинар өткізілді.
Семинарда бастауыш сыныпта «Батырлар – Отанымыздың қорғаны. Билер – даналардың данасы» дүниетану пәнінен ашық сабақ көрсетілсе, «Сұлу қызға үлгі болған мәңгі, Әже – сіздің әр ісіңіз мәнді» тақырыбында танымдық сағат ұйымдастырылды.
Сынып жетекші Полатова Мөлдірдің ұйымдастыруымен өткізілген «Асқарым бар, өте биік «Әке» деген!» тақырыбында өткізілген тренингте отбасындағы бала тәрбиесіне қатысты түрлі ситуациялық жағдайлар талқыланып, әкелер мектебінің мүшелері ұл тәрбиесіне қатысты ой пікірлерімен бөлісті.
Одан әрі семинар жұмысы «Мәңгілік бала бейне» әңгіме желісінен үзінді театрланған қойылымымен жалғасты. Оқушылар кейіпкерлерді шебер сомдап, көрерменнің ықыласына бөленді.
3 секция бойынша ұйымдастырылған семинар барысында «Ұлттық болмыс бойымызда деп есептейді» тақырыбында өткізілген «Қабілет» дебат клубының мүшелерінің жұмысы, «Ұлттық құндылықты қалыптастыруда сынып жетекшінің рөлі» коучингі, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында оқырман аналармен «Әдебиет әлеміндегі Аналар» тақырыбындағы оқу сағаты семинарға қатысушылар тарапынан оң бағаланды.
Семинар соңында мектеп директоры Ғ.Муталов шара қонақтарына алғысын білдіріп, семинардың өз дәрежесінде өтуіне атсалысқан мұғалімдерге аудандық білім бөлімі басшысының "Алғыс хаттары" табысталды.