Біз туберкулезді жеңе аламыз!
Туберкулез – адамның басты инфекциялық жауы. Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күніне орай айлық шеңберінде медицина мамандары аталған дертке қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Өз кезегінде, Сырдария аграрлы-техникалық колледжінде "Туберкулезді жеңе аламыз!" тақырыбында студенттермен кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шарада аудандық аурухананың фтизиатр дәрігері Ләззат Ибраймова, емхана психологы Айнұр Төлепова аталған дертке байланысты маңызды ақпараттармен бөлісті. Кездесу барысында колледж студенттері толғандырған сұрақтарын қойып, үйден дайындап келген "Мен туберкулезге қарсымын" атты суреттерін таныстырды.
– Туберкулез – жұқпалы ауру. Ежелден келе жатқан аса жұқпалы ауруымен күрес бір айда ғана емес, жыл бойы жүргізіледі. Бұл ауру тек қана өкпені ғана емес, сонымен қатар адамның барлық ағзаларын, сүйектерін, бүйрек, ми қабаттарын, теріні зақымдайтынын білген жөн. Ауруды ерте кезде анықтау, дұрыс ем алудың бірден бір жолы жылына бір рет флюротексеруден өту. Ең бастысы санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтап, спортпен шұғылданып, таза ауада көбірек демалуды ұмытпаған жөн, – деді фтизиатр дәрігері Ләззат Ибраймова.
Кездесу соңында Айнұр Төлепова туберкулез аурының алдын алуға қатысты арнайы үнпарақтар таратты.
Асылжан ҚОНЫС,
Сырдария аграрлы-техникалық колледждің студенті