Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік тілдің мәртебесі биік

Мемлекеттік тілдің мәртебесі биік

Елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктету мен қолдану аясын кеңейтуге бағытталған жобалар көп. Бүгінде тіл тазалығын сақтауға байланысты ауданымызда да кешенді іс-шаралар қолға алынып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Өз кезегінде аудан орталығында орналасқан кәсіпкерлік нысандарының жарнамаларын мемлекеттік тілде жазу ережесін бизнес иелеріне түсіндірме жұмысы жүргізілді. Арнайы рейд құрамында халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің әдіскері Әсел Қошпанова, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің әдіскері Әділет Қуанышұлы, полиция аға сержанты Темірхан Үсенов, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының кеңесшісі Дәулет Парзу болды.

Рейд барысында сала мамандары жергі­лікті кәсіпкерлерге мемлекеттік тілдің заңды­лықтарын сақтау талаптарын түсіндіріп, тілге деген құрметті өзімізден бастау керектігін жеткізді. Өз кезегінде қазақ тілінің әдеби нормасынан тыс жазылған және мағынасыз сөздерді басқаша жазу керектігі назарға алынды. Бүгінде шетелдік жарнамаларға әуес кәсіпкерлерге ұдайы негізгі талаптар көрсетіліп, ережедегі маңызды ақпарат кеңінен дәріптелді. Бұл ретте, халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды саралады.

– Негізінен менің ойымша кәсіп иелерінің бойында ұлттық намыстан гөрі жарнаманы ресми тілде берсек, тауарымыз өтімді бола ма деген ескі көзқарас басым. Бұл – алдамшы құбылыс. Қалыптасқан қоғам өміріндегі қасаң қағиданы тереңнен ойланып, жан-жақты шешім қабылдай алуымыз керек. Жалпы ҚР «Тіл туралы» заңы баршамызға ортақ. Қашанда заңды сыйлап, оның талаптарын орындау – әрбір қазақстандық үшін міндет. Біздің ескертпелерімізді тыңдап, заматында орындап немесе уақыт сұрап жатқан кәсіп иелері баршылық. Аталған жұмыс барысы туған тіліміздің тазалығын сақтауға әрқашан қызмет ете бермек. Әрине, жауапкершілікті сезінген жандар ана тілімізге құрметі ерекше екендігін сөзбен емес, іспен дәлелдей білетіні рас. Осы ретте тіл жанашырлары мемлекеттің басты құндылығын кеңінен насихаттауға, биік тұғырдан түсірмеуге белсенді атсалысып келеді. Сан саланың мамандары тілдің тазалығын, оған деген құрмет төмендемеуін басты назарға ала білген. Өз кезегінде ана тіліміздің мәртебесін жоғарылатуға үлес қосып келе жатқан елдің аза­мат­­тарына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Шаһарбек Балтабайұлы.

Бүгінде Тереңөзек кентінде орналасқан кәсіп­керлік нысандарының атауы көпшілікке түсінікті тілде жазылғаны көңілді қуантады. Алдағы уақытта мұндай рейд жұмысы жалғасын табатын болады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

19 наурыз 2024 ж. 141 0